Әдебиеттануға кіріспе (Дәріс / Лекция)

№1 дәріс тақырыбы: Әдебиеттану ғылымы туралы
Дәріс жоспары
1.Әдебиет туралы ғылым және оның салалары
2.Әдебиет туралы ғылымның ғылымдық мәні
3.Әдебиеттану ғылымның өзге ғылым салаларымен байланысы мен өзіндік ерекшелігі
Филология деген атаудың түп төркіні гректің «фило»-сүйіспеншілік, «логос»-сөз деген сөздерінен шыққан, сонда «сөзге сүйіспеншілік» деген мағына береді. Ал біз қолданып жүрген арабтың «әдебиет»деген сөзі «асыл сөз» деген мағына берсе, латынша «литература» жазу–сызу деген мағына береді екен.
Филология–адам баласының рухани мәдениетінің мәні мен тарихын жазба мәтіндерді тілдік және стилистикалық тұрғыдан талдау арқылы танып білуге негізделетін лингвистика, әдебиеттану, тарих, т.с.с. гуманитарлық пәндердің бірлестігі, жиынтығы.Филологияның негізгі тірегі–мәтін. Мәтінге баса назар аудара отырып, оған түсініктемелер бере отырып, филология адам болмысын, әсіресе, адамның рухани әлемін барынша жан–жақты танып–білуге ұмтылады.


№ 2-3-4 дәріс тақырыбы: Көркем әдебиет. Әдебиеттің халықтығы
Дәріс жоспары
1.Әдебиет-сөз өнері. А.Байтұрсынов сөз өнері туралы.
2.Көркем әдебиеттегі шарттылық мәселесі
3.Өнер қоғамдық шындық.
4.Өнер туындысын бағалау критерийлері
5.Әдебиеттің халықтығы, ұлттық сипаты жайлы ой-толғамдар
6..Өнер мен әдебиеттегі халықтық ұғым
7.Халықтық ұғымның әр кезеңдегі көрінісі
8.М.Әуезов Абайдың халықтығы жөнінде

Жалпы адамзат мәдениетінен көркем өнердің алар орны ерекше. Ежелгі гректер мен римдіктер жасаған мүсіндер, Шекспир туғызған трагедия, Моцарт пен Глинка шығарған музыка, Абай жазған лирика, Рафаэль мен Репин салған суреттер мезгіл мешелерінен аттап өтіп, уақыт сынына мүдірместен адамзатқа қызмет етіп келеді.Ал, осы адамдардың парасат дүниесіне қызмет ететін өнердің бірнеше түрі бар.
Бірінші–тастан, кірпіштен, ағаштан не басқа заттан сәнін келтіріп, сәулетті сарайлар, үлкен ғимараттар салу өнері. Бұл сәулет өнері–архитектура

№5, 6.7.8 дәріс тақырыбы: Көркем бейне, оның жасалу жолдары
Дәріс жоспары
1.Көркем шығарманың мазмұны мен пішіні туралы түсінік.
2.Көркем шығарманың тақырыбы
3.Басты және қосалқы тақырыптар
4.Көркем шығарманың идеясы және оның автор дүниетанымымен байланыстылығы
5.Көркем шығармадағы тақырып пен идея бірлігі
6.Идеяның түрлері
7.Көркем бейне туралы түсінік, оған қойылатын талаптар
8.Көркем бейненің танымдық, эстетикалық мәні
9.Көркем бейне және авторлық дүниетаным, идеал
10.Өнердегі типтілік мәселесі
11.Тип және прототип арақатынасы
12.Типтік бейне ерекшелігі.Тип туралы ерекшеліктері
13.Көркем бейнедегі тәсілдер

Әдебиет туралы жалпы түсініктердің бәрінің құйылар арнасы, ең басты және өзекті мәселесі-образ және образдылық.
Кең ауқымда алып қарасақ, көркем образ-өмірлік шындықты игеру мен қайтадан қорытып, жаңадан жасап шығарудың өнерге ғана тән ерекше тәсілін сипаттайтын эстетикалық категория. Сонымен бірге көркем шығармада жасалған алуан құбылыстарды да, көбінесе кейіпкерлер мен әдеби қаһарманды «образ» деп атаймыз.
Негізінде образдың ерекшелігін екі мәселеге, яғни нақты шындық пен ойлау үрдісіне қатысты қарастыру дәстүрі қалыптасқан. Соған сәйкес, образдың обьективті-танымдық сипаттары 2 түрлі жағдайға байланысты анықталады.
Образ көркемдік шындыққа тән болғанымен, өмірлік негізінде жасалатындықтан, ақиқат өмірдегі кеңістік, уақыт, қоғам, заттар мен құбылыстардан алшақ кете алмайды. Сондай-ақ, образ ақиқат болмыспен біте қайнасып кетуге де тиіс емес. Оның сыры-образдың өмір сүру ортасына қатысты. Нақтылай түсер болсақ, образ ақиқат өмірден бастау алғанымен, көптеген шарттылықтар арқылы одан ажырап, көркем туындыдағы «қиялдан туған» әлемге көшеді.
Образ-шығармашылық ой жемісі. Сондықтан ойлау үрдісіне тән сипаттарға образ да тән болады. Яғни образ тек қана ақиқатты суреттеп берумен шектелмейді. Өмір шындығын жинақтай отырып, жекелегкн оқиғаларды, құбылыстарды бейнелей отырып, адам баласын толғандырып келе жатқан мәңгілік сауалдардың мәніне де үңіледі. Образ-нақты ұғым. Қандай құбылысқа негізделсе де, образ ол құбылысты дерексіз, тиянақсыз әлденелерге бөлшектемей керісіеше, оның тұтастығын, өзіндік бітімін сақтап қалады. Әдебиетте адам бейнесін жасаудың амалы алуан түрлі. Ол сөздегі суретпен ғана бітпейді, көркем бейне жасауға қажет өмірлік материалды жинақтаудан әдеби тұлғаны даралауға дейін барады.
Жинақтау дегеннің өзі-әдеби тип жасау әрекеті. «Типтендіру деген суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүние танымы тұрғысынан белгілі бір уақытпен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралуы болып табылады» дейді академик З.Қабдолов.

№9,10 дәрістақырыбы: Көркем шығарманың композициясы мен сюжеті
Сюжет туралы ұғым
Дәріс жоспары
1.Композиция туралы түсінік
2.Композициялық бүтіндік
3.Композицияның көркем шығармадағы атқаратын ролі
4.Сюжет туралы пікірлері. Сюжеттік элементтер
5.Композицияның сюжеттен тыс элементтері
6.Композиция мен сюжеттің бірлігі және айырмашылығы
7.Композиция туралы түсінік.
8.Сюжет туралы ұғым. Сюжеттік элементтер.
9.Композицияның сюжеттен тыс элементтері.
10.Композиция мен сюжеттің бірлігі және айырмашылығы

Өмірдегі шындықтың шынайы әдеби шығармаға айналу, әдебиеттегі мазмұнның пішінге көшу, тақырыптың идеялық-көркемдік шешім табу процесінде сюжет пен композициялық атқарар рөлін еш нәрсемен ауыстыру мүмкін емес.
Фабула – бұл латынша-әңгімелеу, баяндау, тарихтап айтып беру-көркем шығармада суреттелген оқиғаны рет-ретімен жүйелеу, мазмұндау. Біз шығарманы алғаш оқығанда оның жалпы фабулалық желісін тез қабылдаймыз. Ал, сол шығарманы қайтадан оқитын болсақ, шығарамадағы суреттелген әрбір әрекеттің, оқиғаның, құбылыстың мәніне тереңдеп үңіле бастаймыз, соның нәтижесінде санамызда сюжет жайлы түсінік пайда болады.
«Сюжет» нақты бір заттық мәнге ие бола алады. Яғни сюжет–авторлық мақсат та, фабула-сол мақсатқа жетудің құралы. Егер фабуланы әңгімелеп беруге болатын болса, сюжеттің көркемдік мәнін шығармада көрінетін авторлық баяндау ерекшеліктері ғана жеткізе алады. Кейде жазушы пайдаланған даяр фабула сюжетке айналған кезде көркемдік өңдеуге ұшырайды. Біріншіден, мұндай даяр фабулалар өмірдегі, нақты оқиғаларға негізделген шығармаларда жиі кездесуі мүмкін. Екіншіден, бір жазушының жасаған фабуласы екінші жазушының шығармасында мүлде жаңа сападағы сюжетке ұласып жатуы да ықтимал. Бір ғана фабула әр жазушының шеберлігіне байланысты әр түрлі сюжеттік сипатқа ие бола береді. Сюжет шығарма стилімен, көркем дүние құрылымның ортақ заңдылықтарымен тығыз байланысты. Демек, шығарманың көркемдік маңызы фабулаға емес, фабуланың шығармашылықпен игерілген көркемдік сипатының сюжетте тереңдетіле бейнеленуіне қатысты.
Сюжет француз тілінде «зат» деген ұғымды білдіреді. Ол-эпикалық және драмалық, кейде лирикалық шығармаларда қозғалыс үстінде көрінетін оқиға барысы, әрекет дамуы.
Сюжет дегеніміз дейді Горький, «жалпы алғанда, адамдардың өзара қарым қатынасы, байланысы, қайшылықтары, жек көру, жақсы көру, әр характердің типтің өсу, жасалу тарихы». «Сюжет» терминін алғаш рет XVII ғасырда классицистер П.Корнель мен Н.Буало қолданды. Олар сюжет ұғымын Аристотель ізімен ежелгі дүние қаһармандарының өміріндегі оқиғалармен байланыстырды. Көбіне сюжет шығармадағы оқиғалар жүйесі ретінде көрінеді. Оның сыры сюжетті шығарманың басым бөлігі аса маңызды қоғамдық конфликтілерді көркемдік тұрғыдан қарастырады және оларды қаламгер жасаған біртұтас өмір көрінісінің ішінде бейнелейді.
Сонымен бірге сюжет дегеніміз өнер туындысының мазмұнына айналған өмірлік оқиғалардың өзара байланысы, өрбуі, өрістеуі. Бір-бірімен қарым-қатынастағы адам тұлғалары өзекті оқиғалар арнасында, тұтасқан қимыл-әрекет үстінде, шиеленіскен күрес, қақтығыс, қарама-қарсылық ішінде қалыптасады. Сюжетті шығармалардың мазмұнында көбіне күрделі қайшылықтар, өмірлік тартыстар жеп, тартып жату себебі де соған байланысты. Тартыс-(латынша конфликтус) –қақтығыс, айқас деген мағына білдіреді. Ол өмірдегі қайшылықтардың өнердегі көрінісі, адам тіршілігіндегі түрліше қарама-қарсылықтардың, адамға тән әр алуан көзқарастағы, идеядағы, сезімдегі, нанымдағы, іс-әрекеттегі, мақсат-мүддедегі кереғар құбылыстардың өнер туындысында жинақталып, суреттелуі. Өнердегі өмірлік тартыс көркем шығарманың идеялық мазмұнындағы үзілмес желі, арқау, керек десеңіз күллі өнер туындысына тіршілік беріп тұрған жүйке,-дейді З.Қабдолов, олай болса, әдеби шығармадағы табиғи тартыс, оның сюжеті мен композиясын өрбітер, қозғаушы күш. Сюжетте қоғамдық тартысты қозғалыс үстінде, яғни дамуы, шешілуі арқылы көрсету қоғамдық даму тенденцияларын, оның заңдылықтарын түсінуге ықпал етеді. Осыған орай, шығармадағы сюжеттің алуан сипатты ролін дұрыс түсінуге қажетті кейбір негізгі сәттерді атап өткен жөн. Қаламгер тартыс мәніне тереңдей бойлауы арқылы сол конфликтіге қатысушы адамдардың жан-дүниесіне үңіледі.

№11,12 дәріс тақырыбы: Көркем шығарманың тілі.Өлең құрылысы
Дәріс жоспары
1.Көркем әдебиет тілінің ерекшеліктері
2.Көркем әдебиет тіліне қойылатын талаптар
3.Шығарманың жанрлық ерекшелігі және тілі
4.Поэтикалық фигуралар
5.Өлең сөздің өзіндік өлшем-ырғағы. Абай өлең туралы. Өлең жүйелері
6.Өлең құрылысын талдау жолдары
7.Қазақ өлеңіндегі шумақ пен тармақ, бунақ және буындық өлшем түрлері
8.Ұйқас және оның атқаратын ролі
9.Ұйқас түрлерінің өзіндік ерекшелігі

Қаламгер шығармашылығындағы ортақтық және даралық туралы мәселелер стиль және көркемдік әдіс аталатын әдеби-теориялық ұғымдардан бастайды.
Латынша «Стиль» сөзі–жазуға арналған таяқша деген мағына береді. Стиль деген ұғым әдебиеттануда да, тіл білімінде де кездеседі. Тіл білімінде стиль «тілдік бөлшектердің нақты бір атқаратын қызметіне сәйкес бірігуі, оларды іріктеу, қолдану тәсілдері, әдеби тілдің міндетінен өрбитін алуан түрлілігі» деген мәнді білдіреді.
Әдебиеттану тұрғысынан қарағанда, стиль жазу машығы, яғни жазушының, жеке шығарманың, әдеби бағыттың, ұлт әдебиетінің өзіндік сипатын танытатын образдар жүйесінің, көркемдік құралдарының тұрақты жиынтығы.
Стильдің өзге поэтикалық категориялардан, әсіресе, көркемдік әдістен басты айырмашылығы оның нақты жүзеге асқан үлгіде көрінуінде. Стильдік ерекшеліктер көркем шығарманың сыртқы пішінінен бастап, бүкіл болмысында көрініп тұрады.
Стиль ұғымы түрлі деңгейде, яғни белгілі бір дәуірдегі әдебиет дамуының ерекшеліктерінен бастап әртүрлі әдеби бағыттар мен әдістердің ерекшеліктері, жеке қламгер шығармаларына тән ерекшеліктер, сондай-ақ жеке шығарманың ерекшеліктеріне дейінгі түсінікті қамтып, қолданыс беріледі.
Стильді көбіне жеке қаламгердің жазу ерекшеліктерімен байланыстырады. Себебі әрбір әдеби шығарма оқырманға оны жазған автордың творчестволық ерекшеліктерін танытады. Оны тілден де тақырып пен идеядан да образ жасау тәсілінен де аңғаруға болады.
Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек.
«Ақындар өзара ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық», - дейді А.Блок.

№13 дәріс тақырыбы: Әдебиеттің тектері мен түрлері
Дәріс жоспары:
1.Әдебиетті текке , түрлерге бөлу жіктеу принциптері
2.«Тек», «түр», «жанр» түрлерінің қолданылу аясы
3.Жанрдың тарихи категория екендігі

Әдеби жанр (французша тек, түр) термин ретінде шартты 2 мағынада қолданылады: 1/ әдебиеттердің тектері эпос, лирика, драма; 2/әдеби шығармалардың түрлері - әңгіме, роман, баллада, поэма, комедия, трагедия т.б.
Жанр мәселесінің маңында шартты пікірлер көп. Әдебиет теориясына арналған еңбектерде көбіне әдебиеттің тегі – жанр, әдеби шығарма – жанрлық түр деп танылып жүр.
Әрбір әдеби туындының жанрлық табиғаты әр алуан. Эпикалық шығармада қаламгердің өзін қоршаған дүниені көркемдік пен суреттеуміне қатар, өмір шыныдығын әдеби образға жинақтап, олардың өзара қарым-қатынастарынан туған қат-қабат оқиғалар арқылы ашылса, лирикада өмірдің түрлі құбылыстарынан туындаған ой-сезімдерді ақынның тікелей бейнелеуіне бағытталады. Драмада алғашқы екеуінің мүмкіндіктерін өз бойына біріктіреді. Яғни пьесадағы түрлі кейіпкерлердің мінездері өздерін-өздері тікелей көрсетуі арқылы ашылады.
Аталмыш үш тектің негізгі ұстанымдары өзгеріссіз қалпында ғасырлар бойына әдебиет туындысының сипатын айқындап келеді.
Әдебиет тектерінің тұрақтылығын былай түсіндіруге болады. Адам нақты бір қоғамдық жағдайларда дамиды, белгілі бір әрекеттер, ойлар мен толғаныстар арқылы өзін-өзі танытады. Эпос, лирика, драма өзара ұштаса отырып, халықтар өмірінің тұтастай дәуірін қамтитын аса күрделі қоғамдық үрдістерді бейнелеуден бастап, бір ғана адамның толғаныс-толқыныстарын көрсетуге дейінгі адам санасы мен өмірді терең де жан-жақты суреттеуге шексіз мүмкіндіктер ашады.
Өнер өмірден туады. Эпос, лирика, драманың әрқайсысы осынау күрделі, қиын өмірдің өз қажетінен пайда болған. Сынның туу, қалыптасу, даму тарихын білу қажет.

№ 14 дәріс тақырыбы: Әдеби процес
Дәріс жоспары
1.Әдеби дамудың тарихи сипаты
2.Әдеби процестің ұлттық ерекшелігі
3.Әдеби даму заңдылықтары.Өнердегі дәстүр жалғастығы, оның дамытылу жолдары.
4.Дәстүр және жаңашылдық мәселесі. Қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы

Әдеби процесс ұғымының әлемдік ауқымы өте кең. Әдеби процесс ұғымының көркемдік даму заңдылықтары және көркемдік дамудың кезеңдік сипаттары арқылы өлшенеді. Әдеби процесспен шартты түрде үш түрлі даму стадиясы бар. Дүние жүзі әдебиеттеріне ортақ бір мезеттер тән. Бұл салыстырмалы әдебиеттану ұстанымдарымен қатар халықаралық әдеби байлагыстардың да желісінене көрінеді.
Көркемдік бағытта ең алдымен осы әдіс пен бағытты тудыратын обьективті және субьективті факторлар бар. Көркемдік бағыттар уақыт жағынан еркін болып келіп, әртүрлі деңгейде қайталанып келе береді. Кей кезде әдеби бағыттағы теориялық бағдар, ойлау типінің ұқсастығымен қоса, идеологиялық көзқарастар үйлесе бермеуі мүмкін. әдеби бағыт ауқымында пайда болатын әдеби ағымдарға тән идеялық және эстетикалық нысаналар ортақ болады. Жеке шығармашылық тұлғаның даралығы мен дарын қуатын, әсер ықпалын қалыптастыруда әдеби мектептің рөлі орасан зор.

№ 15 дәріс тақырыбы: Көркемдік әдіс. Әдеби бағыт, ағымдар
Дәріс жоспары
1.Көркемдік әдіс туралы ұғым туралы. Көркемдік әдіс туралы пікірлер. Көркемдік әдіс түрлері және олардың арасындағы сабақтастықтар мен айырмашылықтар
2.Қазақ әдебиетіндегі романтизм. ХІХ ғасыр әдебиетіндегі сыншыл реализм әдісі
3.Әдеби бағыт, ағымдар ерекшелігі

Әдебиеттануда көркемдік әдіс ұғымымен ұқсас бағыт, ағым, стиль, әдеби мектеп, әдеби топ деген түсініктер бар. Бұлардың барлығы да түптеп келгенде бірнеше суреткер шығармашылығына тән ортақ сипат белгілерден туындайды. Ал ортақ белгілер дегенде, жазушының әлеуметтік, идеялық, позициялық, тұрғыдағы ұқсастығы.
Жалпы алғанда стиль бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса, ағым, бағыт бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік.
Әрбір әдеби ағымды әр қоғамдағы жағыдай туғызады сонымен қатар әдеби ағым әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі.
Әдеби ағым тарихи категория жалпы қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңіндегі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады.
ХҮІІ ғасырда туып, ХІХ ғасыр бас кезіне дейін ұласқан өнер атаулының бәрінде, әсіресе Батыс Еуропа әдебиетінде кең өріс алған әдеби ағым-классицизм латынша классикус үлгілі, өнегелі бағыт дегенді білдіреді. Классицизм ағымының ХҮІІ ғасырда Францияда көрінуі бұл кезеңде осы мемлекетте абсолютизм нығайып, мемлекеттік билік бір қолға шоғырланып, ұлттық тұтастық идеясы нығая бастаған болатын.
Елдің қоғамдық өмірінде жаңа әлеуметтік топ буржуазияның ықпалы арта түсті де, аталмыш әлеуметтік топқа абсолюттік монорхия да, дворян қауымы да бірдей қатысты болды. Қоғамдық өмірде пайда болған жаңа талап-тілектер өнерге де жаңа талаптар қоя бастады. Нәтижесінде осыған дейін өнер әлемінде үстемдік еткен барокко стилімен күрес үстінде жаңа бағыт дүниеге келді. Бағыт өкілдерінің өз шығармаларында антикалар әдебиеттің озық үлгілерін өнеге етуіне байланысты классицизм деп атады.

Іздеу