Ғ.Мұстафиннің әдеби мұрасы (Дәріс / Лекция)

1 Дәріс тақырыбы: Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы
Жоспар
1. Шығармашылық ғұмырбаянын
2. Ғабиден Мұстафиннің қаламгерлік қалыптасу жолы

Жазушының қалыптасу, қалам ұстауының басы жайлы айтқан естелігінде сол кезеңнің әдеби-саяси ахуалы, әдебиет шаруасы төңірегінде мейлінше өрістеген пікірталас, қызу айтыстардың ықпалды күші, эстетикалық мұраттарға қарай бастаған талап-талғам бағыты, оның мәні жайлы ауқымды, әлеуметтік, тарихи, көркемдік, негізді тоқтам бар.
Ауыл молдасынан, сонан соң бір-екі жыл орыс оқуын аз-мұз оқыған Ғабиден білім іздеп сол кездегі ел астанасы Қызылордаға келеді. Оқудың жайы болмай, жұмысқа тұрады. Газет оқып, газетке қысқа хабарлар жаза бастайды. Жазуға қызығып, басылым көріп жатқан көркем шығармаларға еліктеп өзі де әңгіме жазып көреді.

2 Дәріс тақырыбы: Прозалық туындылары
Жоспар
1.Қаламгердің алғашқы прозалық туындылары
2.Шығармаларының тақырыптық арналары

ХХ ғасырдың күрделі өмір шындығын қазақ халқының тұтас бір дәуірдегі арман-мұраты, тағдыр-талайы арқылы көркемдік өрісте, кең ауқымда ашу бақыты бұйырған сирек дарынның бірі–жазушы Ғабиден Мұстафин. «Әдебиетке кештеу араласып, ертерек саябырладым» деген екен қаламгер бір әңгімесінде. Ол – қазақ әдебиетіне ғұмырын тұтас бағыштаған адам. Өндіре жазуға есейе келіп араласқанымен, Ғабиден Мұстафин өз уақытының барша көкейкесті күйін көркемдік қалыпта көрсету жолында аса елеулі табысқа жетті.
Қазақ даласына ХХ ғасыр ала келген дүбірлі дәуірдің кезең-кезең асулары болғаны–тарих шындығы. Ғабиден Мұстафин ғасыр басындағы 16 жыл дүрбелеңін, өзі өмірден озғанға шейінгі ел басынан өткен қадау-қадау құбылыстарды көркем шығарма арқауына айналдыру бағытында қаламгерлік тәсіл-машық, жазу мәнерін қалыптастырып шыңдады. Жазушылық мұрат, азаматтық ұстанымын ұштады.

3 Дәріс тақырыбы: Ғ.Мұстафиннің романдары
1 «Шығанақ» романындағы өмірлік негіз
2 Ғ.Мұстафиннің «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін» романдарының құрылымдық ерекшелігі
3.Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін», «Көз көрген» романдарының кесек шығармашылық мәні
4 Қаламгердің қазақ романшылығына қосқан үлесі.

Алғашқы әңгімелерінен кейін жазушылық сапар біраз аялдап қалған, Ғабиден Мұстафин Қарағанды жағында біраз жыл қара жұмыс істейді.
1933 жылы «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты хатшысы болып, сонан көп ұзамай Новосибирь қаласында қазақ тілінде шығатын «Қызыл ту» газетіне ауысуы журналистік жұмыс жазуға икемі бар Ғабиденнің төселе түсуіне септігін тигізді.
1938 жылы Алматыға келген Ғабиден Мұстафин «Өмір не өлім» [2] атты роман жазады. Бірнеше шағын пьеса, әңгімелер туады. Ғабиден Мұстафин шығармашылығының елеулі бір туындысы «Шығанақ» [3] романы 1945 жылы шығады. 1948 жылы Қазақстандағы колхоз құрылысы арқау болған «Миллионер» [4] жазылды. «Қарағанды» романы 1952 жылы [5], 1959 жылы «Дауылдан кейін» [6], 1963 жылы «Көз көрген» [7] шықты.

4 Дәріс тақырыбы: Жазушының қаламгерлік шеберлігі
Жоспар
1 Жазушының тіл шеберлігі
2 Кейіпкер мінез қырларын ашу шеберлігі
3 Көркем бейне жасау шеберлігі

Ғабиден Мұстафиннің 1927 жылы жазылған «Еңбек бірлігі» атты әңгімесі авторлық баяндаудан басталады. Мысықбектің тұрмыс-тіршілігі, қара сиырының бұзаулауы мен әйелі Күләйдің бала табуы, кішкентай шым үйі, шым үйдің қоян жарғақ күңгірт терезелері, қорада тұрған қара шолағы әңгімеленеді.
Мұстафиннің осы алғашқы әңгімелерінің өзінде қаламы ширақ. Баяндауына тұрмыс күйі, көңіл күйдің көп жайын қамтып, суретпен, бейнемен әңгімелейді. «Ә» деп бастағанда, сол дәуірдегі жұртын ұйытқан, қазіргі кезеңде де бей-жай қалдыра алмайтын қара сөздің классигі Бейімбеттің жеңіл, жинақы, ширақ, жанды, шынайы жазу мәнерінің ықпалы да сезіліп тұр. Қазақы қара әңгімеге болмыстың бар сәтін, әрекет, қозғалыс, тебіреніс, толғанысты тұтас тартып желдірте жетектеп, ой қозғап, от беріп отырып жазу үлгісі.
«Мысықбектің Күләйі мен қара сиырының төлі бірдей. Күләй он бала тапқанда, қара сиыр он бұзаулады. Бірақ, бірінің баласы, бірінің бұзауы құтаймады...

5 Дәріс тақырыбы: Жазушы стилі
Жоспар
1 Жазушының дара жазу машығы
2 Баяндау тәсілдері
3 Жазушының көркемдік әлемі

Ғабиден Мұстафин тілінде кездесетін өзіндік, оқшау, оралымды тіркестер де осы әңгімеде ана тұс, мына тұстан жарқ-жұрқ етіп қылаң беріп қалып отырады.
Жау түсіру, жарамен күптелу, жылқыдан түріп шығару, жау десе жаны ене түсу, т.б. сияқты қимыл-қозғалыс, мінез-құлық, нақтылы бір суретпен көмкерілген тіркестердің де деталь мәні бар қысқа да, нұсқа сөз оралымдары. Сөзге, сөз тіркесіне деталь жүгін дарыту–шебердің шеберіне ғана дарыған қасиет.
Ғабиден Мұстафиннің өзгеше, өзіндік жазу мәнері, дара стилі деген ұғым төңірегінде сөз қозғағанда жазушының жазу тәсілі, нақтылы көркемдік міндеттердің шешім табуы айтылса керек.

6 Дәріс тақырыбы: «Ой әуендері» сын-зерттеу еңбегі
Жоспар
1. Қаламгердің қазақ әдебиетінің сыны тұрғысындағы ықпалды тоқтамдары
2. Ғабиден Мұстафин шығармашылығының қазақ руханиятындағы орны

«Ой әуендері» - кітабы жазушының қаламгерлік ұстанымы азаматтық ауқымымен астасып жатқан, адамшылық жолынан, тура бағытынан айнымаған шығармашылық тұлға екендігін айқындай түскен еңбек. Осы еңбекте Ғабиден Мұстафиннің адамды қоғам аясында ала отырып, арғы адамгершілік негіздерінен ажыратпай ашуға ден қоюы жазудағы табысының басты сыры, елеулі қыры болғандығы тұтас мәнде ашылып, айқындала түскендігі жайлы ой қозғалды. «Ой әуендері» – жазушылық еңбек, оның мақсат, мұраты, үйрену мен іздену туралы айтары көп елеулі еңбек. Мұнда жазушы өзінің жазуда кімнен үйренсем, нені үйренсем деген бағыттағы сүрлеу-соқпағына ой жібере отырып, өзіндік дара жазу машығына төселу жолынан да берер сыр ұшын тартып отыратындығына мән берілді.

Іздеу