Химияны оқыту әдістемесі (Дәріс / Лекция)

1. Дәріс тақырыбы: Кіріспе. Орта мектепте химияны оқыту әдістемесінің жалпы мәселелері.
Жоспары:
1. Химияны оқыту әдістемесі пәні және оның ғылыми негізі
2. ХОӘ-нің басқа ғылымдармен байланысы
3. ХОӘ -де қолданатын зертеу әдістері
4. ХОӘ курсының мазмұны және құрылымы

Қазірге дейін химияны оқыту әдістемесі – ғылымы ретінде танылып келеді. Сондықтан да химия пәні мұғалімдерін дайындайтын жоғары оқу орындарының оқу жоспарына химияны оқыту әдістемесінің курсы енгізілді. Химияны оқыту әдістемесі педагогикалық ғылым әрі пәні. Химия – заттардың бір – біріне өзгеруін зерттейтін ғылым. Демек, химияны оқыту әдістемесі мектептің химия курсындағы осындай заңдылықтарды оқушыларға үйрету жолдарын, түсіндіру тәсілдерін зерттейтін педагогикалық ғылым деп түсінуіміз керек. Оған оқу үрдісін ұйымдастыру, оқушылардың танымдық іс- әрекетіне басшылық, сарамандық дағдар мен іскерліктер қалыптастыру, шығармашылық қабілеттер мен ғылыми дүниетанымдық көзқарастарды дамыту жатады. Химияны оқыту әдістемесі мұғалімнің оқу материалын оқытуы мен оқушылардың химиялық білімді саналы меңгеруін, алған білімдерін іс жүзінде қолдану ерекшеліктерін және дағдыларын дамыту әдістері мен құралдарын айқындап береді. Химияны оқыту әдістемесі әрі ғылым, әрі оқу пәні ретінде оқытудың мазмұнын, оқыту әдістерін тәрбие жұмысымен тығыз бірлікте, өзара байланыста зертейді. Оқытудың заңдылықтарынашумен қатар оқытудың мазмұн – мақсатын, әдістерін, оқыту формалары мен құралдарын, оқытушы мен оқушының іс - әрекетін бір – бірінен ажыратпай біртұтас қарастырады. Химияны оқыту әдістемесінің зертейтін объектісі – сол пәнді оқыту әрекеті. Оқыту, педагогика, дидактика және әдістеме ғылымы тұрғысынан түсінуге болатын күрделі әрекет болып табылады. Оқыту әрекетінің ішіндегі ең негізгісі мұғалім мен оқушы қарым – қатынасының бірлігі мен үйлесуі, оқытудың мақсаттары мен міндеттері, мазмұны, ұйымдастыру формалары, құралдары мен әдістері арқылы жүзеге асады. Химияны оқыту әдістемсі ғылымы оқыту әрекетін әдістемелік деңгейде зертейді. Жалпы педагогикалық және дидактикалық заңдылықтарға сүйеніп, химияны оқыту әдістемесі орта мектептегі химия пәнінің мақсаттары мен міндеттерін анықтайды. Соларға сәйкес мектептегі химия курсының мазмұны таңдап алынады. Ол мазмұн бағдарламаларда, оқулықтар мен оқу құралдарында баяндалады. Әдістеменің зертейтін тағы бір мәселесі – оқытудың ұйымдастыру формаларын, құралдарын және әдістерін жетілдіру, мектеп алдына қойылған жаңа талаптарға сәйкестендіру. Бұлар мұғалім мен оқушы еңбегінің арасындағы қатынасты, оқушының еріктілігін, дәйектілігін және белсенділігін арттыру жағына қарай бағыттап отыр.

2. Дәріс тақырыбы: Химияны оқытудың мақсаты мен міндеттері.
Жоспары:
1. Орта мектепте химины оқытудың мақсаттары
2. Химияны оқытудың әдістемесінің міндеттері
3. Оқушыларда ғылыми көзқарас қалыптастыру

Жеке оқу пәндерінің мақсаты қоғамның мектеп алдына қойған әлеуметтік талабы бойынша анықталады. Ол мақсат - әр жақты жетілген, өз ісіне сенімі күшті, қоғамдағы түбірлі өзгерістерді жүзеге асыруға қабілетті кісіні тәрбиелеу. Бұл, мақсатқа жету үшін мектеп жасөспірімдерді табиғат, қоғам, адам және оның еңбегі туралы білім жүйесімен қаруландыруды, ақыл –ой, адамгершілік, эстетикалық, дене тәрбиесін береді, ғылыми және ізгілік көзқарастарының, қабілеттерінің барынша дамуына қажетті жағдайлар жасайды. Мектеп жасөспірімнің бойынша азаматтық борыш, елі мен жерінің тағдыры үшін жауапкершілік қасиеттерді сіңіреді, шығармашылықпен еңбек етуге, өзін - өзі басқаруға әзірлейді. Бұл мақсаттар химияны оқыту барысында одан әрі салаланып жүзеге асады, олар:
1. Химия ғылымының негізін оқушыларға игеру арқылы үздіксіз білім алуға, сарамандық істерге араласуға әзірлеу, политехникалық дайындық беру;
2. Химия зертханасында, өндірісте, табиғатта және күнделікті өмірде байқалатын сапалық өзгерістерді бақылауға және түсіндіре білуге үйрету;
3. Химиядан алған білімді басқа пәндерден алған біліммен байланыстырып, табиғат туралы ғылыми материалистік көзқарас қалыптастыру;
4. Заттармен, құралдармен, көрнекі құралдармен жұмыс істей білудің біліктері мен дағдыларын игерту;
5. Білім, білік және дағдыны оқу барысында, өмірде, қоғамға пайдалы еңбекте қолдана білуге үйрету;
6. Оқушыларды білім мен білік алу инициативасына, дербестікке және табандылыққа тәрбиелеу;
7. Оқушылардың химияға құштарлығын және қабілетін дамыту, кәсіптік бағдар беру.

3. Дәріс тақырыбы: Химияны оқыту үрдісінің жалпы негіздері.
Жоспары:
1. Химияны оқыту үрдісінің жалпы нұсқасы
2. Химияны оқыту құралдарының функциялары
3. Химияны оқытуда білімнің жеткіліктілік ұстанымы және оның арнайылығы мен өзіне тәндігі

Оқыту үрдісі – оқушы мен мұғалімнің өзара бірлесіп жасайтын әрекеті. Білім алу – оқу барысында оқушыныың тұлғасын жан – жақты жеткізуге, олардың танымдық әрекетін дамытуға, ой – санасын қалыптастыруға ерекше назар аудару - әр педагог мұғалімнің міндеті. Осы тұрғыдан алғанда оқушылар алған білімін жадында сақтап қана қоймай, оның өмірімен байланысын іс жүзінде қолдануға жаттығады. Химиядан сабақ берудің тиімді әдістерін қолдана отырып, оқушылардың ақыл ойының дамуына, олардың өздігінен жұмыс істеу мүмкіндіктерін күшейтуге жағдай жасалады. Сонымен қатар оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылады. Ғылымдар танымдық белсенділікті үш деңгейде бөліп қарастырған: жаңғырту, түсіндіруші және шығармашылық. Оқушылардың танымдық белсенділіктерін оқу үрдісімен ұтымды ұштастырған жағдайда сабақ тиімді өтеді. Әсіресе оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істей отырып, оқу белсенділіктерін арттыруға мүмкіндік мол.

4. Дәріс тақырыбы: Орта мектептегі химия курсының мазмұны және құрылымы.
Жоспары:
1. Жалпы орта білім беру жүйесіндегі оқу пәні ретінде химияның орны.
2. Мектеп химия курсын құрудың ұстанымдары.
3. Химия курсының мазмұны.
3. Мектеп химия курсының құрылымы.

Химия курсының мазмұны химия ғылымының қолы жеткен табыстарын дидактикалық талдау арқылы мына негіздерге сай анықталады және оқытылады: ғылымилығы, жүйелілігі, түсініктілігі, саналылығы мен белсенділігі, көрнекілігі, теорияның сарамандылыққа байланыстылығы.
Ғылымилығы. Орта мектептегі химияның негізіне ғылымда толық шешімін тапқан деректер мен көзқарастар кіреді. Олар ғылымдағы мәліметтерге толық сәйкес келіп, заттар мен құбылыстар туралы ақиқатты бұрмаламай жеткізу тиіс.
Жүйелілігі. Оқу материалы ғылым логикасына сәйкес бірінен бірі туындайтын ретпен орналастырады. Жаңа материал өтілгенді ескеріп беріледі де, өзі соңындағыларға негіз болады. Жүйелік негіз, әсіресе, химияның негізгі ұғымдарын қалыптастырғанда ескеріледі.
Түсініктілігі. Бұл ғылыми негізгі-кереғар, жүйелілікке тура қатысты болады. Оқу материалдарының түсінікті болуы көлеміне және ғылыми деңгейіне байланысты, сондықтан кейбір ғылыми ақпарды оңайлатып беруге тура келеді.

5. Дәріс тақырыбы: Химиялық ұғымдар қалыптастыру
1. Ұғымдарды қалыптастыру үрдісі
2. Ұғымдарды қалыптастырудың логикалық жолы
3. Химиялық ұғымдарды қалыптастырудың ғылыми - әдістемелік негізі
4. Мектеп химия курсындағы маңызды ұғымдардың сипаты

Қандай ғылым болмасын бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар жүйесінен тұрады, оларды жетік түсінбейінше ғылымның мазмұнын игеру мүмкін емес. Орта мектептегі химияның курсы да аса маңызды алғашқы ұғымдарды қалыптастырудан басталады. Қазіргі жаңа бағдарлама бойынша бұл кіріспе тақырыпты оқып үйренуге 24 сағат, демек сегізінші сыныпқа тиесілі уақыттың бестен бірінен астамы бөлінген. Осыдан-ақ тақырыптың оқу– тәрбиелік маңызының зор екені көрініп тұр. Химиялық элемент, зат және химиялық реакция ұғымдарының сипаттамалары. Мектеп химия курсындағы маңызды ұғымдардың сипаты. Тақырыптың білім берудегі міндеттеріне мыналар жатады:
1. Химия пәні, зат, химиялық элемент, атом, химиялық реакция, химиялық символика туралы алғашқы ұғымдарды қалыптастыру (олардың мазмұны мен сипаттамалары кестеде келтірілді);
2. Алғашқы ұғымдарды қалыптастырудың теориялық негізі болатын атом-молекулалық ілімнің қағидаларын саналы меңгерту; олардың тұрғысынан заттардың қасиеттерін, химиялық реакциялардың механизмін түсіндіру;
3. Құрам тұрақтылық заңын, масса сақталу заңын саналы игерту, қолдана білуге, атом- молекулалық ілім тұрғысынан түсіндіре білуге үйрету;
4. Эксперименттік біліктер қалыптастыру: химиялық зертханасында жұмыс істеу ережелерімен, қауіпсіздік техникасымен таныстыру; қыздыру аспаптарымен, зертханалық штативпен, реактивтермен, ыдыстармен, т.б. жұмыс істей білуге баулу.

6. Дәріс тақырыбы: Химия тілі.
Жоспары:
1. Химиялық тілді қалыптастырудың теориялық негізі, бағыттары.
2.Химиялық номенклатура мен символиканың өзара байланысын қалыптастыру.
3. Химия тілі ғылыми және оқу танымының құралы

Химиялық таңбалардың ішіндегі ең маңыздысы-тіл. Басқа таңбалар осы тілдің негізінде жасалады да, тіл арқылы тікелей іске қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда, таңбаның мәні мен мағынасы- пікірталас туғызатын мәселелердің біро. Философтардың пікірлері бойынша, таңбаның мәні- белгілі бір нәрсе не зат туралы беретін информация. Бұдан шығатын тұжырым: таңбаның жасалуы мен пайдаланылуының адамның саналы іс-әрекетімен тығыз байланыстылығы. Таңбаның маңыздылығы нәрсенің өзімен тікелей жұмыс жасауға мүмкін болмаған жағдайда ол заттың орнына жұмсалатындығы. Оқыту үрдісінде таңба және таңбалар жүйесінің мәні мен мағынысы туралы мәселені қарастыру және шешудің маңызы зор. Себебі кез келген ғылымдағы білім таңбалар жүйесі арқылы беріледі. Таңба-білімді түсінуге, қабылдауға көмектесетін құрал, ал таңбаның мәні мен мағынасы білімнің мазмұны болып табылады. Сондықтан да логикалық білімнің құрылымы: түрінде өрнектеледі. Сонымен қатар таңбалартаңбалар табиғи және жасанды таңбалар болып екіге бөлінеді. Жасанды таңбалар: тіл таңбалары және тілге жатпайтын таңбалар болып, екіге бөлінеді.

7. Дәріс тақырыбы: Химияны оқыту әдістері
Жоспары:
1. Оқыту әдістері туралы түсінік
2. Оқыту әдістерінің жіктелуі
3. Түсіндірме - сурет бойынша түсіндіру әдістері
4. Сөз - көрнекі және сөз - көрнекі - сарамандық әдістер

Әдіс–іс -әрекетті жүзеге асырудың бір жолы. Әдіс терминнің мағынасы өте кең. Ол кез-келген адамның сарамандық және теориялық іс-әрекетінде белгілі бір мақсатқа жетудің қажетті мүмкіндіктерінің игерінің тәсілі. Оқыту әдісін тек оқытушының ғана іс әрекеті, немесе соның ғана қызметі деп түсінуге болмайды. Ол оқушы мен мұғалімнің бірігіп, мақсатқа жету жолындағы ізденісі, іс-әрекеті болып табылады. Оқытудың мақсаттары мен құралдары тұрғысынан алынғанда оқыту әдістері мұғалімі оқушыларын білім және білікпен қаруландыратын, адамгершілік көзқарас қалыптастыратын құралдары мен тәсілдерінің жиынтығы. Химияны оқыту әдістері ғылыми зерттеу әдістерімен ұштасып жатады, оқушылардың химия объектілерін танып, білу әрекетінің ерекшеліктерімен де сипатталады.

8. Дәріс тақырыбы: Оқушылардың білімі мен біліктерін тексеру
Жоспары:
1. Білім мен білікті тексерудің оқу -тәрбиелік маңызы.
2. Оқушылардың білімі мен білігін тексеру әдістері мен түрлері.
3. Оқушылардың білім мен білігін жазбаша тексеру.
4. Оқушылардың білімі мен дағдысын эксперименттік тексеру

Оқытудың нәтижесін шығару–оқыту барысындағы аса маңызды бөлік. Оқыту мақсатының орындалуы, мазмұны, құралдары, әдістері және ұйымдастыру формаларының тиімділігі оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы анықталады. Тұтасынан алғандағы оқытудық барысы тәрізді білім мен білікті тексеру де үйрену, тәрбие беру және оқушылардың ақыл-ойын дамыту мақсаттарын көздейді. Оқушылардың білімі мен білігін тексеру арқылы мұғалім өз ісіне талдау жасацды, қолы жеткен табыстарын молайтып, жіберген кемшіліктерінің себебін ашуға ұмтылады. Білімі мен білігін күнделікті, тоқсандық жылдық және қорытынды тексеру арқылы оқушылар сыныптан сыныпқа көшіріледі, мектеп бітіру емтихандарында сыналады. Сонымен оқушылардың білімін, білігін тексеру мен бағалау бақылау, оқыту, тәрбиелеу міндеттерін атқаруды қамтиды және дағдысын тексеру дидактикалық жағынан алғанда бақылау, үйрету, бағдарлау және тәрбиелеу міндеттерін атқарады. Тексеру жүйелі және жоспарлы түрде жүзеге асырылуы тиіс. Тексеру үшін қажетті дидактикалық және техникалық құралдар, тексеру әдістері мен түрлері материалдың мазмұнына сәйкес алдын ала әзірленеді. Тексерудің түрлері мен әдістері әр мұғалім жүзеге асыра алатындай қарапайым және оңтайлы болуы керек. Сонымен бірге білімді тексеру мен бағалау кезінде ақиқаттан алыстамаудың, әділеттік пен парасаттылықтан айнымаудың тәрбиелік маңызы зор екенін айрықша айтпаса болмайды.

9. Дәріс тақырыбы: Орта мектепте химияны оқытудағы оку ұйымдастыру формалары.
Жоспары:
1. Оқу жұмысын ұйымдастыру формаларының жалпы сипаттамасы
2. Химия сабақтарының жіктелуі
3. Химия сабақтарының құрылымы
4. Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру

Мектептегі оқу жұмысын ұйымдастыру формаларына сабақ, факультативтік сабақтар, топсеруендер, сыныптан тыс жұмыстар, өндірістік оқу сарамандығы және т.б. жатады. Осылардың ішіндегі ең негізгісі–сабақ. Химияны оқытудың білім мен тәрбие беру, оқушыларды дамыту міндеттері, ең алдымен, сабақта шешіледі, содан соң басқа формаларында жетілдіріледі және тереңдетіледі. Сабақ ұғымының негізгі белгілері: оқушылардың тұрақты құрамымен, оқу жоспарына сәйкес жасалған сабақ кестесімен өткізіледі; уақыты кесілімді–45 минут; оқу бағдарламасына сәйкес дидактикалық міндеттерді шешеді. Өткізу әдістері алуан түрлі. Бір сыныпта оқитын оқушылардың жасы, физиологиялық және психикалық жетілуі шамалас, оқу жоспарында белгіленген мерзімде химияның бағдарланған курсын толық меңгеру мүмкіндіктері бар. Химия курсы жеке сабақтарға жіктеліп оқытылады, олардың жалпы саны –303, VIII- 105 сабақ, IX сыныпта –85 сабақ, X сынып –68, XI сыныпта –68 сағат өткізеді. Бұлар біртұтас сабақтар жүйесін құрайды, бұл жүйеде әр сабақтың орны, өзіндік атқаратын қызметі бар.

10. Дәріс тақырыбы: Химиядан сыныптан тыс жұмыстар.
Жоспары:
1. Химиядан сыныптан тыс жұмыстардың маңызы
2. Химиядан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың түрлері
3. Көпшілікке арналған сыныптан тыс жұмыстар

Химия пәні бойынша сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар көп уақыттан бері қолға алынып, зерттеліп келеді. Бұл жөнінде әдістемелік мақалалар мен кітапшалар да басылып шықты.Дегенмен, бұл салада әлі де зерттеліп, жетілдіріле түсетін түйінді мәселелер баршылық. Орта мектеп түлектерінің бірсыпырасы оқу бағдарламасына сәйкес алған білімін іс жүзінде пайдалануда шорқақтық танытса, енді бірқатары химиялық тәжірибелерді институт қабырғасының өзінде де жете меңгеріп кете алмай жүр. Мұның мектепте химияны оқытудың сапасына да байланысты екені белгілі. Орта мектептерде химиядан сабақ беретін кейбір мұғалімдер оқушыларды өз беттерінше шығармашылықпен жұмыс істеуге әлі де жете үйрете алмай келеді. Жас мұғалімдер тек сабақ беруді ғана біліп, сыныптан тыс білім беру мәселесіне аз көңіл бөледі. Бірқатар мектептер сыныптан тыс жұмыстарды оқушылардың көпшілігі қатысатын ,атап айтқанда, химиялық кештер, ойлан – тап ойындарын өткізумен ғана шектеледі. Оның өзінде оқушылардың өз беттерінше жұмыс істеуіне, жеке белсендіктері мен шығармашылығын дамытып отыруына жете көңіл бөлінбейді.

11. Дәріс тақырыбы: Мектеп химия курсындағы жеке тарауларды оқыту әдістемесі.
Жоспары:
1. Химияның алғашқы ұғымдарын қалыптастырудың маңызы
2. Бейорганикалық қосылыстардың маңызды кластары туралы ұғымдардың қалыптасуы
3. Д.И. Менделеевтің периодтық заңын, периодтық жүйесін және атом құрылысын оқып, үйрену әдістемесі

 

Іздеу