Оқушыларда есте сақтау қабілеттерін дамыту (Курстық жұмыс / Курсовая работа)

Кіріспе 3

1 Ес жөнінде жалпы ұғым мен теориялар 5

1.2 Естің жалпы сипаты мен процестері 11

1.3 Оқушыларда есте сақтау қабілеттерін дамыту 23

Қорытынды 32

Қолданылған әдебиеттер тізімі 34

Қосымшалар 35


Кіріспе

Адам өзінің өмірде көріп, естіп білгендерін, басынан кешіргендерін, түрлі ойлары мен сезімдерін, әрқилы іс-әрекеттерін ұмыта бермейді. Олар баста сақталады, қажет кезінде қайта жаңғыртылады.

Біздің әрбір толғанысымыз, әсерленуіміз бен әрекет қылығымыз санамызда біршама уақыт сақталып, қажетті жағдайларда қайта жаңғыртуға келетін іздер салатыны баршаға мәлім.

Адамның бұрын қабылдаған нәрселері мен құбылыс бейнелерінің, көңіл-күйлерінің ойда сақталып, қажет кезінде қайта жаңғыруы ес процесі болып табылады. Жүйке процесінің уақытша байланыстары негізінде бұрынғы қабылданғандар еске түседі. Естің бұл күйін қайта жаңғыру делінеді. Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының адам миында сақталып, қайтадан жаңғыртылып, танылып, ұмытылуын бейнелейтін процесті ес деп атауға болады.

Естің физиологиялық негіздерін И. П. Павловтың жүйке жүйесінің пластикалық қасиеті туралы ілімімен түсіндіруге болады. Жүйке жүйесінің пластикалылығы түрлі қозулардан қалған әсерлердің қайтадан уақытша байланысқа түсе алу қабілеті. Уақытша байланыстардың тікелей тітіркендіргіштер әсер етпеген жағдайда да мида жасалынуы ойда бұрынғы байланыстардан із қалып отыратындығын көрсетеді. Өйткені адам есінің мимен қалайша байланысты екендігі жөнінде ғылымда әлі нақтылы деректер жоқ. Мәселен, ес құбылысының табиғатын зерттеуші ғалымдардың бір тобы оны мидағы электр құбылыстарымен байланыстырса енді бір зерттеушілер есті мидың нейро - химиясына қарай түсіндіргісі келеді. Соңғы бағыттың өкілдері мидың кейбір клеткаларын бір сыдырғы зерттегенмен естің бүкіл ми массасынан алатын орнын әлі анықтай алмай келеді.

Бір нәрсені еске сақтау-оны байланыстыру деген сөз.

Ес процестерінсіз адам баласы мәдениеттің қандай саласы болмасын қалағанынша меңгере де, жан-жақты жетіле де алмас еді. Ес адамның басқа жан құбылыстарымен де тығыз байланысып жатады.

Алғашқы кездегі ес зерттеулері көбіне саналы іс-әрекетпен байланыстырылды, ал ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ғылыми іздену шеңбері кеңейе түсті, енді талдау аймағына есте сақтаудың жалпы табиғи, адамға да, жануарға да бірдей механизмдері алынды. Бұл тұрғыдан зерттеу жүргізген американ психологы Торндайк жанауарлардағы дағдылардың қалыптасу заңдылықтарын ашып берді.

ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында ес процесін зерттеу жаңа ғылыми формаға еніп, ол И. П. Павлов ашқан шартты рефлекстер әдісімен байланысты болды. Есте қалдыруға ықпал жасаушы жаңа шартты байланыстардың пайда болуы мен олардың сақталу жолдары осы И. П. Павлов жаңалығына орай белгіленді. Бұл кезеңге дейінгі психологиялық зерттеулер естің ең қарапайым процестерімен ғана шектелген еді.

Ал естің ең жоғары, адамға өз өмірінің қалаған кезеңін жадқа түсіріп, оны пайдалануға мүмкіндік туғызатын ырықты және саналы формалары тек философтар тарапынан қарастырылып, олар естің табиғи формаларына қарсы қойылды да, жоғары сананың туындысы деп танылды.

Естің жоғары формаларының жүйелі зерттелуі орыс ғалымы Л. С. Выготский есімімен байланысты. Ол 20 - жылдар аяғында өз шәкірттерімен бірлікте естің жоғары формаларының дамуы жөніндегі мәселені қозғай отырып, олардың әлеуметтік негізге ие психологиялық іс-әрекеттің күрделі түрі екенін алғашқы рет дәлелдеді. Ұлы ғалымның ізбасарлары А. А. Смирнов және П. И. Зинченко естің саналы іс - әрекетпен байланыстылығы жөніндегі жаңа, әрі мәнді заңдарын ашып, есте қалдырудың алға қойылған мақсатқа тәуелді болатынын дәлелдеп - әрі күрделі материалды есте қалдырудың тәсілдерін белгілеп, ұстаз тағлиматын одан әрі толықтырды

Ес адамға өте қажет жан құбылысы. Оның арқасында субъекті жеке басының өмірлік тәжірибесін жинақтап, сақтап, соңғы пайдасына жаратады

Осыдан зерттеу жұмысының терең өзектілігі байқалады.

Зерттеу мақсаты: оқушыларда есте сақтауын зерттеу

Зерттеу міндеттері:

  • Ес жөнінде жалпы ұғым мен теорияларды зерттеу;
  • Естің жалпы сипаты мен процестерін анықтау;
  • Оқушыларда есте сақтау қабілеттерін дамыту ерекшеліктерін көрсету.

Зерттеу объектісі мектеп оқушылары

Зерттеу пәні оқушылардың есте сақтаумен байланысты психикалық процесстер мен құбылыстар

Зерттеу болжамы: ес адамның түрлі мәдениет салаларын, табиғат заңдылықтарын, тарихи жағдайларды жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік береді, яғни өмірден тәжірибеленеді. Егер біздің өткен өмірімізде алынған мәліметтер есте сақталмаса, өмір сүру де мүмкін болмас еді.

Іздеу