Сал-серілер шығармашылығы (Дәріс / Лекция)

№1 дәріс тақырыбы: Сал-серілер шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1.Ұлттық поэзия тарихындағы сал-серілер шығармашылығы
2.Сал-серілердің өрелі өнерпаздық табиғаты

Ұлттық поэзия тарихында бір басында ақындық-әншілік, композиторлық - орындаушылық, жыршылық - әңгімешілдік, импровизаторлық-ойыншылдық өнерді аса сәтті тоғыстырған әнші ақындардың, сал-серілердің өрелі өнерпаздық табиғаты айрықша мәнділігімен ерекшеленеді.
Бұл орайда халықтың жуан ортасынан суырылып шыққан осындай біртұтас киелі өнердің көрнекті қайраткерлері Біржан сал, Ақан сері, Абай, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Мәди, Үкілі Ыбырай, Құлтума, Сары, Майра, Естай, Нартай, Кенен т.с.с жөнінде түйдек-түйдек ойлар өрбіткен Ахмет Жұбанов пен Есмағамбет Ысмайыловтың зерттеулері тарихи-әдеби деректерімен, мағыналы толғамдармен құнды. Бір ұлттың заманалар мен дәуірлер сырын шерткен көркем шежірешілердің өнегелі өмірі мен өрісті өнерін тұтастай сөйлетіп баяндау, талдап таразылау, жүйелеп зерттеу мүмкін емес. Кезінде дүниені дүбірлеткен дарынды дүлдүлдердің ұмытылғаны да бар. Мысалға жүгінсек, ақпа-төкпе ақын, әйгілі әнші, айтулы композитор Айтпай Демікпеұлы жайлы мағлұматтар жоқтың қасы. А.Затаевич Айтбайдың Ғаббас, Қабыс, Усайын дейтін өнерлі ұлдарынан бірнеше әндерді нотаға түсіріп, «Қазақтың 500 ән-күйі» еңбегінде жариялаған. Мұның ішінде аты «қазаққа мәлім болған», сөзі «үш жүзге тәлім болған» Айтпайдың «Раушан», «Перизат» әндерінің нотасы берілген.

№2 дәріс тақырыбы: Арыстанбай Тобылбайұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1.Өмірі туралы мәлімет
2.Арыстанбай Тобылбайұлының шығармашылығының зерттелу жайы.
3.Шығармаларының тақырыбы, көтерген мәселелері.
4.Арыстанбай шығармаларының жанры және көркемдік ерекшеліктері

Қазақ жерінің қасиетті топырағында аспандағы аққуға әнін қосқан күміс көмей, жезтаңдай әншілер, жыр теңізін сапырған тапқыр ойлы, өткір тілді төкпе ақындар, тыңдаушының ой-қиялын қияға самғатып, сай-сүйегін балқытатын шешен-билер, небір тамаша қисса – дастандарды тамылжытып айтатын жампоз жыршылар туған ғой. Солардың бірі – Арыстан ақын. Арыстанбай (Арыстан) Толыбайұлы (кейде Толыбай деп те айтылады) 1811 жылы туып, 1880 жылы дүниеден көшкен. Ол сан қырлы талант иесі болған. Қолына үкілі домбыра ұстап, күмбірлете ән шырқаған, қиссалар мен дастандарды мақамына, нәшіне келтіріп, сазды дауысымен сызылта, сыңғырлата жырлаған, сондай-ақ Орынбай, Шөже, Сералы, Тоғжан сынды суырып салма саңлақ ақындармен айтысқан.

№3 дәріс тақырыбы: Құлтума Өтемісұлы, Қанапия Басығараұлы шығармашылығы шығармашылығы.
Дәріс жоспары:
1.Өмірі туралы мәлімет
2. Құлтума Өтемісұлы шығармашылығы.
3. Құлтума Өтемісұлының өлең-термелері.

Қазақ әдебиеті тарихында төкпе ақын, әйгілі әнші, дарынды композитор Құлтума Өтемісұлының есімі ерекше аталады. Ол- Біржан сал мектебінен тағылым алып, өнерін әрі қарай жалғастырғандардың бірі.
Ақын 1840 жылы қазіргі Қарағанды облысының Теңіз ауданындағы Жартытөбе деген жерде барлық пен құс аулап күнелткен кедей отбасында туды. 1915 жылы сол ата қонысында қайтыс болды.
Ол жастайынан арғымақ мініп, үкілі домбыра ұстап, өлең айтып, жыр шығарып, өнерге бейімделіп өскен.
Құлтуманың «Шабыт шақыру», «Бір ақынға», «Термелер», «Билер жөнінде», «Өмір туралы», «Қарттық жөнінде» деген өлеңдері мен айтыстары әр жылдары шыққан кітаптарда жарияланды.

№4 дәріс тақырыбы: Шашубай Қошқарбайұлы шығармашылығы.
Дәріс жоспары:
1. Шашубай Қошқарбайұлының өмірі .
2.Шашубай ақынның сал-серілермен кездесуі
3.Шашубай –айтыс ақыны

Бір кездердегі жарияланымдарда Шашубайды қазақ елінің театры,халық ауыз әдебиетінің білгір жыршысы, дала циркі деп жазыпты.
Ш.Қошқарбайұлы 1865 жылы Қараменде бидің тілімен айтқанда, «аш-арықтың қоныстайтын жері, ойы-қоян, қыры – киік, көлі - балық» дейтін Балқаш көлінің жағасында «Қызыл-шоқты» деген жерде дүниеге келеді. Ырысты, құтты қасиетті топырақта алты алаштың арыстары Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Абылай ханның бас батыры Жарылғап, өнер өрендері Нармамбет Орманбетов, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейтіова туған екен. Шашубайдың әкесі Қошқарбай – Жандыбай баласы. Шашубайдан Әбжаппар, Муфте, Әбдірбай, Тайтөлеу деген төрт ұл туады. Анасы Күнбала: «Атаң Жандыбай сынды аузынан жыры ақтарылған бұлбұл көмей ақын болар ма екенсің?» - деп үміттенген екен. Ананың тілегі қабыл болғаны ғой. Шашубай он екі жасында сол маңдағы байлардың шашбауын көтеріп жүрген әлдебір ақынсымақ ақсақ шалмен, он үшінде Жақай, Кенжебала сияқты осы елдің ақын қыздарымен қақтығысып, ел көзіне ерте түседі.

№5 дәріс тақырыбы: Ыбырай Сандыбайұлы шығармашылығы.
Дәріс жоспары:
1.Өмірі туралы мәлімет
2. Ыбырай – Біржан сал Ақан сері өнерін жалғастырушы.
3. Ыбырай Сандыбайұлы шығармашылығы жайлы дерек,зерттеулер

Қасым Аманжолов тілімен айтқанда, «Жаннаты жер мен көктің сұлуы Көкше». Қазақтың ұлттық музыка тарихында, рухани өмірінде, көркемдік, сұлулық дүниесінде оның өскен өлкесінің ән мен жырдың бесігі екендігі ерекше еленерлік құбылыс. Өйткені, бұл аймақта Аоыстан, Орынбай, Шал, Шөже, Тезекбай, Нұркей, Біржан сал, Ақан сері, Тоғжан, Шәрке сал, Нүрке сері, Балауан Шолақ сынды аузынан дүрлер төгілген ақын-жыраулар, аспандағы аққуға үн қосқан біртуар әнші-композиторлар туған еді. Үкілі Ыбырай аты аңызға айналған аяулы халық перзенттерінің көпшілігімен, дәмдес-тұздас, сырлас болған. Бозбала кезінде Орынбай мен Біржан салға жолығып, жыр толғап, ән шырқаған. Сонда Орынбай: «Ауылда, үйде жүріп өнер таппайсың, шырағым, алысқа көз жібер. Ел кез, сонда жақсыларды, әншілерді көп тыңдап, көп көресің, мен алыс елді аралағанымнан опық дегенім жоқ», - деп кеңес берген. Көргені жақсы, көшелі атаның ақ тілегі қабыл болып, жас ақын Қызылжар, Атбасар, Ақмола, Омбы шаһарларын емін-еркін шарлаған. Қоянды, Қараөткел, Тайынша жәрмеңкелерінде игі жақсылармен дидарласып, өнер сынатқан. Орыс, украин, татар әндерін нақышына келтіре орындаған.

№6 дәріс тақырыбы: Доскей Әлімбайұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Доскей Әлімбайұлының өнерпаздық жолы
2. Доскей ақынның ән-өлеңдері
3. Доскей Әлімбайұлы- ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, шешен

Қазақ мәдениетін дамытуда, халықтың ой-сезімін, рухани дүниесін жаңартып байытуда сал-серілер мен әнші-ақындардың қосқан үлесі зор. Өткен ғасырлардағы Арқа өнерпаздары Нияз сері, Сегіз сері, Сейіткерей, Шәрке, Қанқожа Уәлиханов, Біржан сал, Ақын сері, Тәттімбет, Шашубай және басқалары өнер атаулының барлық түрлерін гүлдендіріп, құлпыртып ұстады.
Бұлар өнерпаздық қырларымен ғана емес, сауаттылығымен де белгілі адамдар болған. Мысалы, Сегіз сері 1835 жылы Омбының Сібір әскери училищесін бітірген. Орысша еркін сөйлеген. Ал Ақан сері де орысша, мұсылманша оқыған. Ғұлама ғалым академик Әлкей Марғұланның «Сал, серілердің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі» деген қолжасзбасындағы кейбір деректерге жүгінсек, Нияз сері парсы тілінен «Тоты намені қазақшалаған. Сегіз сері, Ақан сері, Сейткерей «Мың бір түннің», Мәлике кітабының және «Тотының» тарауларын көркем, әсерлі, нақышты тілмен жырлаған.

№7 дәріс тақырыбы: Кенішбай Жұбандықұлы, Қалқа Жапсарбайұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Кенішбай Жұбандықұлы өмірі мен шығармашылығы
2. Қалқа Жапсарбайұлы - ақын, композитор, орындаушы

Кенішбай Жұбандықұлы-төкпе ақын,айтулы шешен,асқан жыршы, әңгімеші, домбырашы болған. Жастайынан өткір, ширақ, іздемпаз, зейінді болып өскен.
Он бес жасынан бастап өнерге , өлеңге өмірін арнаған.
Жасөспірім шағында Жетісуеліне келеді. Ән мен жыры толқыған, өнері өркендеген осынау өлкеде Кенішбай байдың өгізін айдап, егінін салып жүріп, Рай қызы Ақбаламен, Таубай қызы Ажарбикемен айтысады. Бұл кезде ақын небары он сегіз жаста екен. Қарадөңбай Назардың асында азулы ақын Бақтыбайдың қызы Айсамен сілкілеседі. Сондай ақ , Дулат руының ақыны
Әпежеппен және Мақпал, Барқыт деген қыздармен қақтығысады.Әсіресе, Қаңлы елінің қызы Мақтамен жекпе жекте бір бірін жеңе алмай, ең соңында қыз тоғыз ауыз ауыз жұмбақ айтып, Кенішбайды сүріндірмекші болады.

№8 дәріс тақырыбы: Майасар Жапақұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Майасар Жапақұлы шығармашылығы.
2. Майасар Жапақұлы поэзиясының тәрбиелік мәні.

«Аспандап аңқып, шарықтап шалқып», ән шырқаған, жыр шығарған халық ауыз әдебиетінің небір жауһар үлгілерін жадында ұстаған, әсіресе, әншілігіне төкпе ақындығы, ақындығына жыршылығы, жыршылығына ділмәрлығы қосылған қанатты, арқалы, ақ берен ақындардың бірі – Майасар Жапақұлы еді.
Ол әу баста Қақпан ақыннан, 26 жасқа келгенде пішпек базарында жыр тұйғыны Жамбылдан бата алған. Ән-күйге, өлең-жырға әуес талапкер жас айтулы өнерпаз Шашубайға еліктеп, одан тағылым алып, мектебінен өткен. Арқаның ардагер ұлдары Үкілі Ыбырай мен Мәдиді ұстаз тұтқан.
Майасар Жапақұлы 1879 жылы саумал көлдері мен сандық таулары есепсіз Сарыарқаның Тағылы деген таудың баурайындағы Жаса (кейде Жоса деп жазылады) деген күміс бұлақтың басында дүниеге келеді. Бүгін таңда бұл жер Жезқазған облысының «Өспен» совхозының территориясында.

№9 дәріс тақырыбы: Тайжан Қалмағанбетұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1 Тайжан Қалмағанбетұлының өнерпаздық жолы
2.Тайжан Қалмағанбетұлы-Үкілі Ыбырай әндерін насихаттап таратушы

1878 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген. 1968 жылы қайтыс болған. Ерен жүйрік ақындардың бірі – Тайжан Қалмағамбетұлының алтынның сынығындай асыл мұрасы өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтың жинақтауымен «Ой ағысы» деген атпен 1984 жылы жарық көреді.

№10 дәріс тақырыбы: Болман Қожабайұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Болман Қожабайұлы шығармашылығы.
2. Болман Қожабайұлының айтыстары

№11 дәріс тақырыбы: Мәди Бапиұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Мәди Бапиұлы – ақын, әнші, композитор
2. Мәди ақын жайлы зерттеу еңбектер

Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек бұтағынан өрбіген. Бұлбұлдан әйгілі ділмар-шешен Шаншар абыз, одан Келдібек би, одан Қаздауысты Қазыбек би, одан Бекболат би, одан Тіленші би, оның баласы Алшынбай би, Алшынбайдың сүт кенжесі, қара шаңырақтың иесі Бәпи, Бәпидың өзі алты ағайынды. Ағасы Қақабай және Шәпи, Қосық, Бипау, Жанығұл. Бәпи қақ-соқпен іс жоқ, мейлінше момын, сыпайы, біртоға жан болған. Ол Мәдиді зарығыңқырап көрген. Алшынбай әулеті «атасының кенжесі» деп әспеттеп әлпештеген. Асыл әулеттің алтын сәулетіндей қабылдаған. Қыз-келіншектер «Еркежан», «Мырза жігіт» деп атаған. Әжесі Мәдиді бауырына салған, еркелетіп еркебұлан ғып өсірген. Өзгенің Мәдиге деген әй-шәйін айбынды әже құлағына ілмеген. Ән еркесі, ел серкесі аяулы әженің құдіретті алақанында еркіндіктің ауасымен, ұлттық сөз өнерінің жұпарымен тыныстаған. Ол – бабасы Қаздауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би, Сырым шешен, Бертіс би толғамдарын, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, балуан Шолақ, Абай әндерін, қаны бір қандасы Тәттімбеттің құйқылжыған нақысы мол, иірімі терең күйін, «Сарыжайлаудай» күйін, «Сылқылдақ», «Былқылдақ» сияқты сылқым да сырбаз бапты күйін елжірей тыңдап, көкірек балқып, көңілі толқып, ұлт рухы сүйегін, жүрегіне ұялап, сұңқарша түлеп өсті.

№12 дәріс тақырыбы: Естай Беркімбайұлы шығармашылығы
Дәріс жоспары:
1. Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы.
2. Естай өлеңдерінің көркемдік, танымдық ерекшелігі

Біржан сал мен Ақан серінің шәкірті, Жарылғапберді, Шама, Жаяу Мұса, Ғазиз, Үкілі Ыбырай, Әздембай сал, Шашубай сынды өнер тарландарының үздік әншілік-орындаушылық шеберлігін, импровизациялық дәстүрін жалғастырған атақты ақын-композитор, әнші Естай Беркімбаев.
Ол «салдарша сәнді киімдер киіп, астына сәйгүлік сұлу ат мініп, серілік жасау жолына түседі». Естайға әншілік қабілет, суреткерлік қасиет анасы Күлипа мен нағашысы Байтұрымнан дарыған сияқты.

№13 дәріс тақырыбы: Ұлт руханияты тарихындағы сал-серілердің шығармашылық өнернамасы
Дәріс жоспары:
1.Сал-серілік өнер, ән өлеңдер, өнер тұтастығы жөніндегі ерекшеліктер.
2.Сал-серілердің өмірі, шығармашылық мұрасының ұрпақ үшін маңызы.

ХІХ ғасырдағы қазақтың қайталанбас қас өнерінің бірі – ән өнері ел тарихында орындаушылық үрдіс, тіл айшығы, жөнінен үздік үн, қайталанбас дара дауыс.
ХІХ ғасырда айтыс өлең, қисса өлең, жоқтау өлең де белгілібір мақамға салынып, өлеңдетіп айтылды. Алайда жеке орындаушы саз – күйін де, сөз айшығын да өзі шығарып, күй аспабын өзі тарта отырып өзі салған әннің табиғаты олардан мүлде бөлек.
Есмағамбет Ысмайловтың пікіріне жүгінсек, қазақ ұғымында ақын деген сөздің мағынасы кең. Қолына домбыра алып өлең айтқанды, топ алдында өлеңмен айтысқа түскенді ақын деген... Сондықтан бір ақын деген сөздің аумағында әрі поэт, әрі певец, әрі сказитель, әрі суырыпсалмалы (импровизатор) ұғымдар түгел жатады.
ХІХ ғасырдағы сал-серілер өнерпаздығының бір елеулі, басты қыры – лирикалық ән-өлең. Сал-серілер айтыс өнерінде де бағын баптаған. Олардың әлеуметтік үні зор шыққан, замананың ығына жығылған әулетіне ащы сын айтып, мін таққан өлең сөзі де аз емес. Қағытпа қалжыңы, әзіл-күлкі қоржыны да қомақты. Тегінде сал-серілер жаратылыс табиғатына орай өнердің бар арнасында ашылып отырған.

Іздеу