Шет тілі сабағында қарым-қатынастың ауызша формаларын үйретуде жаңа технологияларды қолдану (Дипломдық жұмыс / Дипломная работа)

Кіріспе....................................................................................3-5
1. Коммуникативтік бағытта ауызша қарым-қатынас жасауға үйрету
1.1 Тілдік материалмен жұмыс істеудің үш сатысы..........................6-9
1.2 Сөйлеуге үйретудің бастапқы сатысы.................................9-23
1.3 Сөз, сөз тіркестері, сөйлем мен жоғары фразалық бірлік деңгейіндегі жаттығулар......................24-33
1.4 Қарым-қатынастың монологтық формасына үйрету..................................33-40
1.5 Қарым-қатынастың диалогтық формасына үйрету ....................................40-48
2. Коммуникативті әдіс – сөйлеуге оқытудың құралы
2.1 Шетел тіліне үйретуде ақпараттық технологияны қолдану.......................49-57
2.2 Жобалар әдісі және олардың түрлері ..........................................................57-60
2.3 Шетел тілін оқытуда интерактивті тәсілді қолдану....................................60-65
2.4 Модульдік оқыту технологиясы...................................................................65-68
Қорытынды.......................................................69-70
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...........................................71-72


КІРІСПЕ

Диплом жұмысымды жазуды пайдаланатын әдебиеттер тізімін алып, танысудан бастадым. Диплом жұмысымның  тақырыбы «Шет тілі сабағында қарым-қатынастың ауызша формаларын үйретуде жаңа технологияларды қолдану» болғандықтан мен шетел тіліне оқыту методикасы бойынша әдебиеттер, басылымдар, әдістемелік құралдарды іздестіріп, тауып, тізімін алып, таныстым. Диплом жұмысымды жазу барысында шетел тілін оқыту методикасы бойынша әдебиеттерден басқа, әдістемелік құралдар, атап айтсақ, «Мектептегі шет тілі», Ресейде шығатын «Иностранные языки в школе» басылымдарын пайдаландым.

Диплом жұмысымның тақырыбы «Шет тілі сабағында қарым-қатынастың ауызша формаларын үйретуде жаңа технологияларды қолдану».

Мақсаты: шетел тілін оқыту барысында алдыңғы қатарлы технологияларды және оқу процесін ұйымдастырудың жаңа формаларын нақты оқыту жағдайына сәйкес шығармашылықпен қолдана білу іскерлігін қалыптастыру және дамыту.

Міндеттері:

  • оқушылардың іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арнайы жаңа технологияларды анықтау;
  • шетел тілі сабақтарында коммуникативті компетенттілікті қалыптастыру.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қоғамымыздағы мәдени-экономикалық қарым-қатынастар, әлеуметтік тапсырыс, шетел тіліне оқытудың жаңа жолдарын қарастыруды талап етеді. Шетел тіліне үйретудің басты практикалық мақсаты- коммуникативті компетенттілікті (біліктілікті) қалыптастыру, бүгінгі күні сөзсіз өзекті және маңызды.

         Нәтижелер жаңалығы. Шетел тілі сабағында сөйлеуге үйретуде жаңа технологияларды қолдану, жаңа технологияларды қолдану тиімділігі, ерекшелігі.

         Практикалық маңыздылығы. Жоғары оқу орындарында, орта мектептерде шетел тіліне үйретуде, әсіресе қазақ аудиторияларында оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдалану.

Сөйлеу – көп аспектілі және күрделі құбылыс. Біріншіден, адам өміріндегі қарым-қатынас функциясын атқарады. Екіншіден, сөйлеу – қызмет, іс-әрекет, анығырақ, адам атқаратын қызмет түрінің бірі. Үшіншіден, сөйлеу әрекетінің нәтижесі – сөйлем. Іс-әрекет ретінде де, өнім ретінде де сөйлеудің белгілері бар, олар сөйлеуге үйретуде бағыт береді, сонымен қатар, сөйлеуге үйретуді дамыту үшін қандай шарттар жасалу керектігін анықтауға көмектеседі.

Қарым-қатынас ауызша және жазбаша түрде болады. Бірінші жағдайда, ауызша қарым-қатынас жасау үшін адам сөз әрекетінің екі түрі – сөйлеу және тыңдап түсінуді меңгеру керек. Екінші жағдайда, яғни жазбаша қарым-қатынас жасау үшін адам жазу және тыңдап түсінуді меңгеру керек. Сөйтіп, сөйлеу сөз әрекетінің түрі ретінде қарым-қатынас жасаудың бір құралы болып табылады. Қарым-қатынас негізінде сөйлеу арқылы адамның ойы жеткізіледі. Сондықтан, сөз әрекетінің бір түрі ретінде сөйлеуге үйрету қажет. Сөз әрекетінің түрлері – сөйлеу, жазу, тыңдап түсіну, оқу – қарым-қатынас құралы болады. Сондықтан, мақсатқа жету үшін оның белгілі тәсілі болу керек. Қарым-қатынас ретінде сөйлеуге үйрету тәсілі – коммуникативті тәсіл болып табылады. Қарым-қатынас жасауға үйретпей, сөйлеуге үйрету мүмкін емес, сондықтан, сабақта қарым-қатынас жасау шарттарын жасау керек. Сөйлеуге үйрету процесс кезінде нені өзгерту керек, не жетіспейтінін білу үшін мұғалімнің жалпы қарым-қатынас туралы түсінігі болу керек, «қарым-қатынас», «сөйлеу» және «үйрету» араларындағы байланысты түсіну керек.

Біз не туралы сөйлесеміз (жазамыз, оқимыз)? «Қызық сұрақ! – деп таң қалады, оқушы. – Не болса, сол туралы!» Бірақ бұл солай ма? Міне, мәтін: «Бұл сынып. Бұл біздің сынып. Біздің сынып үлкен және жарық. Бұл жерде төрт терезе бар. Сыныпта он екі парта және бір стол бар». Сіз мынадай мәтінді ана тіліңізде оқып көрдіңіз бе? Мүмкін емес. Ал шет тілінде – кез-келген оқулықты ашыңыз. Сіз кітапты нұсқап, «бұл кітап па?» - деп сұрайсыз ба? Ал шетел тілі сабақтарында бұл әдетке айналған. Егер де сіздің парталас көршіңіз өзіңіз жаңа ғана бірге оқыған мәтінді, мақаланы қайтадан әңгімелеп жатса, сіз тыңдайсыз ба? Ал шетел тілі сабақтарында сіз оқылған мәтіннің мазмұнын қайтадан тыңдауға мәжбүрсіз. Бұл келтірілген мысалдар бұның алдында қойылған сұрақтың текке қойылмағандығын білдіреді. Өкінішке орай, шетел тілі сабақтарында қарым-қатынас (ауызша және жазбаша) мына тақырыптар төңірегінде өтеді: «Жанұя», «Почта», «Кино», «Мамандық» және т.б., сонымен қатар, ситуациялар: «Кассада», «Вокзалда», «Асханада», «Трамвайда» т.б. Ал шын қарым-қатынас жасағанда біз өзімізді толғандыратын проблемалар мен сұрақтарды талдаймыз: «Нағыз дос қандай болу керек?», «Ересектер ылғи да дұрыс айта ма?», «Сәнді әлде әдемі», «Классикалық музыка кімге керек?», «Жақсы адам қандай болады?», «Қалаймын ба әлде қажет пе?» және т.б.

Қарым-қатынастың екі түрі бар: вербальды және вербальды емес. Қарым-қатынастың вербальды түріне сөз әрекетінің түрлері жатады:

  • продуктивті сөз әрекетінің түрлері: сөйлеу және жазу;
  • рецептивті сөз әрекетінің түрлері: тыңдап түсіну және оқу.

Кейде сөйлеу мен жазуды активті, ал тыңдап түсіну мен оқуды пассивті іс-әрекет түріне жатқызады. Бұл ойлар ескірген. Пассивті іс-әрекет жоқ, болуы да мүмкін емес. Іс-әрекет адамның ішкі және сыртқы активтілігі. Пассивтілік – бұл ештеңе істемеу. Атап айтылған сөз әрекетінің түрлерінен басқа кейбір көмекші сөз әрекетінің түрлерін атап айтуға болады – дауыстап оқу, таспаға жазу, аудару және т.б. (Э.П.Шубин). Бұлар екінші кезекте екені түсінікті: сөйлеу мен тыңдап түсінуді меңгермей ауызша аудару жасау мүмкін емес.

Вербальды емес қарым-қатынас құралдарына мыналар жатады:

  • паралингвистикалық (интонация, пауза, дикция, темп, ритмика, тон);
  • экстралингвистикалық (күлкі, жылау, әр-түрлі айқайлар, есікті қаққандағы дыбыс және т.б.);
  • мимика;
  • дене қозғалысы, қашықтық және т.б.

Ғалымдардың ойынша, егер де біз вербальды емес қарым-қатынас құралдарын ескермесек, онда «коммуникативті» процесс толық болмайды. Олар: 

  • сөйлесу кезінде маңызды сөздерді білдіреді;
  • кейбір сөздер мен сөйлемдердің орнын толықтырады және т.б.

Бұның барлығы мұғалімге не үшін қажет? Вербальды емес қарым-қатынас құралын қолдану арқылы мұғалім:

  • жағымды қарым-қатынас, контакт қалыптастырады;
  • оқушылардың активті жұмыс істеуіне әсерін тигізеді;
  • тілдік материалды есте сақтауға септігін тигізеді.

Мұғалім сабақ жоспарын жасау кезінде вербальды емес әрекетін де есепке алу керек.

Сөйлеу – бұл іс-әрекеттің бір түрі, сондықтан, оның белгілері бар, бірақ сөйлеу сөз әрекетінің түрі, оның өзіне тән белгілері бар.

  1. Мотивация – түрткі, себеп. Әдетте адам белгілі-бір себеп болғандықтан сөйлейді. Себеп қарым-қатынаспен тығыз байланысты. Сондықтан шетел тіліне оқыту әдістемесінде коммуникативті себеп, түрткі туралы сөз болады. Себеп, түрткі қажеттіліктен туындайды: - қарым-қатынас жасауға деген қажеттілік;  - белгілі-бір ситуацияға «қатысуға» деген қажеттілік.  Бұл екі түр, яғни коммуникативті мотивацияның екі түрі бір-бірімен  тығыз байланысты. Бірінші түрін, жалпы коммуникативті мотивация; екінші түрін, ситуативті мотивация деп атауға болады. Ситуативті мотивация оқушының қарым-қатынас жасауға қажеттілігін туғызады.
  2. Активтілік. Сөйлеу – активті құбылыс. Бұл құбылыс арқылы адам көрінеді (ішкі активтілік). Бұл жерде мәселе тыңдап түсіндіруде емес, сонымен қатар, оның реакциясында. Активтілік қарым-қатынас кезінде қойылған мақсатқа жету үшін үнмен әсер етеді.
  3. Мақсаттылық. Сөйлеу мақсатқа негізделген. Мақсатсыз айтылған сөйлемдер сөйлеу болып табылмайды, бұл тек қана дыбыстап айту. Сөйлеуші өзінің ойын жеткізу арқылы бір мақсатты көздейді: көрінісінің (собеседник) көзін жеткізу немесе керісінше, оны ашуландыру немесе әсер ету, оның ойын қолдау немесе күлу және т.б. Мұндай мақсаттарды коммуникативті тапсырма деп атайды. Әр коммуникативті тапсырманың ортақ мақсаты болады. Бұл мақсат – бір адам екінші адамға, оның көзқарасын өзгерту үшін әсер етеді. Сөйлеу прагматикалық болу керек. Мақсаттылық – сөйлеуге үйретуде коммуникативті тапсырманың болуын талап етеді.
  4. Продуктивтік. Сөйлеу продуктивті, бұл процесс кезінде жаңа өнімнің пайда болуымен анықталады.

Іздеу