Әлеуметтану (Дәріс / Лекция)

Тақырып 1. Кіріспе. Әлеуметтану—ғылым ретінде.
Лекция жоспары
1.«Әлеуметтану» түсінігі, пәні және пәнаралық байланысы.
2.Әлеуметтану ғылымында қолданылатын негізгі ұғымдар.
3.Әлеуметтану ғылымының қоғам саласындағы түрлері.

1. «Әлеуметтану» түсінігі, пәні және пәнаралық байланысы. Әлеуметтану латынның «соиатас», яғни «қоғам» және гректің «логос», яғни «сөз», «ғылым», «білім» деген сөздерінен шыққан.Әлеуметтану дегеніміз—жалпы жүйе ретінде қоғам туралы және жекелеген әлеуметтік институттар, процестер, топтар туралы және олардың қоғаммен байланысы туралы ғылым.
Қазіргі қоғамда болып жатқан көптеген өзгерістер өмірдің жаңа шындығына икемделу үшін адам қабілетіне жоғарғы талап қояды. Табиғи және әлеуметтік дүниені игеру үшін керек биопсихологиялық негіз адам бойында туғаннан тән нәрсе екенін және бұл негіздің жеке тұлғаның қалыптасуына тек фундамент бола алатынын тәжірибе көрсетті. Жеке тұлғаның қалыптасуына тәрбие мен білім маңызды роль атқарды. Гуманитарлық білім мен тәжірибенің арқасында адам әлеуметтік дүниенің рухани байлығын игеріп және жақтап қана қоймайды, сонымен қоса жаңа мәдени бағалы құнды дүниелер шығарады.

Тақырып 2. Әлеуметтану тарихы
Лекция жоспары
1.Ерте қоғамдағы әлеуметтік ой-пікірлердің дамуы
2.Орта және Жаңа Дәуірдегі ойшылардың әлеуметтік көзқарастары
3.ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ ойшылдарының адам және қоғам дамуына деген әлеуметтік көзқарастары.

1. Ерте қоғамдағы әлеуметтік ой-пікірлердің дамуы. Адамзаттың даму тарихында әрбір ой адамын ертеден оның осы өмірдегі орны мәселесі қызықтырды. Мысалы: мына сұрақтар бұрыннан бар болатын: адам кім? Өмірдің мәні неде? Өз өміріңді қоғаммен байланысты өкінбейтіндей қалай өткізуге болады? Бұл сұрақтар терең философиялық, діни мазмұнды болып табылады. Бұларға жауапты әлеуметтік ой-пікір береді. Әлеуметтануға жалпы тарихи көзқараспен қарайтын болсақ, онда әлеуметтік ой-пікірге қызығушылықтың тууы бүкіл өркениет кезеңіне тура келеді.

Тақырып 3. Әлеуметтік зерттеулер
Лекция жоспары
1.Әлеуметтік зерттеулердің түрлері
2.Анкета мен сұхбаттың өзіне тән ерекшеліктері мен ортақ сипаттары
3.Сұрақтың түрлері мен оның ережесі
4.Құжаттарға зерттеу жүргізудің түрлері

1. Әлеуметтік зерттеулердің түрлері .Қоғам өмірінің барлық саласын зерттеу үшін әлеуметтанушы ғалымдар әр түрлі тәсілдерді қолданады. Олардың бір бөлігі басқа қоғамдық ғылымдармен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан біз солардың тек негізгі түрлерін ғана атап өтеміз.
Мәселенің күрделігіне, тереңдігіне және кеңдігіне байланысты зерттеудің 3 түрі бар:
А) Байқау—мәселе әлі анық емес, объект әлі белгісіз немесе осы мәселе бойынша әдебиеттер жоқ болған кезде қолданылатын тәсілдердің бірі. Мұндай зерттеудің мақсаты—мәселе қою немесе болжам жасау болып табылады.
Б) Айқындау---басты мақсаты болжамды тексеру.
В) Нақтылау—бұл әлеуметтік зерттеудің ең терең түрі, яғни ол бойынша белгілі бір құбылыстың себебі, салдары нақты тексеріледі.
Бұлардан басқа зерттеулердің қосымша мынадай түрлері бар: зерттелетін объектінің қатысына байланысты монографиялық, салыстырмалы, қайтарма зерттеулер.
Монографиялық---жеке адамдарға байланысты.
Салыстырмалы—қоғам үшін қайсысы маңызды соған назар аударылады.
Қайтарма-- құбылысқа анық көз жеткізу үшін жүргізіледі.

Тақырып 4. Қоғам және әлеуметтік уақыт.
Лекция жоспары:
1.Әлеуметтік уақыттың шешуші аспектісі мен оның өлшем бірлігі
2.Әлеуметтік уақыттың функциялары

1.Әлеуметтік уақыттың шешуші аспектісі мен оның өлшем бірлігі. Барлық әлеуметтік құбылыстар белгілі бір уақыт аралығында өтеді.Алдымен кез-келген әлеуметтік құбылыстың өлшем бірлігі ретінде уақыттың жалпы қасиетін қарастырамыз.Әрбір әлеуметтік құбылыс басқа әлеуметтік құбылыспен тығыз байланысты.Ал бұл байланыстар белгілі бір тарихи бағыт бойынша жүреді.Қоғамда болсын, табиғатта болсын аттап кету немесе секіріп кету деген болмайды. Онда ол қоғамның немесе табиғаттың бұзылғаны болып табылады. Яғни бұл құбылыстар бірінен соң бірі келеді деген сөз. Ал сол құбылыстардың өз өлшем бірлігі болады. Сырттай қарағанда табиғаттың кейбір құбылысының өлшем бірілігі жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Мысалы: найзағайдың жарқылы немесе дыбыстың естілуі. Бірақ оның өлшем бірлігін арнайы түрде маман адамдар есептеп шығарады. Сондықтан табиғатта болсын, қоғамда болсын уақытқа бағынбайтын немесе одан тысқары өмір сүретін құбылыс болмайды.

Тақырып 5. Әлеуметтік қоғам және оның өзіндік ерекшеліктері
Лекция жоспары:
1.Дәстүрлердің қоғам өміріндегі ролі мен олардың атқаратын функциялары
2.Қазіргі заман және оның мәні
3.Ұлы тұлғалар-өзгерістердің басты себебі

1.Дәстүрлердің қоғам өміріндегі ролі мен олардың атқаратын функциялары. Адамзат қоғамы өзінің ішкі барлық құрылымында өзгереді. Қоғам—бұл біртұтас қоғам ғана емес, сонымен қатар көп белесті, өзара тығыз байланысты бір бағытта дамитын процесс. Яғни қоғам әр уақытта қозғалыста болғандықтан, өткеннен болашаққа қарай бағытталады, ал оның қазіргі қимылы—бұл оның өткен іс-қимыл мен болашақта өтуге тиісті қимылының арасындағы өтпелі кезең.Өткен қоғам болашақ үшін алдын-ала шарт жасайды.Ол тұтастай құрып кетпей, аз болса да элементтері қалады, осы элементтерден болашақ құрылады.

Тақырып 6. Қоғамның негізгі әлеуметті қозғаушы күштері
Лекция жоспары:
1.Эволюционизм және оның әлеуметтік өмірдегі көрінісі
2.Тарихи шеңбер теориясы және оның әлеуметтік қоғамдағы маңызы
3.Революция- әлеуметтік өзгерістердің ең биік шыңы

1.Эволюционизм және оның әлеуметтік өмірдегі көрінісі. ХІХ ғасырдағы қоғам өміріндегі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер ғылымның дамуына да өз әсерін тигізді. Соның жарқын көріністерінің бірі ағылшын ғалымы Ч.Дарвиннің эволюция туралы ілімінің пайда болуы. Ол бойынша табиғата болсын, қоғам өмірінде болсын өзінен кейін ұрпақ қалдырмайтын бірде-бір тірі организм болмайды деген тұжырым жасауға болады.Бірақ Ч.Дарвиннің бұл теориясы биология ғылымындағы тіршілік иесінің бір түрден екінші түрге ауысуына байланысты болса, әлеуметтанушылар бұл теорияны бүкіл қоғаммен байланыстырады.Алайда қоғамдық ғылымдар богма емес, ол адамзат қоғамының дамуына байланысты әрдайым даму үстінде болады. Сондықтан бұл мәселеге арналған теориялардың көп болуы заңды деп есептеу керек.Енді сол теориялардың кейбіреулеріне тоқталып көрейік.

Тақырып 7. Әлеуметтік институттар мен әлеуметтік процестер.
Лекция жоспары:
1.Әлеуметтік институт-жеке адамдардың өмірін ұйымдастырудың формасы.
2.Әлеуметтік қарым-қатынас және әлеуметтік институттар.
3.“Әлеуметтік процесс” ұғымы. Әлеуметтік қайшылықтар

1.Әлеуметтік институт-жеке адамдардың өмірін ұйымдастырудың формасы. «Әлеуметтік институт» деген ұғым көптеген теорияларда адамның өмірінің әр түрлі саласын реттейтін формалды және формалды емес норма, тәртіп, принциптердің бір қалыпты комплекс ретінде көрсету үшін қолданылады.
Жеке адамдардың топтарға, қоғамға бірігуінің негізінде олардың белгілі бір мүддесі жатыр, коммуникация болуды қажет етеді.(тіл, символ.) Ортақ мақсатты орындау үшін адамдар бір-бірімен одақтаса бастайды. Осындай себеппен неке, отбасы, қоғамдық бірлістіктер, саяси партия, құқық қорғау, әлеуметтік бақылау институттары құрылады. Кейбір әлеуметтік институттардың таралуы адамдардың өміріне қауіп туғызатын болғандықтан (мысалы, құқық қорғау органдары), адамдардың өздері сол институттың өмір сүруіне және жұмыс істеуіне мүдделі. Сонымен әлеуметтік институттар адамдар арасында, топ, қауымдастық арасында бөлінген міндеттерді бөлу арқылы сол жүйенің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамассыз етеді. Сол жүйе ішінде әлеуметтік институттар маңызды 2 функция атқарады.

Тақырыбы 8. Әлеуметтік құрылым және әлеуметтік стратификация
Лекция жоспары:
1. Әлеуметтік жүйелер және әлеуметтік ұйымдар және олардың арасындағы өзара қимылдың түрлері.
2. Ауытқушы іс-әрекет және әлеуметтік бақылау.
3. Әлеуметтік стратификация--әлеуметтік теңсіздік.

1.Әлеуметтік жүйелер және әлеуметтік ұйымдар және олардың арасындағы өзара қимылдың түрлері. Әлеуметтік жүйе—бұл бір-бірімен өзара байланыста, қатынаста болатын, біртұтас нәрсені құрайтын элементтердің (тұлға, топ, құрылым.) жиынтығы. Бұл тұтастық (жүйе) сыртқы ортамен байланысқа түскенде элементтер арасындағы қатынасты өзгертуі мүмкін. Сонымен, кез-келген жүйенің маңызды сипаты—оның тұтастығы мен құрылымдық элементтердің интеграциясы.

Тақырыбы 9. Тұлғаның әлеуметтанулық сипаттамалары
Лекция жоспары:
1. Әлеуметтендірілу-жеке тұлғаның ортаға қосылуының тәсілі.
2. Әлеуметтік өзара қимыл немесе іс-әрекет және олардың деңгейлері
3. Өзара қимылдың формалары.

1. Әлеуметтендірілу-жеке тұлғаның ортаға қосылуының тәсілі.
Әлеуметтік қоршаған дүние—бұл адамдар арасында болатын көптеген құбылыстар мен процестердің жиынтығы, ал әрбір жеке адам биопсихологиялық қасиетке ие. Сондықтан әлеуметтану адамның негізгі қасиетінен аттап кете алмайды. Мұны «адам табиғаты» дейміз. Барлық философиялық, әлеуметтік концепциялар қоғамдық қатынастардың заңды пайда болуы—бұл ең алдымен адам табиғатының болуы, қажетті шарты, сондықтан биопсихологиялық алғы шартты зерттеу әлеуметтанудың ғылым есебінде дамуының негізі болып табылады.

Тақырып 10. Еңбек әлеуметтануы
Лекция жоспары:
1.Еңбек әлеуметтануының пәні, оның түрлері мен тарихы
2.Еңбек дегеніміз не? Анықтамасы, әлеуметтік жағы
3. Өндіріс жүйесіне жалпы сипаттама
4. Өндірістегі қайшылықтар мен кадр мәселесі.

1. Еңбек әлеуметтануының пәні, оның түрлері мен тарихы. Еңбек—адамзат іс-қимылының маңызды саласы. Қазіргі уақытта еңбек өркениетті қоғамда адам өмірінің 20-30 пайызын алып отыр.Көптеген қоғамдарда жеке адамның қоғамдағы орнын еңбек белгілейді.тек адамның өзіне ғана емес, әулетіне, яғни шыққан тегіне байланысты да адамның қоғамдағы орнын анықтауға болады.

2. Еңбек дегеніміз не? Анықтамасы, әлеуметтік жағы. Бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру қиын.Себебі оның түсінігі де әртүрлі.Сондықтан біз ірі ғылым саласындағы тұлғалардың берген анықтамасын алып, соны талдап көреміз.

Тақырыбы 11. Құқық әлеуметтануы
Лекция жоспары
1. Мемлекет пен құқыктың пайда болуы мен дамуы
2. Мемлекеттің негізгі түсініктері.
3. Құқық туралы негізгі түсініктер

1. Мемлекет пен құқыктың пайда болуы мен дамуы. Алғашқы қауымдық қоғамнын экономикалык, әлеуметтік, құрылымдық, басқарушылық салаларындағы обьективтік даму процестері бір-бірімен тығыз байланыста өзгеріп, жаңарып отырды. Малшылык пен егіңшілік калыптасты, ажарланған тастан жасалған қарулар өмірге келіп, адамның тәжрибесі өсіп молайды. Қоғамдық еңбек төрт күрделі тарауға бөлінді: малшылык, жер игеру, өндірістік және саудагерлер тобы. Бұның бәрі еңбектің өнімділігін арттырды, коғамның шығысынан кірісін асырды. Сөйтіп қоғамдық байлық қалыптаса бастады, оны иемденетін топтар, таптар пайда болды. Экономикалық өзгерістер әлеуметтік қайшылықтарды өмірге әкелді. Олар төмендегі негізгі обьективтік заңдардың-қосымша өнімнің пайда болуы; жеке меншіктің қалыптасуы; топтар мен таптардың арасындағы күрестің басталуы әсерінен туындайтын кайшылықтарды реттеп, қоғамды басқару үшін өмірге мемлекет пен қүқық келді.

Мемлекеттің пайда болуының, дамуыныц бірнеше түрлері бар:
1.Шығыс елдерінде (Иран, Индия, Қытай, Араб т.б. шығыс типті елдерде) мемлекеттің қалыптасуы негізінен қоғамдык меншікті қорғаумен байланысты. Себебі алғашқы қоғам ыдырау кезінде бұл елдерде күрделі құрылыстар болды; ірі су каналдарын жасау, суармалы ирригациялық жүйелер құру, құрғақтылықпен күресу. Міне осы күрделі жүмыстарды жақсы жүргізу үшін қоғамдық-мемлекеттік меншік қалыптасты. Сол меншіктің иелері: шенеуніктер, ру, тайпа басшылары, хандар, корольдер мен императорлар болды.

Тақырыбы 12. Саяси әлеуметтану
Лекция жоспары:
1.Саясаттың шығуы, құрылымы, функциясы. Саясаттың қоғам саласымен қарым-қатынасы.
2. Саяси партиялар әлеуметтанудың зерттеу объектісі ретінде
3.“Саяси мәдениет” түсінігі. Саяси өмірдің әлеуметтік механизмдері

1.Саясаттың шығуы, құрылымы, функциясы. Саясаттың қоғам саласымен қарым-қатынасы. Саясаттың өзі адамдардың өздерінің даму барысында пайда болды. Материалдық өндірістің, адамзаттың мәдени дамуы және басқа да себептер қоғамның әлеуметтік, этникалық және діни жағынан бірігуіне әкелді. Міне осындай объективтік процестерге байланысты бір-біріне қарама-қарсы мүдделермен байланысқан адамдар топтары шыға бастайды. Мұндай жағдайда өндіріс өнімін айырбастау мен бөлу механизмі, діннің догматтары мен идеалдары, дәстүрлер мен салттар және тағы басқа да адамдар арасындағы дәнекерлер мұндай қайшылықты шеше алмайды. Сөйтіп қоғамда 2 мәселені шеше алатын әлеуметтік күштің қажеттілігі туды: адамдар мүддесін іске асыру және қоғамның бүтіндігін сақтап қалатындай адамдар арасындағы дәнекер табу.

Тақырып 13. Мәдениет әлеуметтануы
Лекция жоспары:
1. «Мәдениет» ұғымы және оның негізгі функциялары.
2. Мәдениеттің негізгі компонентері.
3. Мәдениеттің бір-біріне өзара әсері.

1. «Мәдениет» ұғымы және оның негізгі функциялары. Мәдениет--өзінің сипаты, өзін көрсетудің формасы, қызмет етуі жағынан көпсалалы құбылыс. Мәдениет қоғамның материалдық, рухани өмірінде жеткен жетістігін қамтиды, адам мен адамзаттың интеллектуалдық дамуының деңгейін көрсетеді, адамгершілік, мораль, тәртіп, бағалы құндылықтар барлығын көрсетеді.

2. Мәдениеттің негізгі компоненттері. Қоғам дамуының формасы немесе түрі ретінде әр түрлі көп мағынада мәдениеттің көрінуі оның жалпы компоненттерін бөліп қарастыру мәселесін алдымызға қояды. Мәдениеттің мұндай компоненттеріне мыналарды жатқызуға болады: құндылықтар, сенім, норма, тіл, техника.

 

Іздеу