ҚР қаржы саясаты (Курстық жұмыс / Курсовая работа)

Кіріспе 3
1 Қаржы саясатының теориялық аспектілері 5
1.1 Қаржы саясаты түсінігі, мақсаты, мазмұны, міндеттері 5
1.2 Қаржы саясатының формалары 9
2 ҚР қазіргі кездегі қаржы саясатын талдау 11
2.1 Қаржы саясатының қоғамның әлеуметтік
дамуына тигізетін ықпалы 11
2.2 Қаржы саясатының салықтық фискалды саласын талдау 15
3 Қазіргі кезде қаржы саясатын жетілдіру жолдары 21
Қорытынды 25
Қолданылған әдебиеттер тізімі 27


Кіріспе

Саясат мемлекет қызметінің барлық бағыттарын қамтиды. Саяси ықпал жасаудың элементі болып табылатын қоғамдық қатынастардың сферасына қарай экономикалық немесе әлеуметтік, мәдени немесе техникалық, қаржы немесе кредит, ішкі немесе сыртқы саясат туралы айтады.

Бұдан бұрын айтылғандай, кез келген қоғамда мемлекет қаржыны өзінің функциялары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін, белгілі бір мақсаттарға жету үшін пайдаланады. Қойылған мақсаттарды іске асыруда қаржы саясаты маңызды рөл атқарады. Оны жасап, жүзеге асыру процесінде қоғам алдында тұрған міндеттерді орындаудың шарттары қамтамасыз етіледі; ол экономикалық мүдделерге ықпал жасаудың белгілі құралы балып табылады.

Қаржы саясаты – бұл қоғамның элеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі міндеттерді шешу үшін қаржыны пайдалану жөніндегі мемлекеттің нысаналы қызметі, қаржыны басқарудың түпкілікті мақсаты, оның нақтылы нәтижесі. Ол мемлекеттің экономикалық саясатының құрамды бөлігі болып табылады.

Материалистік диалектика жүйесінде түрлі басқа саясат сияқты қаржы саясаты қондырмаға жатады, ал қаржы саясатында білінетін және өндірістік қатынастардың, белгілі бір экономикалық формацияның бір бөлігі ретінде көрінетін қаржы қатынастары базистік болып табылады. Қаржы саясатын жасау процесінде елдің алдына қойылған міндеттердің орындалуы үшін материалдық жағдайлар қамтамасыз етіледі. Сондықтан тап қаржы саясаты экономика мен әлеуметтік сфераға ықпал жасаудың белсенді тетігі болып табылады.

Демек, қаржы саясаты қаржы ресурстарын іздестіру, шоғырландыру және жинақтау және экономикалық саясат жасайтын дамудың бағыттары бойынша оларды бөлудің міндеттерін шешеді.

Қаржы саясаты өзіне бюджет, салық, ақша, кредит, баға және кеден саясатын қамтиды. Өз кезегінде мемлекеттің қаржы саясаты тек оның экономикалық және әлеуметтік саясатын жүзеге асырудың құралы болып келеді, яғни қосалқы рөлді орындайды. Мемлекеттік саясаттың басқа да бағыттарын – ұлттық, геосаясатты, әскери саясаттарды да ұмытуға болмайды.

Қаржыны басқарудың бүкіл жүйесі мемлекеттің қаржы саясатына негізделеді. Қаржы саясатын жасауға биліктің заңнамалық және атқарушы тармақтары қатысады. Қазақстан Республикасында оның конституциялық ерекшеліктеріне қарай жалпы экономикалық саясат сияқты қаржы саясатын жасаудағы басымдық Қазақстан Республикасының Президентіне жатады, ол жыл сайынғы Жолдауында ағымдағы жылға және перспективаға арналған қаржы саясатының басты бағыттарын анықтайды. Үекімет экономиканы дамытудың басты бағыттарын жүзеге асыру және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен осы Жолдаудың шеңберінде іс-қимыл жасауы тиіс. Осыған орай биліктің атқарушы тармағының бір бөлігі ретінде Үкімет қаржы саясатын іске асыруға қажетті заңдардың жобаларын жасайды және оларды қарап, қабылдау үшін Президентке тапсырады.

Мезгілінің ұзақтылығына және шешілетін мәселелердің сипатына қарай қаржы саясаты қаржы стратегиясы мен қаржы тактикасы болып бөлінеді.

Қаржы  стратегиясы  экономикалық  және  әлеуметтік  стратегия мен анықталып, перспективаға есептелген және ірі ауқымды міндеттерді шешуді қарастыратын қаржы саясатының ұзақ мерзімді курсы. Ол макроэкономикалық процестер дамуының ұзақ кезеңіне бағытталған, ал оның шеңберіндегі күнделікті міндеттер басты стратегиялық мақсатқа жетудің кезеңдері ретінде жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп, қаржы саясатының мазмұны экономикалық жүйеде қаржыны пайдаланудың стратегиялық бағыттылығымен үнемі анықталып отырады.

Қаржы стратегиясын мемлекет қоғам дамуының ірі тарихи кезеңдеріне үлестіре отырып жасайды. Оны жасау процесінде қаржыны дамытудың негізгі тенденциялары болжанады, оны пайдаланудың тұжырымдары қалыптасады, қаржы қатынастардың ұйымдастырудың қағидаттары белгіленеді. Ұзақ мерзімді мақсаттарды таңдап алу және қаржы саясатында мақсатты бағдарламаларды жасау қаржы ресурстарын экономикалық және әлеуметтік дамудың басты бағыттарында шоғырландыруды қажет етеді.

Зерттеу жұмысының мақсаты қазіргі кездегі қаржы саясатын зерттеу

Зерттеу міндеттері

  • Қаржы саясатының теориялық аспектілерін талдау;
  • Қаржы саясаты түсінігі, мақсаты, мазмұны, міндеттерін ашу;
  • Қаржы саясатының формаларын қарастыру;
  • ҚР қазіргі кездегі қаржы саясатын талдау;
  • Қаржы саясатының қоғамның әлеуметтік дамуына тигізетін ықпалын анықтау;
  • Қаржы саясатының салықтық фискалды саласын талдау;
  • Қазіргі кезде қаржы саясатын жетілдіру жолдарын анықтау

Іздеу