Қазақ тіліндегі етістік категориясы көрсеткіштерінің сөздегі орны (Дәріс / Лекция)

№1 дәріс тақырыбы: Етістік туралы түсінік.
Дәріс жоспары
1 Етістіктің зерттелуі
2 Етістіктің өзіндік ерекшелігі.
3 Етістіктің тіркесімі, сөздегі орны.

Етістік өте ерте қалыптасқан. Түркі тілдеріндегі ең көне жазба ескерткіштердің тілінде етістік белгілі дәрежеде сөз жасау системасы, түрлі грамматикалық категориялары бар күрделі сөз табы болған. Содан бері талай ғасырдың ішінде етістік үнемі байып, дамып, бұрынғыдан да күрделеніп отырған. Етістіктің дамуы лексикалық құрамына және грамматикалық кұрылысна байланысты. Лексикалык тұрғыда етістіктің түрлі салалы сөз жасау жүйесі қалыптасқан, соның нәтижесінде етістіктің лексикалық қоры үнемі өсіп отырған, сондықтан қазір етістік-лексикалық единицаларға өте бай сөз табы. Грамматикалық құрылысы жағынан етістіктің категориялары күрделенген, әр категорияның мағынасы айқындалып, формалары қалыптасқан. Сондықтан етістік категориялары объективті өмірдегі адам таныған қимыл-әрекеттің өте нәзік ерекшеліктеріне дейін білдіре алады. Ойды анық, дәл жеткізуде, тіл орамдылығы жөнінен етістік ерекше қызмет атқарады.

2 Дәрістің тақырыбы: Негізгі түбірлі етістіктер
Жоспары
1 Етістіктің лексикалық мағыналы тұлғалары.
2 Етістіктің лексикалық тұлғалары туралы ғылыми еңбектердегі пікірлер.
3 Етістіктің лексикалық мағыналы тұлғаларының сөйлемнен тыс және сөйлем құрамындағы қалпы.
4 Негізгі түбір етістіктің тұлғасы.
5 Негізгі түбір етістіктер туралы пікірлер.
6 Непзгі түбір етістіктердің өзіндік ерекшеліктері.
7.Етістіктің түбір тұлғалары

Етістіктің сөйлем құрамына түспей тұрғандағы, түбір тұлғалары түрліше. Ол тұлғалардың түрлілігі етістіктің сөз жасау тәсілдерімен тікелей байланысты. Сөз жасау-жаңа лексикалық мағынаны білдіру үшін болатын процесс. Сөз жасау тәсілдері арқылы жасалған етістіктер тілде сөздік құрамға енген қалпында тілдің дайын лексикалық единицасы саналады. Сөйлеу кезінде ол сол дайын қалпында алынады. Лексикалық единицалардың әрқайсысының тілге енген мерзімі бар, бірақ оның бәрі ғылымда белгілі бола бермейді. Тілге енгеннен кейін лексикалык единицалар қолдануға дайын элементтер тобына қосылады да, сөйлеушілер оны сөйлеу кезінде дайын қалпында алып, ойын білдіруге құрал ретінде пайдаланады. Тілдегі мұндай лексикалық единицалардың құрамы тұрақты, қолданушылардың әрқайсысы өзінше оның құрамын түрлендіре бермейді. Мысалы, тілге бір кездерде енген ақта, көкте, жаманда, жақсыда т.б. осы сияқты етістіктерді әркім өзінше оның құрамынан бір дыбыстарды алып тастап, не оған басқа бір дыбыстар қосып, өзінің ұнатуына қарай қолдануға болмайды. Онда адамдар бірін-бірі түсінуден қалады. Ал сөйлем кұрауда ол сөзді қандай формада қолдану сөйлеушіге байланысты.Мысалы, үйін ақтады, үйін ақтаған, үйін ақтапты дегендерде етістік өткен шак формаларында тұр. Осылардың қайсысын қолдану сөйлеушіге байланысты, өйткені өткен шақтық мағынаның аздаған ерекшелігіне кейбіреулердің мән бермеуі де мүмкін. Бірақ ақта деген етістікті тек оның әкте диалектілік вариантымен, немесе сыла деген синонимімен ауыстырмаса, оны басқаша етіп, ешкім өзінше қолданбауға тиіс. Оны синоним мен ауыстыру, не оның орнына дублет сөзін қолдану тілдегі Іетістігін өзгерту болып шықпайды.

3 Дәрістің тақырыбы : Туынды түбірлі етістіктер.
Жоспары
1 Туынды түбірлі етістіктердің өзіндік белгілері, түрлері
2 Кіріккен түбір етістіктер
3 Қос түбір етістіктер.
4 Тіркесті түбір етістіктер.
5 Күрделі етістіктер.
6 Құранды етістіктер.

Туынды түбір етістіктер. Қазіргі қазақ тілінде «Туынды етістіктерге, эдетте, түбірлерден арнаулы жүрнақтар арқылы жасалған етістіктер жатады». Мүнда туынды түбір етістіктің ең кемі екі компоненттен түратыны анық көрсетілген, олар: түбір жэне жүрнақ. Бүл осы түлғаның негізгі белгісіне жатады, бірақ туынды түбірде одан басқа тағы бір негізгі белгі айтылу қажет. Ол-оның мағынасы. Түбірге жалғанған жүрнақ түбір білдіретін лексикалық мағынадан басқа екінші бір лексикалық мағына жасайтыны ерекше айтылуға тиіс, өйткені егер ол түбір сөздің лексикалық мағынасын өзгерте алмаса, онда ол туынды түбір етістік жасамағаны. Сондықтан түбірден етістік жасаушы жұрнақ арқылы жасалған туынды лексикалық мағынаны білдіретін етістіктерді туынды түбір етістік деген анықтама оның мәнін толығырақ қамтиды.
Туынды түбір етістіктің лексикалық мағынасы оған негіз болған түбірдің лексикалық мағынасының негізінде жасалады. Бүл-негізгі түбірді анықтайтын, ажырататын белгілердің бірі. Оған эр кезде сүйенуге толық болады. Мысалы, түзда, шегеле, алаңда, арала, көгер, ағар, суар, жасар, оңал, шұбарт, сауық деген туынды түбір етістіктердің мағынасы түз, шеге, алаң, ара, көк, ақ, су, жас, оң, шұбар деген сөздердің мағынасымен байланысты.
Сондықтан да бір түбірден етістік жасаушы түрлі жұрнак арқылы жасалған туынды түбірлерде үнемі мағына байланыстылығы, жақындығы көрініп түрады: оңал, оңғар, теңе, теңел, теңде, теңгер, жақсар, жақсыла, жаксымсып. Осында үш топ түбірлес (ұялас) етістіктер бар, олардың бірінші тобы-оң, екіншісі-тең, үшіншісі-жақсы деген түбірден тарағандар. Әр топтағы түбірлес етістіктердің іштей мағыналық байланысы анық көрініп тұр. Бұл ерекшелік кейде оларды туынды түбір етістіктерден бөліп, өз алдына тұлға ретінде ұялас туынды етістіктер деп бөлуге желеу болғаны да кейбір оқулықта берілген түбір етістікті топтастырудан көруге болады.

3.Модуль Етістіктің категория формаларының сөздегі орны.
Дәрістің тақырыбы : Түбір етістікке тікелей қосылатын формалар.
Жоспары
1 Жақ категориясының түбірге тіркесу жағдайы.
2 Етіс жұрнактарының түбір тұлғаларға жалғануы.
З Етіс категориясының мағынасы мен сөйлем құрамына қатысы.

Сөйлем, сөз тіркесі етістік формаларының қызмет атқаратын орны. Етістік категорияларының формалары өзінің барлық ерекшелігін нақтылы контексте ғана көрсете алады.
Етістік формаларының сөйлемде айқындалатын белгілерінің біріне оның сөз кұрамындағы орны жатады. Бұл сөз табының категориялары көп болғандықтан және олардың көрсеткіштері көбіне бірімен-бірі сөз құрамында қандай тәртіпте орналасатыны сөз болу керек.
Категория көрсеткіштерінің сөздегі орнын білу оларды дұрыс ажыратуға көмектеседі, оның теориялық мәні де бар. Тіл білімінде бұл мәселелерге көбіне назар аударылмайды, ал кейде ол туралы сөз болса.Тек қосымшалардьң сөздегі орнына көңіл бөлінеді. Бұл жеткіліксіз, өйткені тілде синтетикалық формалармен қатар аналиикалық формалар да бар. Олар сөйлемде етістік құрамында араласып қолданыла береді. Бір лексикалық мағыналы негізгі етістікке аналитикалық форманттар тіркесіп, аналитикалық форманттарға қосымшалар жалғанып, бәрі де өз мағыналарын негізгі лексикалық мағынаға қосып тұру тілде өте жиі кездеседі. Мұндайда оның бәрі бір сөз қызметін атқарады. Мысалы: Сен керегіңді тез жазып ала қойдың. Осында төрт сөйлем мүшесі бар. Олардың бірі-баяндауыш қызметідегі аналитикалық формасы (жазып ала қойдың). Ондағы лексикалық мағына жазу. Осы негізгі етісікке екі аналтикалық формат тіркескен, екі қосымша жалғанған.

5 Дәрістің тақырыбы: Етістік құрамында екінші орында тұратын
формалар.
Жоспары:
1 Қимылдың өту сипаты категориясының форманттары.
2 Қимылдың өту сипаты категориясының мағынасы.
3 Қимылдың өту сипаты категориясының түркологияда зерттелуі,
танылуы.
4 Қимылдың өту сипаты категориясының аналитикалық, синтетикалық көрсеткіштері.

Түбір етістікке етіс жұрнағынан соң қимылдың өту сипаты категориясының форманттары тіркеседі де, бұл категорияның мағынасы сөзге етіс мағынасының үстіне қосылады. Сөйтіп, етістікте алдымен түбір етістіктегі негізгі қимылдың объектімен субъектіге қатысы көрсетіліп, содан кейін ол қимылдың қалай жасалғаны білдіріледі. Мысалы: айтқыза сал, оқыта бер деген мысалдарды алсақ, оларды айту, оқу қимылдарын біреуге жасату мағынасы және оның үстіне алғашқы етістікке ол қимылды немқұрайлы жасау мағынасы, соңғы етістікке ол кимылды жасауды әрі қарай жалғастыру мағынасы қосылған. Сонда бұл етістіктерде екі категорияның көрсеткіші бар, ол етістіктер бірде екі категорияның мағынасын береді. Ол категориялардың алғашқысы етіс, екіншісі кимылдың өту сипаты. Соңғы категория туралы біраз түсінік беру керек, өйкені ол бірлі-жарым оқулықтарда болмаса, көпшілік оқулықтарда берілмеген және ол түркологияда соңғы кезде ғана танылып жүр.
Бұл категория жалпы тіл білімінде акционарт деген терминмен аталады, орыс тіл білімінде ол үшін «категория характера протекания действия» және «способ протекания действия» деген екі термин жарыса қолдаылып жүр. Түркологияда оның біріншісі көбірек кездеседі.

6 дәрістің тақырыбы : Етістік құрамында үшінші орында тұратын формалар.
Жоспары
1 Модаль категориясының мағынасы,
2 Модаль категориясының көрсеткіші
3 Модаль категориясы көрсеткіштерінің сөздегі орны.

Негізгі лексикалық мағынаға сөйлемде үшінші болып қосылатын мағына-модаль категориясының мағынасы, яғни оның көрсеткіштері сөзге үшінші болып тіркеседі. Бұл категорияға тоқтамас бұрын, оның көрсеткіштері сөзде үшінші орында тұрады деген пікірді калай түсіну керек, сол жөнінде қарастырсақ.
Етістік сөйлемде барлық категориясында бірден қолданыла бермейді. Ол екі, үш категорияда жиі кездеседі, бірақ 4-5 категорияда бірден қолданылу бірлі-жарым болмаса, көбіне кездеспейді.
Қимылдың өтуін сипаттау категориясының форманттары етіс қосымшасынан кейін сөзге тіркеледі дегенде етістің бірінші орны, қимылдың өтуін сипаттау категориясның форманттарының екінші орны анықталды. Себебі ол екі категорияның көрсеткіштерінін керісінше қолданылуы жалпы заңдылық ретінде қалыптаспаған, тілде жоқка жуық. Сол сияқты етістікке қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштерінен модаль категориясның көрсеткіштері бұрын тіркеспейді. Модаль категориясының көрсеткіштері қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштерінен соң тіркеседі. Ал қимылдың өту сипаты категориясы сөзде екінші орын алатындықтан, оған тіркесетін модаль категориясының көрсеткіштері үшінші орында тұратын көрсеткіш деп саналады, өйткені ол қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткішінен бұрын тұра алмайды.

7 Дәрістің тақырыбы: Етістік құрамында төртінші орында тұратын формалар.
1 Рай көрсеткіштері, зерттелуі
2 Рай категориясының мағынасы, формалары
3 Рай көрсеткішінің сөздегі орны.

Сөйлемде етістік құрамында төртінші орында тұратын формаларға рай көрсеткіштері жатады, өйткені бұлар сөзде модаль көрсеткіштерімен қатар келгенде, олардан соң жалғанады. Ал модаль көрсеткіштері сөзде үшінші орында тұратыны жоғарыда айтылған. Бұлар да шартты түрде алынып отыр, себебі етіс, қимылдың өту сипаты, модаль категорияларының бәрінің көрсеткіштері бірден бір сөзде қатар келе қалуы теориялық тұрғыда мүмкін болғанымен, тәжірибеде кездесе бермейді.
Рай көрсеткіштері көбіне етістен соң, қимылдың өту сипаты категориясынан соң, сол сияқты модаль формадан соң келуі тілде өте жиі кездеседі. Мысалы: алдырды, келтірген, жазғызса, оқытқай, келе салса, айта қойса, үсіп кетті, айта алады, жаза аласың т.б.

8 Дәрістің тақырыбы: Етістікті аяқтайтын формалар.
Жоспары
1.Етістік аяқтайтын формалар, олардың түрлері
2 Жіктік жалғаулары
3 Көсемше формалары
4 Есімше формалары.
5.Тұйық етістік формалары.

Етістік сөйлем құрамында түрлі категорияларда қолданылғанымен, оның бәрі сөйлемдегі етістік формасын тиянақтау қызметін атқара бермейді. Сөйлемде етістік аяқталатын формалар санаулы ғана. Олар: жіктік жалғаулары, көсемше, есімше және тұйық етістік формалары. Көсемше қимылдың жай-күйін, мезгілін, себебін, амалын білдіреді. Ол нақтылы өз қызметінде қолданылғанда, басқа ешбір морфеманы өзінен кейін қабылдамайды, сондықтан ол етістіктің түрленбейтін формасы саналады. Осы ерекшелігіне қарай көсемше етістікті аяқтайтын формаларға жатады. Мысалы: күле қарады, асығып сөйледі, қисайып жатыр дегендерде күле, асығып, қисайып деген көсемше формалы етістіктер негізгі қимылдың қалай жасалғанын білдіріп тұр. Ондағы негізгі қимылдар:карады, сөйлейді, жатыр. Осы тіркестегі көсемше жанама қимылды білдіріп, пысықтауыш болады. Негізгі қимылды білдіретін етістік баяндауыш болады, өйткені бұлардың әрқайсысы дербес лексикалық мағына береді.

9 Дәрістің тақырыбы: Етістіктің болымсыз формаларының сөздегі орны.
Жоспары
1 Етістіктің болымсыз формаларының сөздегі орны.
2 Болымсыздықтың синтетикалык формалары.
3 Болымсыздық форманың шақ көрсеткішімен тіркесуі.

Етістіктің болымды мағынасы ешбір нақтылы морфема арқылы жасалмайтыны, ал болымсыздық мағынаны білдіретін тілде арнайы көрсеткіштер бары белгілі. Осы жағдай тек болымсыздык категорияның танылуына себеп болып та келді. Бірақ етістіктің болымды, болымсыз мағыналарының бір категорияның мағыналык қүрамына жататыны да танылып жүр. А.Н. Кононов оны етістіктің болымды, болымсз аспектісі деп бірлікте алады. Етістіктің болымды мағынасы, арнайы көрсеткіштер арқылы жасалмайтындықтан, оның орны туралы да сөз болуы мүмкін емес. Ал болымсыздық мағына арнайы көрсеткіштер арқылы беріледі, сондықтан оның сөз қүрамындағы орны көрсетілуі қажет. Етістіктің болымсыздқы көрсеткіштерінің сөздегі орны тұрақты емес, сондықтан оған жеке тоқталуды дұрыс санадық. Бір категорияның көрсеткішінің сөзде түрлі орны алуы түсіндіруді қажет етеді, өйткені әдетте бір категорияның әр көрсеткіші әр орында қолданылмайды. Етістіктің болымсыздық формаларының түрлі орынд қолданылуы оның синтетикалық және аналитикалық көрсеткіштеріне жэне етістіктің категорияларына байланысты.

Іздеу