Қоршаған орта пәнін оқыту әдістемесі (Дәріс / Лекция)

Дәріс тақырыбы: Дүниетану пәнінің әдістемесі-педагогикалық ғылым
Жоспары:
1. Дүниетану әдістемесі- педагогикалық ғылым.
2. Пәннің мазмұны мен мақсаты.

Жоғарғы оқу орындарында оқылатын "Дүниетануды оқытудың теориясы мен әдістемесі" пәні педагогикалық ғылымдар сапасына жатады. Себебі, бұл пән болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін оқушыларға өздерін қоршаған ортадан білім беруге дайындайтын болғандықтан, олардың психологиялық, жеке бастық ерекшеліктеріне сүйене отырып, білім берудің тиімді әдіс тәсілдерін меңгертуге арналады. Бұл пән өз мазмұнында бастауьш сыныпта жаратылыстануды оқытуға байланысты зерттеулер және оның даму тарихын, бастауыштағы дүниетану пәнінің бағдарламасын, оқулығын олардың құрылымын, мазмұнын, білім берудің формасы мен әдістерін толығымен талдайды. Қазіргі таңдағы жүргізіліп отырған зерттеулер жүйесімен, олардың тиімді тұстарын пайдалану мәселелерін қамтиды. Әдістемелік пәндерге тән жағдай міндетті түрде дидактикалық принциптермен байланысты қаралады және сол принциптерге сүйенеді. Болашақ мұғалімдергс балалардың жаңа білімді меңгеру заңдылықтарын, берілетін білімнің сыныптар аралық байланысын, алған білімді жаңа жағдаяттарда қолдану шеберліктерін шыңдауы осы пәнді оқу арқылы жүзеге асады.

Дәріс тақырыбы: «Дүниетану» оқулықтарының теориялық негізі
Жоспары:
1. Дүниетану пәніне арналған оқулықтар мазмұнының ерекшеліктері.
2. Оқулықтың әдістемелік бөлімі.
3. Оқулықтың тілі мен көркемдігіне қойылатын талаптар.

Дүниетану оқу пәні. Әр пәнге арналған оқулық мазмұнының өзіндік ерекшелігі болатындығы сияқты, бастауыш сыныптарға арналған «дүниетану» оқулығының да өзіндік ерекшелігі бар.
- оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты тақырыптар мазмұнын ашатын материалдар көлемінің шағын, ықшам болуы;
- тақырып мазмұнының ғылымилылығы, эстетикалық, этикалық жақтарының ұстамдылықтары ;
- оқулық тұжырымдары, нақтылығы, айқындығы, түсініктілігі әсерлігі бенелілігі;
- берілген мазмұн оқушылардың ойын, тілін дамытуға, олардың сабақ барысында өздігінен жұмыс орындауына, әрекетіне түрткі туғызуына сай болуы;
- қоршаған ортадан берілетін білімнің нақтылығымен ғылымилығы;
- берілген білім мазмұнының басқа пәндермен байланысы;
- берілетін білім мазмұнының көлемінінің дүниенің біртұтастығын түсінуге жағдай жасайтындай болуы керек.

Дәріс тақырыбы: "Дүниетану" пәнінде оқу материалдарын іріктеу принциптері
Жоспары:
1. Оқулық материалдарына қойылатын талаптар.
2. Материалдарды берудегі жүйеліліктер түрлері.

Оқулық мазмұны оқу материалының жүйелі берілуімен тікелей байланысты. Оқулыққа енген оқу материалдарының жүйесіне сәйкес білім беру жүйесі жүзеге асады. Оқыту - оқушыларды дамытудың негізі. Білім берудің жүйелілігі, мазмұнның пән мақсатына сәйкестігі, оның өмірмен байланыстылығы оқушыларды дамыта оқыту мақсатын жүзеге асырудың кепілі. Оқулық материалдарының сыныптан сыныпқа қарай күрделенуі, мазмұн сабақтастығы және оқу әрекеттерін ұйымдастыруға қолайлылығы оқулық жүйесіне қойылатын басты талап. Оқулық қандай жүйемен берілсе де, оның жазу тілі автордың үлесіне тиеді. Осыны ескерген авторлар әр уақытта оқулық тілінің ғылыми баяндалуын, түсінікті жазылуын қадағалауға тиіс.

Дәріс тақырыбы: Революцияға дейінгі және советтік дәуірде бастауыш сыныптарда жаратылыстанудың даму бағыттары мен оқытылуы
Жоспары:
1. Қазақ мектептеріндегі революцияға дейінгі қоршаған дүние туралы білім берудің жайы.
2. Революцияға дейінгі орыс ғалымдарының оқушыларға қошаған ортадан білім беруге арналған еңбектері.
3. Қазақ мектептерінде жаратылыстану пәндерінің оқытыла бастауы.

Революцияға дейінгі қазақ мектептеріне арналған арнайы оқулықтар мен оқу құралдарының жоқтығы айқын. Бірақ осыған қарап революцияға дейінгі қазақ балаларының өздерін қоршаған дүниеден ешбір қабары, яғни ұғымы мен түсінігі болмады деп айта алмаймыз. Себебі, көшіп жүрген қазақ халқының балаларына қай жерде не барын, қандай белгіге қарап тұсты анықтауға болатынын білу қандай керек болса, сонымен қатар мал бағуға байланысты, қай тұста су барын, шөптің құнарлысы қандай жерде өсетінін, пайдалы және зиянды жәндіктерді білу сондай керек болады. Бұл жағдай олардың үлкендер тәжірибесінен үйренуін және байқағыш, бақылағыш, естігіш болуын талап етті. Осыған байланысты қазақтың белгілі педагогі Әміржан Сыдықовтың пікірі бойынша кең далада еркін өскен қазақ баласының ерте жастан бастап, құлағы сақ, көзі жіті, сезімтал болып өсті дейтіні өте орынды.

Дәріс тақырыбы: Бастауыш сыныпта дүниетануды оқыту әдістері
Жоспары:
1.Оқыту әдістемесі - педагогикалық пән
2.Оқыту әдістемесінің даму кезеңдері
3.Бастауыш сыныптарды оқыту әдістерімен шұғылданған авторлар және олардың еңбектері

Әдіс - бұл білім берудің ең басты құралы. Қалай оқытсақ оқушыларға білімді тиянақты тартымды, нәтижелі етіп беруге болады деген сұраққа жауап іздесек - әдіске келіп тірелеміз. Әдіс арқылы ғана жоспарланған мақсаттың орындалуы мен соңғы нәтиженің арасындағы байланысты жүзеге асыруға болады. Әдіс арқылы ғана педагогтың алдына қойған мақсатына жету жолындағы жұмысы реттеледі.
Қолданылатын әдісті анықтап алмай, мазмұнның ашылуы, мақсатқа жету және жұмыс түрінің ұйымдастырылуы мүмкін емес. Дүниетану пәнінде қолданылатын әрбір әдістің мазмұнын аша түсетін оның құрылымына енетін тәсілдер жүйесінің болуы. Оқыту әдістерін сөз еткенде алдымен оның дидактикалық негізіне тоқталуға тиіспіз. Қандай әдісті қолдансақ та олардың бәріне ортақ талап - білім беруге қойылатын педагогикалық заңдылықтармен принциптерден асып кетпеу.

Дәріс тақырыбы: Бақылау әдісі.
Жоспары:
1. Бақылау әдісі туралы жалпы ұғым
2. Бақылау әдісінің түрлері.
3. Бақылау әдісін қолданудың тиімділігі.
4. Бақылауға қойылатын талаптар.

Дүниетанудан білім беру барысында қолданылатын әдістердің ерекше бір түрі – бақылау. « В психологическом отношении метод наблюдения отличается от других методов весьма своеобразными чертами». Бақылау әдістерінің (табиғатты, көрнекіліктер бойынша, үлескідегі, табиғат бұрышындағы т.б.) бәріне ортақ белгі – нақты заттар мен құбылыстарды, олардың бейнесін, пішінін т.б. көріністерін сезімдік қабылдауға жағдай жасалуында; көз алдындағы бейнеге, көрініске көңіл аудару, түсіне, иісіне, құрылысына, жалпы қандай қасиеті байқауға ыңғайлы болса, сол ерекшеліктерінің бәріне де бала зейінінің ауы, оны сезінуі, сол арқылы мида елестің пайда болуы. Мидағы елес пен ой жұмысының нәтижесінде ұғым қалыптасады. «Наблюдение вовлекает в работу «целостную личность» учащегося: используются способности ощущений, восприятия, наглядного мышления, речи» \106, б- 39\. Бақылаудың білімдік деңгейі жоғары. Бақылап, сезініп қабылдау арқылы абстрактілі ойға көшу мүмкіндігі туады. Оқушылар әр заттың, құбылыстың басқа заттар мен құбылыстардан айырмасын, ұқсастығын, не солардың өздеріне ғана тән ерекшелігін бақылау нәтижесін де айыра алады.

Дәріс тақырыбы: Зерттеу әдісі.
Жоспары:
1. Зерттеу әдісі туралы жалпы түсінік.
2. Зерттеу әдісі оқушылардың шығармашылығын арттырудың көзі.
3. Зерттеу әдісінің кезеңдері.

Бастауыш сынып оқушыларына білім беруді шығармашылық деңгейіне көтеру – оқыту барысында зерттеу әдістерін (тәжірибе, эксперимент) жиі қолдануды талап етеді. Зерттеу әдістерінің ортақ белгісі – ізденушілік, оқушылардың меңгеретін білімге өздігінен атқаратын жұмыстарының нәтижесінде жетуі.
Зерттеу әдістерін қолданғанда үнемі оқушылардың ой әрекетінің дамуы, жасаған тәжірибелері мен жүргізген экспериментері бойынша күрделі ситуациялар шешу басым болады. Оқушы тәжірибе арқылы белгілі заттың немесе құбылыстың қасиетін түсініп, оның ғылымға деген сенімі қалыптасады. Ол топпен бірег тәжірибе жасау барысында ұжымдық әрекет тәсілдерін меңгеріп, даму мүмкіндіктерін арттыратын жағдайға ие болады.

Дәріс тақырыбы: Көрнекілік әдіс.
Жоспары:
1. Дүниетану пәнінің мазмұнына байланысты көрнекілік құралдар дайындау.
2. Техникалық көрнекіліктердің түрлері және оны қолданудың ерекшеліктері.

Қай пәнді оқытуда да көрнекілік әдісі қолданылмай оқу – тәрбие мәселесі асуы мүмкін емес. Дүниетануы оқытудағы көрнеілік әдісі нақты заттарды, құбылыстарды не оларды бейнелейтін мазмұнды суреттер мен техникалық құралдарды пайдалану арқылы жүзеге асады.
Көрнекілік әдісін жүзеге асыруда қолданылатын құралдар да, көрнекілік түрлері де (бейнелі көрнекіліктер: түрлі суреттер, мазмұнды картиналар; сызба көрнекіліктері: географиялық картаның; жиынтықтар: өсімдік және бунақденелілер, пайдалы қазбалар жиынтығы; табиғи көрнекіліктер;т ехникалық; өнер көрнекіліктері; әдеби кітаптар, музыка т.б.) оны қолдану тәсілдері де (көрсету, тапсырмалар орындату, түрлі жағдаяттар құру т.б.) сан – алуан. Көрнекілік әдісін қандай құралмен, қандай тәсілмен жүзеге асырса да оқушының өздігінен жұмыс атқаруына,ой қорытуына жағдай жасау міндеті бірінші қатарда тұрады. Көрнекілік әдісінің маңыздылығы- ұғымды меңгерудің сенсорлық, сезімдік жағы басым болуында. Көрнекілік негізінде талдау, заттың ерекшеліктерін жіктеу арқылы оқушылардың ойы мен тілі дамиды. Көрнекілік әдісінің тәсілдері пайдаланатын көрнекіліктің түріне қарай өзгеріп отырады. Мәселен, өсімдіктер мен пайдалы қазбалардың жиынтығын пайдалану барысындағы оқушылардың атқаратын өзіндік жұмысы мен өнер көрнекіліктерін пайдаланудағы әрекеттері бірдей бола алмайды.

Дәріс тақырыбы: Ойын әдісі
Жоспары:
1. Ойын әдісі туралы жалпы түсінік.
2. Ойынның түрлері.
3. Қоршаған ортадан білім беруде қолданылатын ойындар.

Дүниетанудан білім беру кезінде ойын түрлерін пайдаланып сабақ ұйымдастыру мұғалімнің шеберлігін керек етеді. Ойын бұл балалардың көңіл-күйін көтеруге бағытталған әрекет деп қарауға болмайды. Ойын кезінде оқушылар мәселені бірлесе отырып шешеді, бір-бірімен тығыз қарым-қатысқа түседіі және ойын әрекеті біртіндеп оқу әрекетіне ауысады. Ойынды сабақ барысында қолдану арқылы оқушылардың белсенділігі, қызығушылығын, ізденушілігін арттыруға мүмкіндік туады. Оқу ойыны басқа ойыннан өзінің алдына қоятын педагогикалық мақсатымен айқындалады. Дүние тану пәнін оқыту барысында оқушыларды қызықтыратын ойын түрлерін пайдаланумен қатар, оның теке қызықты жағына ғана көңіл аударып қоймай, ойынның білім, жаңа ұғым беруге итермелейтін, жетелейтін жағына көңіл аударуға тиістіміз. Мәселен, ойын, жұмбақтар, шарадалар, викториналар, шытырмандар сияқты түрлерін пайдалануға болады.

Дәріс тақырыбы: Оқытудың интерактивтік әдістері
Жоспары:
1. Интерактивтік әдістер туралы жалпы түсінік.
2. Интерактивтік әдістердің түрлері.

Интерактивтік деген термин соңғы кезде жиі қолданылып жүр. Бұл оқушылардың белсенділігінің артуына ықпал ететін әдістер мен тәсілдердің жиынтығы деп қараймыз. Кеңірек айтсақ, сабақ барысында оқушылардың өз арасындағы және оқытушы мен оқулар арасындағы және оқытушы мен оқулар арасындағы кез-келген мәселенің шешу жолын және бұл шешімнің қаншалықты дәрежеде тиімді екенін талқылау түрінде жүргізілетін жоғары деңгейде етілетін өзара әрекеттестікпен өтетін оқытуды интерактивтік деп атай аламыз. Мұндайда қойылған проблеманың жауабынан гөрі, оны шешу процесіндегі әрекеттің маңызды екенін түсіну керек. Интерактивтік әдістің мақсаты тек ақпарат беру ғана емес, оқушылардың өздігінен жауап іздеу дағдыларын қалыптастыру. Интерактивтік әдіс өзара әрекеттестіктің алуан түрлері мен міндеттерін қамтиды. Бірақ, қандай әдістер мен тәсілдер қолданылса да, оқушының өмір тәжірибесі мен бұрын меңгерген ұғымдаы негізгі білім көзі болып табылады. Ол әрекет мына төмендегі қарым-қатынаста байқалады:
1. оқытушымен- оқушының арасындағы қарым-қатынас;
2. сабаққа қатысып отырған өзге адамдармен арадағы қарым-қатынас;
3. басқа оқушылармен қарым-қатынас;
4. шағын топтармен арадағы қарым-қатынас;
5. үлкен топтармен арадағы қарым-қатынас;
6. оқушылар және жұртшылық топтарымен қарым-қатынас;
7. техника түрлерімен жұмыс істей білу дағдылары;

Дәріс тақырыбы: Дүниетану пәнін оқытуды ұйымдастыру формалары мен әдістері
Жоспар
1. Дүниетану сабақтарының негізгі типтері.
2. Заттық сабақтар.
3. Экскурсия сабақтары.
4. Үй тапсырмалары.
5. Пысықтау және білім тексеру.

Бастауыш мектеп оқушыларын оңыту және тәрбиелеу әр түрлі ұйымдастыру формаларында өтеді. Оқу жұмысының әрбір формасы мүғалім мен оқушылардың іс-әрекетінің сипатына, оқушылар құрамына, оларды сабақ кезінде ұйымдастыруға, сонымен бірге оқу уақытының режиміне байланысты.

Дәріс тақырыбы: Дүниетанудан білім берудің бір түрі – үлескідегі сарамандық сабақ.
Жоспары:
1. Үлескідегі сабақтың педогогикалық және психологиялық тұстары.
2. Үлескідегі сабақ түрлері.
3. Оқушыларға нақты обьектілер туралы түсінік беруде үлескідегі сабақтың маңызы.
Әдістемелік құралдарда үлескідегі сабақты ұйымдастырудың әдіс- тәсілдеріне көп тоқталмай, мұндағы істелетін жұмыс түрлері ғана сөз болады. Ал дүниетануды оқыту мәселесімен, оның ішінде табиғатты оқытудың әдістемесімен айналысқан В.М.Пакулова, В.И Кузнецовалардың еңбектерінде бұл жұмыс түрі мүлде аталмайды. Сол сияқты В.П. Горощенко, В.С. Никитина және басқалардың еңбектерінде «үлескідегі еңбек» деп аты аталып қана өтеді де, талдау берілмейді. В.А.Крутецкийдің пікірі бойынша «... ақыл- ой дамуы санада не бейнеленсе, соның негізінде ...» болмақ.

Дәріс тақырыбы: Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар – білім берудің бір түрі
Жоспары:
1. Сыныптан тыс жұмыстар туралы жалпы түсінік.
2. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері.
3. Қоршаған дүниемен таныстыруда сыныптан тыс жұмыстардың тиімділігі.

«Қоршаған дүние» пәнінің мазмұны тек табиғатты ғана қамтып қоймайды, ол үнемі адам мен табиғаттың , қоғамның байланыстыра оқытылуы арқылы жүзеге асады. Сондықтан да білім берудің түрлеріне тоқтағанда осы сабақтас үш бөлімді қамту жағы қарастырылады. Тірі табиғатпен өлі табиғаттың бір - бірімен тығыз байланысты дамитындығын , осы тұтастық туралы берілетін ұғымды 1-сыныптан бастап табиғат бұрышында жүзеге асыру мүмкіндігі мол. Бірақ, өкінішке орай, жоғарыда келтірген әдістемелік еңбектерде табиғат бұрышында берілетін білім тек сынып-сабақ кезінде қолданылатын деректер жинаудың көзі ретінде қарастырылады.

Дәріс тақырыбы: Шағын кешенді мектептерде дүниетануды оқыту
Жоспары:
1. Шағын кешенді мектептерде дүниетануды оқытудың ерекшеліктері.
2. Өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру ерекшеліктері.

Қазіргі таңда ҚР көптеген бастауыш мектептері аз комплектілі жағдайда білім беруде. Бұл өзінше ерекшелігі бар педагогикалық процесс. Аз комплектілі немесе шағын жинақталған мектеп деп, бір мұғалім екі не үш сыныппен бір мезгілде жұмыс істейтін мектептерді айтады. Мұндай жағдайда әр сынып бірнеше оқушы қатар отырып, бір сыныптың ішінде сабақ оқиды. Әрине бұл халқы сирек орналасқан ауылшаруашылықты жерлерде кездеседі. Психологиялық тұрғыдан алғанда бастауыш сынып балаларын отбасынан бөліп интернаттарда оқытудан гөрі осылайша біріккен мектептерде оқытқан жөн. Дегенмен, мұндай жағдайда білім берудің ең қолайлы жолдарын қарастыруға тура келеді.

Іздеу