Жаңа ақпараттық технология жағдайында студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру (Автореферат)

Зерттеу нысаны: жоғары оқу орынындағы педагогикалық процесс.

Зерттеу пәні: студенттердің өзіндік жұмысын жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында ұйымдастыру.

Зерттеудің мақсаты: жаңа ақпараттық технологиялар жағдайындағы студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруды теориялық және ғылыми-практикалық тұрғыда негіздеу.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер студенттердің өзіндік жұмыстарын жаңа ақпараттық технология жағдайында ұйымдастырудың мазмұны мен құрылымын және педагогикалық мәнін ашатын құзіреттілік-іс-әрекеттік теориялық тұрғыдағы негізі меңгеріліп, біздің ұсынып отырған құрылымдық-мазмұндық моделі жүзеге асырылса, онда жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастырылған студенттердің өзіндік жұмыстары тиімді болады, өйткені оның педагогикалық шарттары анықталады.

Зерттеудің міндеттері:

  • зерттеу мәселелеріне байланысты шетелдік және отандық ғылыми әдебиеттерді талдау арқылы «студенттердің өзіндік жұмысын қазіргі жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру» ұғымының педагогикалық мәнін нақтылау;
  • жаңа ақпараттық технологияны қолдану барысындағы студенттердің өзіндік жұмысының құрылымдық-мазмұндық моделін жасау;
  • студенттердің жаңа ақпараттық технологиялар арқылы өзіндік жұмысын ұйымдастырудың шарттарын анықтау;
  • бүгінгі әлемдік және отандық тәжірибеде қолданыс тапқан жаңа ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ескере отырып, «Студенттердің өзіндік жұмыстарын электронды интерактивті білім беру қорларының кешені арқылы ұйымдастыру» бағдарламалық жобасын дайындау және оның сапалығын тәжірибелік-эксперимент жүзінде тексерістен өткізу.

Жетекші идея: студенттердің өзіндік жұмыстарын жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру әлеуметті-белсенді, бәсекелесуге барынша қабілетті, құзіретті түрде жетілген, дербес тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: таным теориясы; жүйелілік, тұлғалық-бағдарлық, құзіреттілік-іс-әрекеттік теориялары, интерактивтік оқыту технологиялар теориясы; студенттердің өзіндік жұмыстарына байланысты психологиялық-педагогикалық және ақыл-ой әрекетін қалыптастырудың кезеңдік теориясы, ғылым мен практиканы интеграциялау теориясы, жоғары оқу орындарының тұтас педагогикалық процесс теориясы.

Зерттеу көздері: Білім беру аумағындағы ресми құжаттар мен нормативтік материалдар; зерттеу проблемасы бойынша отандық және шетел (философ, психолог, педагог) ғалымдарының студенттердің өзіндік жұмыстары мен ақпараттандыру саласындағы диссертациялық зерттеу еңбектері; жоғары оқу орындарының мемлекеттік жалпы білім беру стандарты, типтік және жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламалары, техникалық пәндердің оқу-әдістемелік кешендері, компьютерлік оқыту бағдарламалары, педагогикалық және әдістемелік пәндерден оқулықтар мен оқу құралдары; оқытушылардың қазіргі ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жинақтаған озық тәжірибелері және диссертанттың жоғары оқу орындарындағы студенттермен жұмыс істеген 18 жылдық педагогикалық тәжірибелері.

Зерттеу әдістері: теориялық – студенттердің өзіндік жұмысы, ақпараттық технологиялар жөніндегі философиялық, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерді зерделеу және оларға талдау жүргізу; ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастырылған студенттердің өзіндік жұмыстарының сапалық бағалаудың аналитикалық тәсілі; эмпирикалық − техникалық жоғары оқу орындарының өзіндік жұмыс тәжірибесін зерделеу, озат педагогикалық тәжірибені жинақтау және талдау; жеке әңгімелесу, психологиялық-диагностикалық тестілеу, пікірталас, жазбаша сұраққа жауап алу; эксперименттік − тәжірибелік эксперимент жұмыстары; студенттердің өзіндік бағалау, өзін-өзі бақылау әдістері; педагогикалық бақылау және педагогикалық эксперимент өткізу; оны компьютерлік сапалық және сандық талдау; алынған нәтижені көрнекі түрде көрсету қолданылды.

Зерттеудің негізгі кезеңдері. Ғылыми зерттеу бір-бірімен байланысты үш кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде (2002–2003 жж.) зерттеу тақырыбы нақтыланып, студенттердің өзіндік жұмыстары ақпараттық оқыту мәселелері жөніндегі отандық және шетелдік басылымдар, ғылыми әдебиеттер сарапталынды; зерттеу мақсаты, міндеттері, қарама-қайшылықтары айқындалып, «студенттердің өзіндік жұмысын қазіргі жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру» ұғымының мәні ашылып, студенттердің жаңа технологияны қабылдау, анықтау әрекеттерінің тәжірибелік-эксперимент жұмыстары арқылы деңгейлері анықталып, студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды.

Екінші кезеңде (2004–2006 жж.) зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі айқындалып; сол арқылы анықтау және қалыптастыру эксперименттері ұйымдастырылып, ақпараттық технологиялар жағдайындағы студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру барысындағы тәжірибелік-эксперименттік жұмыстары жүргізіліп, оның құрылымдық-мазмұндық моделі құрастырылып, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды; құрастырушы эксперимент болашақ маманның өндіріске барар алдындағы пәнаралық байланыс негізіндегі білімін, іскерлігін, дағдысын жетілдіруді көздеп, оның кәсіби қызметі мен міндетін анықтайтын оқу-өндірістік, технологиялық және диплом алдындағы практикалық жобалау жұмыстарының қорытындылары алынды; сонымен қатар компьютерлік үлгілендіру, жаңа ақпараттық технологияларды оқу процесінде қолдану арқылы студенттердің өзіндік құзіреттілік-іс-әрекеттік тұрғыда ғылыми-әдістемелік бағытта берілетін әдістемелік ұсыныстар жүйеленді; «Студенттердің өзіндік жұмыстарын электронды интерактивті білім беру қорларының кешені арқылы ұйымдастыру» бағдарламалық жобасы дайындалып, жүзеге асырылды.

Үшінші кезеңде (2007–2009 жж.) зерттеу материалдары жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы ұйымдастырылған студенттердің өзіндік жұмыстарының өңделген, толықтырылған бағдарламасы қалыптастыру эксперименті жүзінде жоғары оқу орындары практикасына енгізілді; бақылау мен қорытынды эксперимент жүргізілді; алынған нәтижелер талданып, қорытындыланды; негіздері нақтыланып, тұжырымдар жасалынды; диссертация мазмұны толықтай өңделіп, рәсімделді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық маңызы:

  • шетелдік және отандық ғылыми әдебиеттерді талдау негізінде «студенттердің өзіндік жұмысын қазіргі жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру» ұғымының педагогикалық мәні мен мағынасы нақтыланды;
  • жаңа ақпараттық технологиялар жағдайындағы студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды;
  • студенттердің жаңа ақпараттық технологиялар арқылы өзіндік жұмысын ұйымдастырудың шарттары анықталды;
  • «Студенттердің өзіндік жұмыстарын электронды интерактивті білім беру қорларының кешені арқылы ұйымдастыру» бағдарламалық жобасы дайындалып, оның сапалығы тәжірибелік-эксперимент жұмыстары арқылы дәлелденді.

Зерттеудің практикалық маңыздылығы:

  • «студенттердің өзіндік жұмыстарын электронды интерактивті білім беру қорларының кешені арқылы ұйымдастыру» бағдарламалық жобасы;
  • «студенттердің өзіндік жұмыстарын схематехникалық Elektronics Workbench бағдарламасы негізінде үлгілендіру» курсы;
  • деңгейлік тапсырмалар жүйесі;
  • студенттердің өзіндік жұмыстарынан компьютерлік тестік сұрақтары бар пәннің оқу-әдістемелік кешені;
  • студенттердің өзіндік жұмыстарын «Электротехника» пәні негізінде Elektronics Workbench схематехникалық үлгілендіру бағдарламасын қолдану арқылы жүргізуге арналған әдістемелік құрал мен нұсқаулар дайындалып, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы мен Л.Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль жолдары университетінің оқу үрдістеріне енгізілді.

Қорғауға ұсынылады:

  • «студенттердің өзіндік жұмысын қазіргі жаңа ақпараттық технологиялар негізінде ұйымдастыру» ұғымының педагогикалық мәнін анықтаудың мазмұндық сипаттамасы;
  • жаңа ақпараттық технологиялар жағдайындағы студенттердің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың құрылымдық-мазмұндық моделінің негізделуі;
  • жаңа ақпараттық технологиялар жағдайында техникалық ЖОО студенттерінің өзіндік жұмыстарын ұйымдастырудың шарттарының негізделуі;
  • жаңа ақпараттық технологиялардың құзіреттілік-іс-әрекеттік тұрғыдан техникалық ЖОО 2–3 курс студенттерінің өзіндік жұмыстарына әсерін сипаттауы және оны негіздеуі.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі теориялық және педагогикалық эксперименттік зерттеудің логикалық құрылымымен; зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестігімен; зерттеудің мақсат-міндеттеріне сәйкес зерттеу әдістерін таңдаумен; эксперименталдық мәліметтерді сандық және сапалық талдауда оларды өңдеудің статистикалық әдісін қолданумен, зерттеу нәтижелерінің дәлелді қорытындылануымен қамтамасыз етіледі.

Іздеу