Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері (Дәріс / Лекция)

1 Модуль Тіл мәдениетінің сипаты
№1дәріс тақырыбы: Кіріспе. Тіл мәдениеті туралы түсінік. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алып қоғамдық қызметінің арта түсуі.
Жоспары
1. «Тіл мәдениеті» пәнінің маңызы
2. Тіл мәдениеті туралы түсінік
3. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі
4. Тіл мәдениетінің анықтамасы, зерттейтін нысаны

«Тіл мәдениеті» пәнін оқыту барысында мынадай міндеттер алға қойылады: Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты және қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі мен қызметі. «Қазақ тілінің мәдениеті» пәнінің мақсат-міндеттері, теориялық және пратикалық маңызы. Тіл мен сөйлеу қарым-қатынасы және қазіргі қазақ қоғамдағы тіл мен сөйлеудің өзекті мәселелері. «Әдеби тіл» ұғымы және әдеби тіл нормалары. Қазіргі қазақ әдеби тілі және оның стильдері. Сөздік және оның маңызы мен рөлі, түрлері. Сөз жұмсау өнері (ауызша және жазбаша) және тілдің қатысымдық сапалары. Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті, пікірталас және пікірталастыру мәдениеті. Шешендіктану және шешен сөйлеу мәдениеті, шешенге қойылатын талаптар, шешендіктің түрлері туралы жан-жақты теориялық білім беріп, студенттердің сөйлеу, сөз жұмсау біліктіліктерін шыңдау, ауызша және жазбаша сөйлеуге дағдыландыру.
«Тіл мәдениеті» негізінен студенттерді сөз жұмсауға, тілдік талғампаздыққа және сөйлеу өнерін игеруге үйретуге мүмкіншілігі мол, практикалық мәні жоғары пән. Бұл курс барысында студенттер қазіргі қоғамдағы қазақ тілінің даму сипатына өзіндік талдау жасап, баға беруге, сөйлеуде әдеби тілдің нормаларын сақтауға, стилистикалық кателерді болдырмауға, кез келген мәтінге тілдің қатысымдық сапалары тұрғысынан баға беруге, өзгелердің сөйлеу тіліне сын көзбен қарауға үйреніп, пікірталастыру және шешен сөйлеу өнеріне дағдыланады. Сөз өнерін өзінің кәсіби шеберлігі мақсатында жұмсауға үйренеді. Сөйлеу және ойлау мәдениетін жетілдіреді. Сөйлеу мен ойлаудың өзара тығыз байланыстылығын түсініп, ойды сыртқа сәтті шығарудың өзіндік ұстанымдарын меңгереді.

Дәріс №2. Тіл мәдениетіне қатысты көркем сөз зергерлерінің ой-пікірлері.
Жоспар
1. Сөз жұмсау өнерінің фольклордағы көрінісі , шешендік өнердегі тәжірибесі.
2.Қазақ халқының сөз жұмсау, қарым-қатынас жасау мәдениеті – тілдегі ұлттық тіл мәдениетінің көрінісі.

Сөйлер сөзге, тілге адамзат сонау көне дәуірдің өзінде-ақ ерекше мән берген. Ғасырдан ғасырға жетіп, бірден-бірге ұласып жатқан ел аузындағы небір ғажайып аңыз әңгімелер, көне мақал-мәтелдер, жазба деректер осының айғағы тәрізді. Қай халықтың тарихына үңілсеңіз де, өнер алды саналатын қызыл тілге, шешендік өнерге байланысты небір керемет асыл сөздерді табасыз. Күнделікті өміріңіз бен тірлігіңізді түрлендіретін, тауқымет татын сәл де болса жеңілдете түсетін мұндай тәрбиелі сөздерді өне бойы өмір серік етіп алатыныңыз осында. Алайда өнегелік мәні өзгеше осы тақылетті нақыл, ғақлияларды қадірлей, қастерлей білгенмен, бұлардың табиғи сыры, ішкі мән, мүмкіндігі, тіпті шығу, жасалу жайы көбінесе беймағлұм болып келгені мәлім.
Қоғамның дамуына орай ғылымның өзге салаларымен қабат, тіл білімінің де жекелеген мәселелері тереңірек зерттеліп, талдана бастады. Тілсіз–қоғам жоқ, қоғамсыз–тіл жоқ. Бұл екі нәрсе бірінсіз-бірі өмір сүре алмақ емес.
Сөз өнерін қай халық болмасын жоғары бағалаған дедік. Мұнымыз көптеген халықтың мақал-мәтел, нақыл, ақыл сөздерді жайындағы пікірлерді саралап шыққаннан кейін келген түйін.

2 Модуль: Қазақ әдеби тілі және оның нормалары
№3 дәріс тақырыбы: Әдеби тіл және оның нормалары.
Жоспары
1.Әдеби тіл нормалары және олардың сөйлеудің ауызша және жазбаша салаларын түгел қамтитындығы.
2.Әдеби норма-сөйлеудің негізгі, ұлттық тіл мәдениетіне, рухани сауаттылыққа қол жеткізудің баспалдағы.

Тіл мәдениеті ғылымы ғылыми еңбектерде: баспасөз тілінің мәдениеті, сөйлеу тілінің мәдениеті немесе ауызша сөйлеу мәдениеті және сөз қолдану мәдениеті делініп әр түрлі жіктеледі Ауызша сөйлеу мәдениеті әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына негізделеді. Атап айтқанда, сөйлеу актісінде қатар немесе алшақ тұрған дыбыстардың бір-біріне әсер етіп, сөздің құлаққа жағымды естілуі.
Бұл–қазақ тілінің қалыптасқан орфоэпиялық нормасы. Ал орфографиялық норма сөздің дұрыс жазылуына негізделеді. Оның негізі–емле ережелері. Лексикалық норма сөзді мағынасына сай дұрыс қолдануды талап етеді. Синтаксистік норма сөздерді бір-бірімен дұрыс тіркестіру, сөйлем мүшелерінің қалыпты орнын сақтау, сөйлемді дұрыс құру сияқты қалыптасқан заңдылықтарға негізделеді. Ал стилистикалық нормалар сөздің стильдік бояуына, қолданылымдық ерекшелігіне негізделеді.

Дәріс №4 Тілдік норма, оның тілдік дамуына әсері
Жоспар
1. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары тіл мәдениетінің негізгі мәселелерінің бірі ретінде маңызды.
2. Әдеби тіл туралы пікірлер, анықтамалар.

Әдеби тіл– белгілі бір қалыпқа түскен, диалектілермен қарапайым сөйлеу тіліне қарағанда, жалпыға бірдей міндетті және «дұрыс» қабылданған нормасы бар тіл. Әдеби тіл тарихын зерттеушілердің арасында әдеби тіл анықтамасына байланысты бірыңғай пікір жоқ. Көптеген зерттеушілер әдеби деген терминнің латынның Iitteratura (грекше грамматика дегеннің баламасы) сөзінен шыққандығын негізге алып, әдеби тілді тек жазумен, жазба әдебиетінің шығуымен байланыстыра қарайды яғни жазудың болуын әдеби тілдің негізгі үлгісі ретінде таниды. М.М. Гухман, Н.Н. Семенюк сияқты ғалымдардың пікірлеріне қарағанда әдеби тілді тек жазудың, жазба ескерткіштердің пайда болуымен байланыстыра қараудың дұрыс болмайтындығын, жазу шықпай тұрған дәуірлерде де ауызша әдеби тілдің болуы мүмкін екендігін көреміз. Бұл пікірлерін олар неміс жазба әдебиеті шықпастан бұрын ауызша пайда болған рыцарлық лирика мен өлеңмен жырланған романдардың адыгей халқының бай ауыз әдебиеті мұрасының әдеби тіл үлгісі екендігін көрсете отырып дәлелдейді. Мұндай пікірлер қазақ ғалымдарының тарапынан да айтылып келеді (Сыздықова Р.Ғ. Әдеби тіл статусы. ҚазССР ҒА Хабарлары, 1979, №6).

№5 дәріс тақырыбы: Тілдегі нормадан ауытқудың себептері мен салдары, оның тілдің дамуына әсері.
Жоспар
1. Тілді нормалау–тіл мәдениетін арттырудың шарасы.
2. Нормалау түрлері.
3. Әдеби нормадан ауытқу.
4. Тавтология және плеоназм.

Тілдік норма–ауызекі және әдеби тілдің қалыптасқан үлгісі, халықтың бәріне түсінікті, бәрі де қолданылатын тілдік амалдардың (сөз қолдану, сөйлем құрау т.б.) жиынтығы. Тілдік норма орнығып сіңісті болады. Тілді нормалау–тіл мәдениетін арттырудың шарасы. Ол тек жазба тілде ғана емес, сөз қолдануда, сөздің айтылуында, грамматикалық сөз тұлғаларын пайдалануда жүзеге асырып отырады. Әдеби тілдің сараланып, жазу мәдениетінің белгілі жүйеге түсуі ұзақ жылдар бойы жүріп жатады. Осыған орай, жазба тілдің нормалары тұрақты болады. Әдеби тілде кейде стильдік ауытқу, сөз вариантынын жарыса қолднылуы болып тұрады. Олардың әдеби тілдің даму процесіне, тіл заңдылығына үйлесімді етіп, барды таңдап, талғап қолдана етке ие ету мақсаты көзделеді. Мұның фонетикаға да, орфографияға да, лексикология мен грамматикаға да қатысы бар. Алфавиттің, орфография мен орфоэпияның терминологияның ресми түрде ретке келтірілуі, оқулықтар мен оқу құралдарын жазу, әр алуан сөздіктер шығару, баспа орынында бірізділікті ұстану тілдік норманы қалыптастыруға көмегін тигізеді. Тілдік норма – әдеби тілге тән құбылыс ол мнадай төрт нәрсеге сүйенеді: 1. Лексикалық норма. Тілдегі сөз бай лығының жұмсалу аясы бірдей емес. Әдеби тілдің лексикалық нормасына жатпайтын сөздер деп диалектизмдерді, жаргон мен дөрекі, былапыт сөздердй айтамыз. Профессонализмнің (кәсіби сөздер) бара-бара әдеби нормаға айтылатыны жоқ емес. Лексикада бірізділікті көбірек тілейтіндер – терминдер.

№6-7-8 дәріс тақырыбы: Әдеби тіл нормасын қалыптастырудағы сөздіктердің алатын орны мен маңызы.
Жоспар
1. Тіл мәдениетінің парктикалық маңызының сөздіктерден көрінетіндігі.
2. Сөздік және оның түрлері.
3. Сөздіктердің қызметі
4.Сөздіктердің типологиясы
5. Сөздіктердің тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениетін артырудағы маңызы.

Сөздік-белгілі бір тілдегі сөздердің (сөз тіркестерінің идиомалардың) жиынтығын көрсететін анықтамалық еңбек. Сөздіктердегі сөздер белгілі бір тәртіппен орналасады және олар не мағыналары жағынан түсіндіріледі, не екінші тілге аударылады. Сөйтіп ол тіл туралы, тілдегі сөздер, олардың сыр-сипаты туралы әр түрлі танымдық хабар береді. Сөздік өте ерте кезде пайда болған. Ол адамдардың рухани өмірінде үлкен роль атқарады. Өйткені, сөздікте сол дәуірдегі қоғам өмірінің бар білім-түсінігі, дүниетанымы көрініс табады. Сөздіктердің міндеті-тілдің лексикалық байлығын (сөздерді, сөз тіркестерін) түгел жинап, оларды ретке келтіру (әліпбилік немесе тақырыптық жүйеге түсіру), ретке келтірілген әрбір сөзге, сөз тіркесіне тілдік тұрғыдан жан-жақты сипаттама беру. Сипаттама екі жақты жүреді. Бірі-тілдік бірліктердің сыртқы құрылымы жағынан, екіншісі-олардың мазмұны жағынан. Мазмұны жағынан тілдік бірліктердің мағыналары ашылып, сараланады, оларға анықтама берудің типтері анықталады. Ал құрылымы жағынан әрбір сөз бен тіркес туралы оқырманға неғұрлым мол тілдік (лексикалық, грамматикалық, стильдік, этимологиялық) т.б.мәліметтер беріледі.

№9-10 дәріс тақырыбы: Қазіргі таңдағы сөздік жасау ісі және жаңа сөздіктер.
Жоспар
1. Сөздіктердің адамның тіл мәдениетін, сөйлеу мәдениетін арттырудағы маңызы.
2. Тіліміздегі жаңа сөздіктер.
3. Жаңа қолданыстағы сөздердің пайда болуы
4. Қазіргі жаңа сөздердің жасалуы

3 Модуль Тіл мәдениетінің қатысымдық сапалары
№ 10-11 Дәріс тақырыбы: Тіл мәдениетінің қатысымдық сапалары.
Жоспар
1. Тіл тазалығы
2. Сөз мәнерлілігі
3. Сөздің байлығы
4. Сөз дәлдігі

Тіл тазалығы. Ахмет Байтұрсынов тіл тазалығын ана тілінің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау деп түсіндіреді.
Әдеби тілдің тазалығы, біріншіден, ойыңды таза ана тілінде жеткізу болса, екіншіден, сөзді таңдап, талғап жұмсаумен байланысты. Тіл тазалығы бейнормалық элементтерден арылу ғана емес, сонымен қатар басты артық варианттарды азайту, мотивсіз қолданысты жібермеу т.б. әдеби тілдің тазалығына нұқсан келтіретін диалектизмдер, жарыспалы сөздер, қарапайым сөздер болғанымен, олардың да қолданылатын аясы, орны бар. Тіл тазалығын сақтау тіліміздің бұлар сияқты резерв сөздерін тілден аластау, жою емес, олардың қажеттілерін таңдап алып, белгілі бір мақсатта (кейіпкер тілінде) қолдану деген сөз.
Сөз әсерлілігі. Тіл мәдениеті сөздің тек нормаға сай жұмсалуын ғана емес, оның әрелі, бейнелі, образды жұмсалуын да талап етеді. Айтушының сөзі әсерлі, бейнелі болуы үшін: 1) өзінше ойлау, сөйлемдерін өз бетінше құру, 2) айтып тұрған мәселеге қызыға қарау, 3) сөздің құрамындағы дыбыстардың айтылу ерекшелігіне көңіл бөлу, яғни мәнерлеп сөйлеу, 4) тілдің бейнелеуші, көркемдеуші тәсілдерін жақсы біліп, орынды қолдану, 5) сөздің стильдік реңкін ажырату т.б. шарттар жүзеге асуы қажет.

4 Модуль Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті.
№12-13 дәріс тақырыбы: Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті.
Жоспар
1. Жұрт алдында сөйлеудің күрделілігі мен қиындықтары.
2. Жұрт алдында сөйлеудің шарттары.

Жұрт алдында сөйлеу мәдениеті – әдеби тілдің жазбаша, ауызша түрлеріне тән нормаларды (дыбыстау, сөз жұмсау, грамматикалық т.б.) игеру, сондай-ақ тілдік амал-тәсілдерді айтылмақ ойдың, сөздің мақсаты мен мазмұнына лайық дәл, бедерлі қолдана білу. Сөз мәдениеті ұғымы, біріншіден, сөзді дұрыс қолдану (сөз дұрыстығы), екіншіден, сөзді бедерлі жұмсау (сөз шеберлігі) деген екі сатыдан тұрады. Сөз дұрыстығы қазіргі әдеби тілдің жұртшылық таныған, үлгі тұтқан нормасын ұстану дегенге саяды. Жарысспалы екі немесе бірнеше нұсқаның біреуі ғана дұрыс деп танылады: барасыз – барсыңыз (емес), балалар - балдар (емес), арықтан аттады – арықты аттады (емес) т.б.
Сөзді қазіргі әдеби тілдің нормасына сай дұрыс қолдану туралы білім (әсіресе грамматика, офрография салалары бойынша) негізінен мектепта беріледі. Сөз шеберлігі тек нормаға тән дұрыстықты ғана көздемейді, сонымен қатар толып жатқан тілдік амал-тәсілдердің ішінен мағына, стильдік жағынан аса дәл, бедерлі ұтымды түрін талғау дегенге саяды. Бұл жерде сөзге дұрыс не бұрыс деген үзілді-кесілді баға берілмейді. Сөз «дәлірек», «айқынырақ», «әлдеқайда лайықты», «орындырақ» деп бағаланады. Мысалы, көркем тіл кестесі үшін ауыл ұйқыда дегеннен гөрі ауыл мызғып, қалғып тұр деу әлдеқайда дәлірек. Сөз мәдениеті адамның жалпы мәдениеттілігінің, ойлау мәдениетінің жоғары болуын көздейді. Ана тілін ардақтау, тілді құрмет тұту – жалпы мәдениетке, оның ішінде сөз мәдениетіне қойылатын аса қажетті шарттардың бірі. Сөз мәдениеті әдеби тілдің диалект, қарапайым сөйлеу тілінің ықпалына түсінуіне, сондай-ақ қажетсіз кірме сөздердің, қысаң, сіреспе қолданыстардың тілде етек алып кетуіне тосқауыл болады. Тілдің барлық деңгейіндегі объективті тілдік нормалардың тұрақталғандарын, қайшылықтарын, жаңа пайда болып келе жатқан үрдістерді (тенденцияларды) зерттеу сөз мәдениеті саласындағы маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Тілдік амал-тәсілдердің қарым-қатынасы мақсатына сәйкестігі, осымен байланысты тілдік норманың варианттылығы тіл мәдениетіндегі ғылыми мәселелердің бірі болып табылады. Сөз мәдениеті – тіл білімінің грамматика, стилистика және басқа да тармақтарының жетістіктерін қорыта отырып, тілдің қоғамдық өмірдегі күнделікті белсенді, шұғыл араласу мақсатын көздейтін теориялық және практикалық пән. Сөз мәдениетінің нормативті стилистика ғылымынан айырмасы – әдеби тілдің канонына, әдеби тілдің нормалық жүйесіне ене қоймаған салалар мен құбылыстарды да қамтиды. Сөз мәдениеті мәселелері туралы ғылыми түсінік – нормалауға (нормаға сипаттама жасау мен оны реттеуге), тіл саясатына, тіл мамандарының жазушылардың, педагогтардың басқа да жұртшылық өкілдерінің әдеби тілдің қызметіне, эволюциялық дамуына байланысты жүргізетін іс-әрекеттеріне негіз болады.

5 Модуль. Тіл мәдениеті және шешендік
№-14-15 Дәріс тақырыбы. Тіл мәдениеті және шешендік
Жоспар.
1. Шешендіктану мен тіл мәдениетінің ортақ мәселелері.
2. Шешен сөйлеу мәдениеті және оған қойылатын талаптар.
3. Шешендіктің түрлері.
4. Ойлау және сөйлеу мәдениеті.
5. Шешен сөйлеу және пікірталастыру.
6. Жарнама тілінің мәдениеті

Шешендік-дидарласуымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсе болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Шешендік-сөйлеген сөзге тыңдаушылардың ешбір қиналыссыз құлақ қоюы ғана емес, сондай-ақ айтылған мәселеге ерекше ынта-ықылас танытып, тақырып байыбына терең бойлауға ұмтылысының оянуына түрткі боларлықтай сөз екшей білу өнері. Шешендік дегеніміз- кез-келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу. Шешендік-сөзбен жүзеге асырылатын әрі сөзбен барша жетістіктерге жеткізетін өнер саласы. Демек, барлығының тізгінін өз қолына алған, күллі өнердің қасиет-күшін өз бойына жинақтаған деуге болады. Шешендік өнер-ауызша түрдегі әдеби шығармашылық.Шешендік-дарындылық. Ол –тіл ғана емес, ойы да жүйрік кісілерге, тілдік сезімі күшті адамдарға тән қасиет.

Іздеу