Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы (Дәріс / Лекция)

1 Дәрістің тақырыбы: Грамматика ғылымы туралы түсінік. Грамматикалық категория, грамматикалық тұлға, грамматикалық мағына.
Жоспары
1.Грамматика ғылымы туралы түсінік.
2. Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы.
3. Грамматикалық тұлға мен мағына
4. Грамматиканың салалары.
5. Грамматиканың зерттелуі.

Грамматика-әуел баста әріптерді оқи алу және жаза білу өнері, 1) тілдің ішкі құрылысы, яғни сөз тудыру, сөзжасам тәсілдерінің
морфологиялық, сөз таптары мен түрлену формаларының, категорияларының сөздің бір-бірімен байланысуы, сөз тіркесінің, сөйлем құрылысынң жүйесі; 2) тілдің грамматикалық құрылысын, оның заңдылықтарын зерттейтін, яғни тілдегі сөз таптарын, олардың түрлену жүйесін, грамматикалық тұлғалары мен категорияларының, сөздің бір-бірімен тіркесу тәсілдері мен түрлерін, сөз тіркестері құрылысын, сөздердің сөйлемдегі қызметін, сөйлем жүйесін зерттейтін тіл білімінң бір саласы.

2 Дәрістің тақырыбы: Морфология-грамматика ғылымының бір саласы. Сөз таптары, оларды топтастыру.
Жоспары
1.Қазақ тіліндегі сөздерді семантикалық, морфологиялық белгілеріне қарай бөлу.
2. Атаушы сөздер, олардың ерекшелігі.
3. Көмекші сөздер, оларға тән белгілер.
4.Одағай сөздер, олардың белгілері.
5. Сөз таптарының зерттелуі.
6. Морфологияның зерттелуі.

Тілдегі сөздерді лексика-грамматикалық сипаттарына қарай топтастыру грамматиканың теориялық та, практикалық та маңызы зор негізгі мәселе. Сөздерді лексика-грамматикалық жағынан топтастырып, олардың грамматикалық сыр-сипаттарын айқындау грамматиканың ең негізгі мәселесі болып табылады.
Қазақ тіліндегі сөздер семантикалық және морфологиялық белгілеріне қарай, ең алдымен атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп үш топқа бөлінеді.
Атаушы сөздер өмірде кездесетін ұғымдар мен түсініктерді не тікелей, не жанай білдіріп, олардың атаулары ретінде қабылданып жұмсалатын, өздеріне тән толық лесикалық мағыналары бар, соған лайық қалыптасқан өзді-өздерінің дыбыстық құрамдары мен екпіндері бар дербес сөздерді айтамыз. Атаушы сөздер өздеріне тән дербес мағыналары болатындықтан, қатынас құралына негізгі арқау я таяныш есебінде қызмет етеді де, өзге сөздермен тіркесіп те, тіркеспей жеке-дара тұрып та керегінше қолданылады. Олар тілдің грамматикалық заңына лайық түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, сөйлемге өз алдына мүше бола алады жәнеолардан тілдегі қалыптасқан тәсілдер бойынша басқа да туынды атаушы сөздер жасала береді. Атаушы сөздер лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар, өзге сөздермен тиісті байланыс-қатынасқа түскенде, әр алуан қосымша мағыналарды білдіре алатын сөздер.

3 Дәрістің тақырыбы: Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты, синтаксистік қызметі, мағыналық топтары. Көмекші есімдер.
Жоспары
1. Зат есім туралы жалпы түсінік.
2. Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты.
3. Зат есімнің морфологиялық сипаты.
4. Көмекші есімдердің көлемдік, мезгілдік мәнді білдіруі, көмекші есімдердің зат есімдердің шеңберінде қолданылу ерекшелігі.
5. Зат есімнің синтаксистік қызметі.

Зат есім-лексикалық тұрғыдан алғанда өз алдына дербестігі бар сөздер. Сөз табы жағынан есім сөздер тобына кіреді. Қоршаған дүниедегі зат пен жануар атаулыға, барша құбылыс пен уақиға, болмыс атаулыға есім, атауыш болып келетін сөздердің бәрі де зат есімдер.
Табиғат пен қоғамдық тіршіліктің қыр-сыры қаншалық алуан түрлі болса, олардың бас-басына дерлік атауыш ретінде жұмсалатын сөздер де соншалық әр түрлі. Зат есімдер тікелей сезім арқылы тануға болатын дүниедегі нақтылы нәрселерден бастап, адамның тек ақыл-ой қабілетінің жәрдемі нәтижесінде ғана түсінілетін түрлі абстракт ұғымдардың аттарын да білдіре алады. Зат есімнің мағыналық өрісі мейлінше кең екендігін қарау үшін бұл тұста оның қамтуына кіретін сөздердің мынандай лексикалық топтарын атап өту жөн. Мысалы, тұрмыстағы түрлі заттар мен нәрселердің, жан-жануар, өсімдіктепрдің, табиғат денелері мен құбылыстардың атаулары, адамның кәсібін, мамандығын, қабілетін, тегін, қоныс-тұрағын білдіретін, әдет-ғұрыпқа, салтқа, ойын-сауыққа байланысты айтылатын сөздердің барлығы да зат есімге жатады.

4 Дәрістің тақырыбы :Сын есімнің өзіндік мағыналық ерекшелігі, морфологиялық белгілері, синтаксистік қызметі.
Жоспары
1. Сын есімнің семантикалық топтары
2. Сын есімнің морфологиялық құрылымы
3. Сын есімнің синтаксистік қызметі
4. Сын есімнің зерттелуі

5 Дәрістің тақырыбы :Сан есімнің лексика- семантикалық, морфологиялық ерекшелігі, синтаксистік қызметі.
Жоспары
1. Сан есімнің лексика-семантикалық сипаты.
2. Сан есімнің морфологиялық ерекшелігі.
3. Сан есімнің синтаксистік қызметі.
4. Сан есімнің зерттелуі.

Сан есім- заттың санын, ретін, есебін білдіретін есімдер жататын сөз табы. Құрылысы жағынан дара сан есім, күрделі сан есім, қосарлы сан есім болып бөлінеді. Мағыналық және морфологиялық ерекшелігіне қарай 6 топқа жіктеледі: 1) есептік сан есім-сандық мөлщерді емес немесе дерексіз сандық ұғымды білдіреді, ол лексикалық-семантикалық тәсіл, морфологиялық тәсіл, синтаксистік тәсіл арқылы жасалады; 2) реттік сан есім-заттар мен құбылыстардың орын тәртібін, реттік жүйесін белгілеу үшін қолданылады; -ыншы,-інші,-ншы,-нші қосымшалары арқылы жасалады; 3)жинақтық сан есім-сандық мөлшерді жинақтап көрсету үшін қолданылады; -ау,-еу қосымшалар арқылы жетіге дейінгі есептік сан есімнен жасалады;4) топтық сан есім-өзара теңбе-тең сандық мөлшерді білдіреді: -дан,-ден,-тан,-тен,-нан,-нен,-дап,-деп,-тап,-теп қосымшалары арқыл ыжасалады; 5) болжалдық сан есім-сандық мөлшерді шамамен білдіреді;-ер,-дай,-дей,-тай,-тей, -даған,-деген,-таған,-теген,-лы,-лі, -ды,-ді-ты,-ті,-деген,-таған,-теген,-лы,-лі,-ды,-ді, жұрнақтары, жуық, шамалы, шақты, астам т.б. сөздердің тіркесуі арқылы жасалады: 6) бөлшектік сан есім –заттар мен құбылыстардың бөлшектік үлесін, бөлшегін білдіру үшін қолданылады. Сан есім басқа сөз таптарын жасауға да негіз болады. Сан есімдердің негізгі ерекшелігі-олар өзге сөз таптарынан жасалмайды.

6 Дәрістің тақырыбы: Есімдік, оған тән негізгі мағыналық ерекшелік, мағыналық топтары, синтаксистік қызметі.
Жоспары
1. Есімдіктің лексика-семантикалық сипаты.
2. Есімдіктің морфологиялық ерекшеліктері.
3. Есімдіктердің сөйлемдегі қызметі.
4. Есімдіктердің қазақ тіл білімінде зерттелуі.

Есімдік-есім сөздердің орнына қолданылатын сөздер. Есімдіктің қай сөздің орныада жұмсалып тұрғаны алдыңғы сөйлемнен белгіл болғандықтан ол жалпы мағынаға ие. Мысалы, мен-сөйлеушіні, сен-тыңдаушыны, ол- бейтарап адамды танытады. Сөйтіп бұл сөз табының құрамына енетін сөздердің мағынасының нақтылы болмай, жалпылама болып келуі есімдіктің лексика-семантикалық өзгешелігі болып табылады.Айталық, мен, сен сияқты сөздердің нақтылы мағына беретін сөздердің де, абстрактылы мағынада да жұмсала беруі мүмкін. Морфологиялық тұрғыдан алғанда, есімдіктер басқа сөз таптары сияқты септелуге, көптелуге бейім. Соның өзінде есімдікке тән айырмашылық бар. Мысалы, зат есімде көптік мағынаны білдіру лексикалық, морфологиялық, сол сияқты синтаксистік тәсілмен де болып жатады. Ал есімдіктерде көптік жалғау арқылы көптік мағынаны білдіру барлық түрлеріне тән құбылыс болса, лексикалық тәсіл тек сұрау есімдіктерінде болады. Сондай-ақ лексикалық тәсілмен көптік мағынаны білдіру жіктеу есімдіктеріне, соның ішінде, бірінші және екінші жақтағы есімдіктерге ғана тән. Есімдіктердің көпшілігі септелгенмен, қайсыбірі дәстүрлі жалғауды «қабылдамайды»: маған (менге емес), саған (сенге емес), менен (меннен емес),оған (олға емес), онымен (олмен емес,снымен (солмен емес). Сөз тудыру тұрғысынан келгенде, есімдіктердің өздерінен жаңа сөз жасау өте сирек кездеседі. Лексика-семантикалық және грамматикалық өзгешеліктеріне байланысты есімдіктер жеті топқа бөлінеді: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, белгісіздік, жалпылау, болымсыздық.

7 Дәрістің тақырыбы: Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты, жасалу тәсілдері
Жоспары
1.Етістіктің жалпы сипаты.
2. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары.
3. Етістіктің лексика- семантикалық топтары.
4.Етістіктің грамматикалық сипаты.
5. Етістіктің жасалуы.
6. Етістіктің зерттелуі.
7. Етістіктің синтаксистік қызметі.

Етістік-қазақ тіліндегі негізгі сөз таптарының бірі. Оның өзіндік ерекшеліктер мол: семантикалық сипаты сан алуан, грамматикалық қасиеті әр жақты, түрлену жүйесі менграмматикалық категориялары әр қилы, синтаксистік қызметі мен тіркесу, басқа сөздермен байланысу қабілеті кең, құрамы мен құрылымы қат-қабат. Семантикалық жағынан етістік табиғат пен жаратылыс шеңберінде, қоғамдық өмірде адамның абстракты ойы мен санасында пайда бола алатын алуан түрлі қимыл, іс-әрекет, қозғалыс, амал, қалып, жай-күй, ойлау-сөйлеу, көру, есту, бағыт-бағдар, бейнелеу т.б. процестерге қатысты ұғымдарды білдіреді.
Етістіктердің осындай семантикалық сипаты осындай сан алуан болғанымен, грамматикалық қасиеті жағынан олар ыңғайлас, сәйкес болып келеді.

8 Дәрістің тақырыбы: Етістіктің категориялары
Жоспары:
1.Етістіктің негізгі, қимыл атауы категориясы.
2. Сабақтылық-салттылық категориясы.
3. Етіс категориясы.
4. Болымды-болымсыздық категориясы.
5.Қимылдың өту сипаты категориясы.
6. Етістіктің ерекше тұлғалық түрлері: есімше, көсемше, тұйық етістік.
7. Етістіктің таза грамматикалық түрлері: рай, шақ ,жақ категориялары.

Қимыл есім- етістікке тән шақтық қасиеттен де, жіктелу, райлық қасиеттерден де тысқары тұратын, есімдерше түрленетін етістіктің ерекше бір түрі. Етістіктің райлары шаққа қарай түрленіп, жіктеліп сол арқылы қимылдың иесімен жақ жағынан байланысқа түсетін болса, қимыл есімдерде ондай қасиет жоқ. Ол есімдерше септеледі, тәуелденеді, бірақ етістіктерше жіктелмейді, шақ пен жаққа қатысы болмайды, мағыналық жағынан қимылдың, іс-әрекеттің атын білдіреді. Сондықтан да бұл қимыл есім деп аталады Қимыл есімі етістіктің негізгі, туынды түбірлеріне, болымсыз түрлеріне және етістіктерге –у жұрнағының жалғануы арқылы жасалады.Мысалы, бару, келу, жүру, санау, бұрғылау, алмау, қалмау, жуыну, тарану, алғызу, сөйлесу. Қимыл есім қимыл, іс-әрекеттің атын білдіріп, солардың атауы болатындықтан, заттық мағынада, зат есім мәнінде жиі қолданылады, тіпті кейбір қимыл есімдер белгілі бір заттың атын білдіріп, зат есімге айналып кеткен. Мысалы: егеу, қашау, көсеу. Мұндай сөздердің бір қатары әрі етістік, әрі есім қғымын білдіретін омонимдік сипат алған.

9 Дәрістің тақырыбы: Үстеу, морфологиялық белгілері, түрлері, жасалу тәсілдері, мағыналары, сөйлемдегі қызметі
Жоспары
1.Үстеулердің зерттелу тарихы.
2.Үстеудің лексика-грамматикалық топтары.
3.Үстеудің морфологиялық ерекшелктері.
4.Үстеудің синтаксистік қызметі

Күрделі сөз таптарының бірі-үстеу. Ғалым А.Байтұрсынов үстеу сөздерді әуел баста шылау сөздердің құрамында демеу, жалғаулық, одағай сөздердің қатарына қосып, оған: «... сөз үстіне қосылып сөздердің мағынасын толықтыратын сөздерді үстеу дейміз»,-деп анықтама берген. Ғалым кейінірек үстеуді жеке сөз табы ретінде бөлек атап, оған былайша анықтама береді: «Үстеу -сын есім, сан есім, есімдік сөздерді толықтыру, күшейту үшін айтылатын сөздер». А.Байтұрсынов үстеуді бес мағыналық топқа бөледі: 1) нықтаулық; 2) сынаулық; 3) өлшеулік;4) мезгілдік ;5) мекендік;
Профессор С.Аманжолов: «Үстеу дегеніміз-істің қимылын, белгісін, мезгілін білдіретін сөз»,-деген түсініктеме береді және қызметіне қарай екі топқа бөледі: етістікпен тіркесетін етістік үстеулер және есімдермен тіркесетін есім үстеулер.Ғалым етістік үстеулерге қолма-қол, дәл, кеше, бүгін т.б. Үстеулерді жатқызса, ал есім үстеулерге орасан, тым, тіпті т.б. Сөздерді жатқызады.

10 Дәрістің тақырыбы: Еліктеу сөздердің семантикалық сипаты, фонетика-морфологиялық сипаты, синтаксистік қызметі
Жоспары
1. Еліктеу сөздердің зерттелу тарихы.
2. Еліктеу сөздердің мағыналық түрлері.
3. Еліктеу сөздердің фонетика- морфологиялық сипаты.
4. Еліктеу сөздердің синтаксистік қызметі

Еліктеу сөз табына жататын сөздер адамды қоршаған табиғат құбылыстарының және айналадағы заттардың қозғалуынан шыққан дыбыстарға еліктеуден немесе адамның түрлі жағдайға байланысты әрекетіне, қозғалысына қатысты көріністердің, сонымен бірге желдің гуілі, жапырақтың сыбдыры, найзағайдың жарқылдауы, күннің күркіреуі, өзеннің сылдырап ағуы, заттардың құлап түсуі, домалауы, соқтығысуларына еліктеуден пайда болған мән-мағынаны білдіретін ұғым атаулары, сол сөздердің жиыны.
Сөз табы - ретінде еліктеу сөз тілде кейіннен танылған сөздердің тобы. Ол түркі тілдерінің ертеректе шыққан грамматикаларында одағай сөз табының құрамында қаралып келген. Түркі тілдерінде еліктеу сөздерді өз алдына одағайдан алғаш рет бөліп, оның 115-тен артық құрылымдық түрі барын анықтаған чуваш ғалымы Н.И.Ашмарин. Түркі тіліндегі еліктеу сөздерді өз алдына бөліп, одағай сөзден айырмашылығын көрсеткен ғалым-Л.Н.Харитонов.

11 Дәрістің тақырыбы: Көмекші сөздер, олардың түрлері. Шылаулар, грамматикалқ сипатына қарай түрлері
Жоспары
1. Шылаулардың зерттелу тарихы.
2. Шылаулардың жалпы сипаттамасы, түрлері.
3. Жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер, олардың қызметі.

Шылауларды о баста толық мағыналы сөздер болғандығы туралы ғылыми еңбектер жазылып келеді. Ғалым А.Байтұрсынов шылауларды 3-ке бөледі: 1. Үстеу,2. Демеу; 3. Жалғаулық. Ғалым шылаулардың қатарына үстеулерді де жатқызады. Демеуліктерге да, де, ма, ме, әлде не, немесе, әйтпесе т.б, жалғаулықтарды жатқызады. Ал жалғаулықтарға қазіргі кезде септеулік шылау делініп жүрген біраз сөздер енгізілген. Ол туралы А.Байтұрсынов былай түсінік береді: «Кей сөздер жалғау орнына жүреді жаңа жалғаулар сияқты басқа сөздердің шылауында тұрмаса, өз алдына мағына шықпайды. Сондай сөздерді жалғаулық дейміз. Жалғаулық сөздер қазақ тілінде тіпті аз, мәселен: мен, үшін, арқылы, тақырыпты, туралы».

12 Дәрістің тақырыбы: Одағай, оның түрлері, қызметі, ерекшелігі
Жоспары
1. Одағай, жалпы сипаттама.
2. Одағайдың түрлері.
3. Одағайдың интонациялық ерекшеліктері.
4. Одағайдың құрамы мен қызметі.

Одағай категориясына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру немесе малды шақыру, айдау, қарғау мақсатымен де қолданылады. Бұл категорияның құрамы әредік, ала-құла. Басқа сөз таптарына жататын сөздердің (зат есімдердің) интеръективизацияланып, одағай мағынасында жұмсалуы жиі кездеседі.

13 Дәрістің тақырыбы: Модаль сөздер
1. Модаль сөздер туралы жалпы сипаттама
2. Модаль сөздердің қалыптасуы.
3. Модаль сөздердің мағынасы мен қолданылуы

Сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатысы және сөйлеушінің ол жөніндегі пікірі тіл білімінде, әдетте сөйлемнің модальділігі деп аталады.
Лингвистикалық әдебиеттерде, сонымен қатар басқа да кейбір зерттеулер мен әдебиеттерде қолданылып жүрген «модальноть» термині орыс сөзі емес деп көрсетілген академиялық грамматикада. Ол латын тіліндегі «modus» («мера») деген сөзден алынған. Бұл сөз латын тілінде грамматикалық термин (рай атауының) орнына да қолданылған.
Сөйлемнің модальділігін тіл білімінде жалпы объективті модальділік және субъективті модальділік деп екі тұрғыда қарайды. Сөйлем мазмұнының ақиқат шындықпен сәйкестілігі объективті модальдік деп аталады. Объективті модальділік сөйлемнің жалпы предикаттығы деген өз алдына бөлек проблемаммен ұштасып жатады. Ал, субъективті модальділік деп сөйлем мазмұнының ақиқат шындыққа қатынасы жөніндегі сөйлеушінің көзқарасын, пікірін айтады.

Іздеу