Қ.Сатыбалдин-драматург (Дәріс / Лекция)

№1 дәріс тақырыбы: Драматург-қаламгердің өмір жолы
Дәріс жоспары
1. Қапан Сатыбалдиннің өмірбаяны.
2. Қапан Сатыбалдиннің көркем очерктері.
3. Қапан Сатыбалдин–кинодраматург.
4. Қапан Сатыбалдин және Жамбыл.
5. Қ.Сатыбалдиннің драма жанрына келуі

Драматургияға Қапан Сатыбалдин проза, көркем очерк, публицистика жанрларында шыңдалып барып келді.
Қапан Сатыбалдин–өзінің саналы ғұмырын азаматтық болмысына қылау түсірмей, қайткенде халық игілігі үшін еңбек жасаудан тоқтамаған, тоқырамаған шығармашылық тұлға.
Қаламгер қазақ драматургиясының өмірлік негізін көркемдік тұрғыдан орнықтыруға, жанрлық жаңа бағыттардың өрісін кеңітуге өзіндік үлес қосты. Оның шығармашылығында нақтылық сипаттар басым болып келеді. Өмірдің өзекті жайларын күн тәртібіне көшіріп, рухани сілкіністер жасайтын өтімді дүниелер туғызу жолында қаламгер ұдайы шығармашылық ізденісте болды.
Қапан Сатыбалдин–қазақтың көрнекті қаламгерінің бірі. Қапан Сатыбалдин 1917 жылы Қарағанды облысында, Спасск заводы маңындағы поселкеде, шахтер отбасында дүниеге келеді. Жастай жетімдік көрген ол балалар үйінде өсті. Әуелде кен өнеркәсібі училищесін оқып бітірген, онан соң Абай атындағы қазақ мемлекетік педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, әдебиетші мамандығын алып шықты.

№2 дәріс тақырыбы: Шығармаларының жанрлық көпқырлылығы
Дәріс жоспары
1. Қапан Сатыбалдин-ақын
2. Қапан Сатыбалдин–публицист.
3. Қапан Сатыбалдин-прозаик
4. Қапан Сатыбалдин-аудармашы
5. Қапан Сатыбалдин-драматург
6. Қапан Сатыбалдиннің сыни еңбектері

Кенже дамыды дегенде де, қазақ драматургиясы қазақ әдебиетінің қомақты саласы болып қалыптасты. М. Әуезов, Ғ. Мүсіреповтен бастау алған классикалық драматургияға өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылған қаламгер Қапан Сатыбалдиннің шығармашылығындағы негізгі драматургиялық желілер қазақ драматургиясының қалыптасып дамуымен сабақтасып жатқандығы анық.
Мұхтар Әуезов драматургиясын «Трагедия табиғаты» атты монографияда арнайы зерттеп, зерделеген Рымғали Нұрғалиевтің М. Әуезов шығармашылығын тану бағытындағы ұстанымдары жалпы драматургиялық туындыларды зерттеуде есте болуы көркемдік таным жолын аша түседі дер едік.
Қазақ драматургиясының зерттелуінде жеке қаламгерлер шығармашылығын арнайы қарастырудың қалыптасқан жөндері драматург Қапан Сатыбалдин туындыларын зерттеуде де ескерілді.
Қазақ әдебиетінің тарихында драмалық шығармалар жазудың қалыптасу жолдары және драматургияның дамуында театр тарихын, драматургия мәселелерін зерттеушілер пікірінен біз аталған мәселенің бірталай дерегін табамыз.

№3 дәріс тақырыбы: Жазушы мұрасының қазақ әдебиеті тарихындағы өзіндік орны
Дәріс жоспары
1. Қапан Сатыбалдиннің әдеби мұрасын зерттеу мәселелері
2. Қапан Сатыбалдиннің қазақ әдебиеті тарихындағы орны
2 Модуль «Қапан Сатыбалдин драматургиясындағы тартыс пен характер»

№4 дәріс тақырыбы: Драматург шығармаларының жанрлық-көркемдік қырлары
Дәріс жоспары
1. Қ.Сатыбалдиннің драмалық туындылары
2. Қ.Сатыбалдиннің комедиялық туындылары
3. Қ. Сатыбалдиннің трагедиялық туындылары

Осы тұрғыдан келгенде, Қапан Сатыбалдин драматургияға бүгінгі күн тақырыбын батыл енгізген қаламгер есебінде ерекшеленеді. Жазушы-драматург замандас бейнесін тұлғалауда өмір шындығын негіз етіп отырды. Ұлы Отан соғысы кезеңінің тарихи ерекшеліктері, соғыстан кейінгі кезең, бейбіт құрылыс жылдары, ел өміріндегі индустрияландыру мен ауыл шаруашылығын өркендету іс-шаралары, социалистік құрылыстың еңбек адамдарының жан-дүниесі, арман-аңсары, азаматтық болмысы, қоғамдық-әлеуметтік ахуал арқау болған ондаған пьесаларында Қапан Сатыбалдин замандастың өміршең, шынайы, ұлттық негізі мығым бейнесін жасады.
«Советтік жаңа тақырыпты меңгеру – қазақ совет драматургиясының дүниеге келген күнінен бастап алға қойған ең бірінші кезектегі мәселесі болатын. Бастапқы кезеңде драматургтеріміздің шеберлігі жетіспегендіктен туған кемшіліктер, қиындықтар аз болмаса да, қазақ жазушылары советтік дәуірдің жеңімпаз, жасампаз күрескер адамының образын бейнелеуге құлшына кірісті. [52, 245 б.]
Қапан Сатыбалдиннің драмалық шығармаларында тартыс негізінен ескі мен жаңа бағытында емес, оң мен теріс, ақ пен қара, жақсы құлық пен жаманшылық, ізгілік пен аярлық, біліктілік пен тоғышарлық сияқты атамзаманнан келе жатқан адам бойындағы кереғарлықтар арасындағы тартысқа құрылып отырады. Қозғап отырған мәселелері бүгінгі уақыттың келелі, көшелі істері болады. Тақырып аясында ашылып, қамтылады. Қолдан жасалған қоғамдық тартыс Қапан Сатыбалдин драматургиясында жоқ деуге болады. Осы жөнде Нығымет Ғабдуллиннің тартыс табиғатындағы эволюция жайлы айтқан мына бір тоқтамдары Қапан Сатыбалдин шығармашылығының да өзіндік сипаттарын айқындай түсуге мүмкіндік береді деуімізге болар еді.

№5 дәріс тақырыбы: Қаламгер драматургиясындағы тартыс
Дәріс жоспары
1. Драматургиядағы тартыс проблемасы
2. Қапан Сатыбалдиннің «Сұңқар мен жапалақ» пьесасындағы тартыс проблемасы.
3. Драмалық туындыларының тартыс бағытындағы көркемдігі
4. Қапан Сатыбалдиннің «Қараторғай» повесіндегі тартыс пен жағдай.
5. Драматургтің тартыс мәселесін шешу жолындағы шығармашылық шеберлігі
№6 дәріс тақырыбы: Драмалық шығармаларының жанр табиғатына орай жазылу ерекшелігі
Дәріс жоспары
1. Драмалық шығармадағы жанр шарттары
2. Қапан Сатыбалдин пьесаларының жанрлық қырлары
3. Қапан Сатыбалдиннің драмалық шығармаларының жанрлық сипаты.
4. Қапан Сатыбалдиннің драмалық шығармаларындағы комедиялық элементтер
5. Қапан Сатыбалдин повестеріндегі драматизм.
6. Пьесаларының құрылымдық ерекшелігі.

Тартыс пен мінез–драма жанрының ең негізгі көркемдік категориясының бірі. Драмалық шығармада тартыс пен мінез көтеретін жүк салмақты. Егер тартыс, мінез көркемдік шешім таппаса, драмалық шығарма да жоқ.
Ахмет Байтұрсынұлы өзінің әдеби шығармашылықтың теориялық негізін ғылыми тұрғыдан саралап берген «Әдебиет танытқыш» еңбегінде былай дейді: «Тартыстың өзі басты-басты үш тарау болып бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия), 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма), 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Тартыс күйге ән-күй қосылса, тартыс сауықты деп аталады. Тартыс сөз қу тілді болса, қулықты деп аталады; қисыны қызық болса, күлдіргі тартыс болады; сиқыр мазмұнды тартыс сиқырлы деп аталады»,–дейді [10, 448-458 бб.].
Негізінде драматургияда тартыс–жанрлық ерекшелік. Бұл туралы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Драматургиядағы конфликт мәселесі –пьесаның жанрлық белгісін көрсететін шешуші компонент. Драматургиялық шығарманы нықтап, проза, поэзиядан бөлектеп тұратын шартты белгі жалғыз осы конфликт» [11, 361 б.].
Драматургияда кейіпкер сезімі, әрекеті, жағдайға орай жасайтын шешімі, өзіндік болмыс, мінезі көрініс табуы керек.
Драматургияның жанрлық талаптарын, мінез ашу, тартыс құрудың қазақ драматургиясындағы, әлемдік драматургиядағы ерекшеліктерін сауатты түрде игеріп барып, жазуға кіріскенінен қаламгердің көп жағдайда көрермен көңілінен шыққан пьесалары куә.
Драмалық шығарманың өзіндік ерекшеліктері, жанрлық өзгешелігі, негізгі заңдылықтары драматург Қапан Сатыбалдин туындыларында айқын.

№7 дәріс тақырыбы: Қаламгер драматургиясындағы характер
Дәріс жоспары
1. Драматургиядағы характер проблемасы
2. Драмалық туындыларының характер жасаудағы көркемдігі
3. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы характер проблемасы

Қапан Сатыбалдин өз уақытының басым құбылыстарын көрсеткен драматургиялық шығармаларында жеке мінез, жеке характерді сол орта, сол кезең шындығына сай типтік бейне дәрежесінде көрсетуге ден қойған. Қаламгердің замандас тұлғасын ашуда кезеңге тән типтік жағдайларды арқау етіп отыру дағдысы–өз уақытының рухани, көркемдік талаптарынан туындаған шығармашылық беталыс.
«Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, оның өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласып, ұштасып жату себебі де сондықтан деп білу керек.

№8 дәріс тақырыбы: Қапан Сатыбалдиннің драматургиясындағы образдар жүйесі
Дәріс жоспары
1.Қапан Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» драмалық шығармасындағы Сәкен Сейфуллин образы.
2. «Қолқабыс» пьесасындағы еңбек адамы бейнесі
3. Қапан Сатыбалдиннің «Махаббат машақаты» пьесасындағы кейіпкерлер әлемі
4. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы замандас тұлғасы мәселесі

Қапан Сатыбалдин туындыларының ішінде кесек кейіпкерлері де, кембағал кейіпкерлері де аз емес. Отаншылдық, елдік, азаматтық аңсармен жазылған шығармалардың негізгі тұлғалары–кесек.
Парақорлық, пайдакүнемдік, қызғаныш, бақастық, сауатсыздық, т.б. сынды кесапат мінез-құлықтың иелері–кембағал.
Қапан Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» драмалық повесінің кейіпкер –Сәкен Сейфуллин. О –кесек кейіпкер.
Шығарма экспозициясында тарихи тартыс өтіп жатқан қазақ даласының көрінісі. Семинарияны аяқтап елге келе жатқан жастардың өзара ойын күресі. Дене күресі. Кейін осы күрес рухани күреске, әлеуметтік күреске ұласады. Бұл туындыда тартыс екі кейіпкер арасында ғана емес, екі түрлі қоғам, екі түрлі әлеуметтік бағдар, беталыс аясында өрбиді.

Модуль «Қапан Сатыбалдиннің драмалық шығармаларындағы тіл қолданыс ерекшеліктері, бейнелеу тәсілдері»
№9 дәріс тақырыбы : Қаламгер пьесаларындағы тілдік, көркемдік ерекшеліктер
Дәріс жоспары
1. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы өмір шындығы және көркемдік шешім.
2. Қапан Сатыбалдин драмалық шығармаларының тілі.
4. Қапан Сатыбалдин шығармаларының тіл қолданыс ерекшелігі

№10 дәріс тақырыбы: Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы көркемдеу тәсілдері
Дәріс жоспары
1. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы диалог
2. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы монолог
3. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы экспозиция
4. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы әрекет
5. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы байланыс
6. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы көрініс
7. Қапан Сатыбалдин пьесаларындағы шешім

Қапан Сатыбалдиннің пьесаларындағы тілдік қолданыстарды кейіпкер мінезін ашу мәніндегі бағытында қарастырдық. Драматургияның жанрлық ерекшелігіне орай пьесаларда кейіпкер сөзі негізінен диалог түрінде беріледі. Тіршілік ағымындағы әр қилы ситуация үстінде аузынан шыққан сөзі адамның болмысын ашады. Сөзден жасырынып қалатын құбылыс жоқтың қасы.
«Ұзақ жол» драмалық повесінде автор жаңаға құштар, ұлтын сүйген Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлғасымен астасып жатқан шынайы жан сөзін айту фактісіне елеулі мән беріп отырғаны көрінеді. Сәкен аузынан кездейсоқ, адасқан сөз шықпайды. Тастай берік, сенімге суарылған ойлы, отты оралымдар Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлғасын, халқы таныған болмыс-бітімін, тура сөйлеп, бетке айтқан нақтылығын көрсетіп тұрған кейіпкер Сәкен сөзі драматургтің өзіндік табысы десек болар еді.
Бір топ жігіт оқудан қайтып келе жатқан, алаңсыз қалжыңмен, елге жетуге асығып келе жатқан жастардың бой жазып күресуіне астарлы мән бере отырып, автор аумалы-төкпелі кезең қалыптастырған адам мінездерінің қилы сипаты бастау алар кезеңге мән бере отырып, пьесаның оқиға даму өрісі мәнінде нақтылы көрініс арқылы шығарма тізгінін ұстатады.

Іздеу