Қазіргі қазақ прозасының поэтикасы (Дәріс / Лекция)

№1 дәріс тақырыбы: С.Мұратбековтің өмірі мен шығармашылығы
Дәріс жоспары
1.С.Мұратбеков өмірі мен шығармашылығы
2.Жазушының алғашқы әңгімелері
3.Жазушы шығармашылығының зерттелуі

Әдебиетімізге сонау елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында келіп бүгінде аға буынның белді өкілдеріне айналып, кемел шақтарына келіп отырған талантты топ бар. Олар өз мүмкіндіктерінше қазақ әдебиетінің бай қорына үлестерін қосып, оның өсіп өркендеп кеңінен қанат жаюына ықпалдарын тигізді.
Осы буынның беделді өкілдерінің бірі - жазушы Сайын Мұратбеков еді.

№2-3-4 дәріс тақырыбы: С.Мұратбековтің «Жабайы алма» повесіндегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өмірі
Дәріс жоспары
1. «Жабай алма» повесінің стилі
2. «Жабайы алма» повесіндегі кейіпкерлер жүйесі
3. Лиризм мен трагизмнің қатар өрілуі

Жазушы С. Мұратбековтің де ес біліп, есейген шағы да сол бір сұрапыл жылдармен тұспа-тұс келді. Ол жайында қаламгердің өзі де: «Қара сирақ балалық шағымыз соғыс жылдарында өтті. Қарнымыз бірде тоқ, бірде аш жүріп, аңыраған ана, жылаулы жетімдер, арасында қатал мезгілдің қатулы қабағын байқап өстік, қасірет дегеннің не екенін сездік. Бұл біздің ұрпақ пешенесіне жазылған өмір мектебі еді ... жүріп жатқан соғыстың ел арасына жеткен жаңғырығындай халық драмасы сәби санамызға, әрине, із қалдырмай өткен жоқ ...» (Қазақ әдебиеті, 1986, 17 октябрь),-дейді.

№5-6 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы ұлттық бояу
Дәріс жоспары
1.Жазушы шығармаларының сюжеті
2.Жазушы шығармаларының композициялық құрылысы
3.Жазушы әңгімелеріндегі ұлттық характердің жасалу жолдары

Қандай да болмасын көркем шығарманың құрылымына тоқталар болсақ, онда әңгіме фабула, сюжет және композиция туралы айтылатын болады. Бірақ бірқатар зерттеушілер мен сыншылар, ақын-жазушылар мен оқырман қауым сөз өнеріндегі фабула мен сюжет ұғымын шатыстырып, кейде бір-бірінің орнына қолданып та жүр. Фабула термині мүлдем қолданылмайды немесе ол сюжеттің бір бөлігі, тіптен, оның екінші атауы ретінде түсініліп жүр. Бұл туралы жалпыға ортақ, дәйектелген анықтаманың жоқ екендігі академик З.Қабдолов еңбегінде де айтылады: «... фабуланы Аристотельше шығармада жайттарды жымдастыру» дейік, Лессингше шығарманың» «табанында тұтасып жатқан арқау» дейік, Гегельше «шығарманың негізі және жаны» дейік, А. Островскийше «болған жайтты ешқандай бояусыз тұжырып айтып беру» дейік, Кайзерше «болған оқиғаны ықшамдап, схемаға түсіру» дейік, Кожиновше «әрі айтып, бері айтқанда белгілі бір оқиғалар шоғырынан тұтасқан мәлімет, хабар» дейік, бәрібір, фабула - фабула да, сюжет - сюжет» [6,162], - деп түйеді белгілі ғалым.

№7 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы образдар жүйесі
Дәріс жоспары
1.Жазушы шығармаларындағы образ және характер
2.Образ жасаудағы амал-тәсілдердің өзара сабақтастығы
3.Жеке адам, образ концепциясы

Академик Зейнолла Қабдоловтың қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі еңбек болып табылатын «Сөз өнері» кітабында «образдың қазақшасы - көркем бейне»[6,81] деген анықтама берілген. Яғни, шығармада суреттелген образ өмірдегі объектінің тікелей көшірмесі емес, нақты өмірдегі тұлғаның жазушының ой-санасы, қиял-сезімі, дүниетанымы мен көзқарасы тұрғысынан өнделіп, елеп-екшелген әдебиеттегі көрінісі болуға тиіс. Ал, «әдебиеттің объектісі - өмір болғанда, предметі - адам екенін» ескере отырып, біз негізінен адам бейнесіне тоқталмақпыз.
«Образ - адам өмірінің картинасы. Образдың көмегімен өмірді бейнелеу - адам өмірінің, яғни, өмірдің белгілі бір саласы туралы пікір қалыптастыруға мүмкіндік беретін, адамдардың осы салаға тән іс-әрекеті мен қуаныш-сүйінішінің картинасын салу»,- дейді белгілі орыс ғалымы Тимофеев. Ал, Сайын Мұратбековтың шығармалары асқан шеберлікпен салынған, бояуы қанық осындай картиналардан тұрады. Жазушының алғашқы туындыларының бірі - «Райгүлдегі» Райгүл бейнесін алайық. Шағын ғана әңгімеде ата-ананың жалғызы болғандықтан ешкімнен қағажу көрмей еркін де ерке өскен бұла бойжеткеннің бар болмысы мөлдірете бейнеленген.

№8 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы кейіпкерлердің мінез қырлары
Дәріс жоспары
1.Ұлттық характер, ұлттық сана, ұлттық психологияның тамырластығы
2.Характер даралаудың көркемдік принциптері

Біз Мұратбеков кейіпкерлерінің мінезін екі тұрғыдан: жеке адам ретінде және ұлттық бейне жағынан қарастырмақпыз.
С.Мұратбековтің кейіпкерлері-негізінен Ұлы Отан соғысы мен одан кейінгі кездегі 60-70 жылдардағы ауыл тұрғындары.
Сондықтан, жазушы шығармаларындағы кейіпкер мінезі өзін қоршаған саяси-әлеуметтік, қоғамдық орта ретіндегі басты зерттеу нысаны - ауыл өміріне байланысты қалыптасып, дамып отырады.
Ал, қазақ халқының бүкіл ұлттық ерекшелігін алуан түрлі алмағайып замандардан, аумалы-төкпелі кезеңдерден аман-есен алып өтіп, бойында сақтай білген ауыл - өз ұлтының қадір-қасиетін де түсіне де құрметтей білетін әр азаматтың көкейіндегі асыл ұғым. С.Мұратбеков кейіпкерлері- осы ауылда туып-өскен, даладай дархан да, жомарт мінезді, сырбаз да кішіпейіл, ақжарқын да бауырмал, өжет те батыл жандар.

№ 9-10 дәріс тақырыбы:С.Мұратбеков шығармаларындағы тартыс
Дәріс жоспары
1.С.Мұратбековтің «Ата» әңгімесіндегі тартыс
2.С.Мұратбековтің «Біреу» әңгімесіндегі шартты тартыс
3.С.Мұратбеков шығармаларындағы тартыстың ролі

Тартыс - мойнына көптеген маңызды міндеттер мен аспектілерді алатын әдебиет пен өнердегі негізгі проблемалардың бірі. Сонымен қатар, бұл жазушының позициясы, оның өмірге деген көзқарасы. Осы арқылы суреткер қоғам дамуының негізгі тенденцияларын бойына жинақтаған типтік характерлерді жасайды.
Немістің белгілі ақыны Иоханес Бехер былай деп жазған: «Шығарманы оқуға оқушының ынтасын арттыратын не? Тартыс. Көңілін аударатын не? Тартыс. Өмірде, әдебиетте немесе білімнің қай саласында болмасын алға ұмтылуға себепкер болатын не? Тартыс. Тартыс неғұрлым терең, неғұрлым мәнді болса, ақынның да мықты болғаны» [26,107].

№11 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков әңгімелеріндегі табиғат көріністері және авторлық байлам
Дәріс жоспары
1.Жазушы әңгімелерінің шебер құрылымы
2.«Ата» әңгімесіндегі адамдық сезім
3.Жазушы әңгімелеріндегі авторлық байлам және табиғат көріністері

Көркем шығармада табиғат көріністерін суреттеу ертеден келе жатқан көркемдік әдістің бір түрі. Ол антикалық эпопеяларда, көне грек романдарында, орта ғасырлық діни шығармаларда да кездеседі. [15,193]
Орыстың ұлы жазушысы М.Горький: «Сөзбен сурет сала білуді қаламгердің бойындағы өте сирек ұшырасатын талант» [46,184] деп бағалаған. Адам мен табиғатты етене алып суреттеу Тургенев пен Толстойдың, Чехов пен Буниннің, Шолохов пен Пришвиннің шығармаларындағы негізгі критерийдің бірі болған. «табиғаттан адам жанының әсем жақтарын іздеу және оны таба білу жазушының міндеті» деп есептейді пейзажист жазушы М.Пришвин. [47,83]
Бұл құбылыс қазақ әдебиетіне де жат емес. Сонау ауыз әдебиетінен бері қарай осы күнге дейін сөз өнерінде табиғат көріністерінің небір ғажайып үлгілері жасалды. Көне дәуірдегі қазақ әдебиетінде қазіргі ұғымдағы пейзаж ұшыраспағанымен табиғат суретінің кейбір елестерін байқауға болады.
«Бояуы қанық, нақты әрі жанды пейзаж қазақ пейзажы Абайдан басталады»[48,304]. Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты т.б. сөз зергерлері бұл дәстүрді ілгері дамытты. Бұл күні көркем пейзаж реалистік шығарманың негізгі көркемдік құралының біріне айналды.

№12 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы символ
Дәріс жоспары
1.Жазушы шығармаларындағы символ және символдық оьраздар
2.Жазушы шығармаларындағы символдың көркемдік қызметі

«Символ» терминінің түп-төркіні нысана, бейне, белгі деген мағынаны білдіретін гректің symbolon сөзінде жатыр, - деп келтірілген профессор Қажым Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» атты кітабының тақырыпшасында. Одан әрі ғалым былай деп тұжырымдайды: «Образ тура өз мағынасында емес, бейнелеу мағынасында айтылса, символдық образ немесе символ деп аталады.
Біз теңеу, метафора, символдарды алып салыстырсақ, араларында жақындықтары барлығын көреміз. Бұлардың араларындағы айырмалары мынау: теңеуде теңелетін нәрсе мен теңейтін нәрсенің екеуі де көз алдымызда тұрады. Сөз метафоралық ұғымында қолданылса, құбылысты көрсететін бір сөз араларындағы жақындығы арқылы екінші сөзге ауыстырылады. Ал, символда теңеудің бір ғана мүшесі болады. Сол кеңейтіліп жеке образға айналдырылады» [35,123].

№13-14 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы психологизм
Дәріс жоспары
1.Жазушы әңгімелеріндегі психологизмнің көркемдік қызметі
2.Жазушы әңгімелеріндегі психологизмнің берілуі

Белгілі орыс ғалымы Г.Н.Поспелов «Психологизм адам өмірін әдеби-көркемдік тұрғыдан меңгерудің ең маңызды тәсілі, бұл термин кейіпкерлердің жекелеген әсерлерінің өзара байланысы мен динамикасын белгілейді»[15,161],-десе, «Әдебиеттегі психологиялық талдау «адамды бейнелеудің ерекше жолы болып табылады» [16,90],- дейді әдебиет зерттеушісі С.Бочаров. Ғалым В.Литвинов өзінің «Характер - это судьба» деген монографиясында психологиялық талдаудағы шеберлікті: «Өнер кереметінің» тағы бір көрінісі деп пайымдайды. «Психологиялық талдау сияқты немесе суреткердің кісінің ішкі әлеміне, сезімдеріне үңілуі секілді «адамдықтың» кемеңгерлік идеясын басқа ешбір құбылыс нақтылы түрде көрсете алмайды»[17,341],-дейді ол. Профессор Б.Майтановтың сөзімен айтқанда, «көркем шығармадағы өмір шындығының басты бір кепілі психологияда соны жеткізу амал-тәсілдерінің жиынтығы немесе идеялық-әстетикалық, творчестволық феномен - психологизм» [18,4].
Сонымен қатар, «психологизм - мазмұн мен пішіннің да маңызды мәселесі: ол адамның аса бай ішкі әлемін бейнелегенде мазмұн мен пішінге соқпай өтпейді. Бұл ретте әсіресе, жазушының психикалық машығы мен жеке тәжірибесі, жалпы, барша болмысы айқын әрі көрнекті рөл атқарады» [19,47].

№15 дәріс тақырыбы: С.Мұратбеков шығармаларындағы монолог және диалог
Дәріс жоспары
1.Жазушы әңгімелеріндегі монолог, оның көркемдік қызметі
2.Әңгімелеріндегі диалог, оның көркемдік қызметі

Көркем шығармадағы кейіпкер сөзі өзінің атқарар ролі мен маңызы тұрғысынан сөз өнеріндегі көркемдік құралдар арасындағы өзгелерінен ерекше, қолданыс аясы да бөлек, артылар жүгі де ауыр бірегей түрі болып табылады. Құрылымдық жағынан төл сөз, ортақ төл сөз боп келетін кейіпкер сөзі шығармада монолог немесе диалог түрінде көрініс табады.
Шығарманың құрылымы, автордың мақсаты және жазушының стиліне байланысты кейіпкер сөзінің қызметі мен қолданылуы әр түрлі болып келеді. Мысалы, монолог бір адамның сөзі ретінде оның жеке ой-пікірін, көзқарасын, дүниетанымын білдіреді. Бірақ, автордың оны кейіпкердің характерін ашу, көңіл-күйін, жас шамасын, жынысын, мамандығын т.б. білдіру мақсатында қолдануы да мүмкін.
Ал, кейде кейіпкерлердің тыңдаушыға айтқан әңгімесі ретінде тұтас бір монологтан тұратын шығармалар да болады. Мұның классикалық үлгісі - жапон жазушысы Саке Комацудың «Жапония сатылады» атты әңгімесі. Бірінші жақтан айтылатын шығармаларды да белгілі бір тұрғыдан монологқа жатқызуға болады.

Іздеу