Жер құқығы түсінігі (Реферат)

Кіріспе 3
1 Жер құқығы түсінігі 4
2 Жер құқығының жүйесі 8
3 Жер құқығының қағидалары 10
4 Жер құқығының әдістері 13
Қорытынды 16
Қолданылған әдебиеттер тізімі 17


Кіріспе

Қазақстан Республикасының жер құқығы дербес құқық саласы ретінде КСРО-ның ыдырауымен Қазақстан Республикасы егемендікке ие болғаннан кейін қалыптасты. Ол жай «бос жерде» пайда болған жоқ. Қазақстан Республикасының жер құқығы Қазақ КСР жер құқығының жалғасы болып табылады, бұл құқық КСРО жеріне айрықша құқық негізінде қалыптасқан жер қатынастарының кешенін реттеді. Аталған құқықтық қатынастардың сипаты мен мазмұны қазіргіге қарағанда басқаша болды, сол себепті де, олар Қазақстан Республикасы Конституциясының қағидалары мен нарықтық экономиканың жаңа жағдайларына сәйкес келмеді.

Қазақстан Республикасында жер реформасын жүзеге асыру — жерге айрықша мемлекеттік меншікті жою, жер учаскелеріне жеке меншікті орнықтыру, жерді сату-сатып алуды, жер нарығын, ипотеканы дамыту және басқа да шаралар жаңа жер қатынастарының пайда болуына және жер туралы заңнаманың міндеттерінің өзгеруіне алып келді. Осылай, Қазақстан Республикасының жер құқығы заң білімдерін беретін жоғарғы оқу орындарында дербес құқық саласы ретінде оқытылуға міндетті жаңа оқу пәніне айналды. Оның пәні болып жерге меншік құқығына, жерді табиғи ресурс ретінде пайдалануға, оны басқару мен қорғауға қатысты туындайтын жер қатынастарының кешені сақталды.

Алайда, жаңа жер реформасын жүзеге асыру жер қатынастарының мүліктік сипатын жоймады, керісінше, оның мемлекет байлықтарын табиғи ресурс ретінде ұтымды пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтті. Мүліктік емес сипаттағы жер қатынастары да өз ерекшеліктерін жоғалтпады, қоғамдық қатынастардың бұл саласы да сақталып қалды және олар болашақта одан әрі дамып, бұрынғы жер қатынастарына, сабақтас құқық салаларына, соның ішінде, азаматтық құқықтың жер-мүліктік қатынастарына қарағанда өзінің ерекше сипаттары мен айрықша ерекшеліктеріне ие болады.

Егер бұрында жер қатынастарының мүліктік сипаты жерге айрықша мемлекеттік меншікпен шектелсе, бұл ереженің жойылуымен жер-мүліктік құқықтық қатынастарының ауқымы кеңейді. Және соған қарамастан, ол өзінің табиғатпен және табиғи ортамен байланысын жоғалтпады. Жер-мүліктік қатынастарының басқа мүліктік қатынастардан басты айырмашылығы осында.

Жер құқығы өз пәні шегінде барлық жер қатынастарын реттейді, жер нарығын қалыптастыруға, реттеуге және нарықтық жер құқығы қатынастарын одан әрі де дамытуға белсенді түрде қатыса алады. Бұл мақсатта ол нақты құқықтық негіз бен жалпы мемлекеттік деңгейдегі қайнар көздерге ие. Оларда нарықтық экономика жағдайында қазіргі кезгі жер қатынастарының дамуына шын мәнінде әсер етуге қабілетті, кез келген жағынан алғанда салыстырмалы түрде жаңа жер құқығы саласының ұйымдастырушылық-нормативтік алғышарттары көрініс тапқан.

Республикада жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңінде жер туралы заңнаманың одан әрі де жылдам қарқынмен дамып, өзгеруі заңды құбылыс. Бұл даму бағыттары мен өзгерістер жер-құқықтық нормалардың әрекетін күшейте түсетіні сөзсіз. Қазақстан Республикасының жаңа Жер кодексін қабылдау жер қатынастарын реттеудің ерекше орнын сақтап қалды. Сол себепті де, мемлекеттің жер ресурстарын қорғау және ұтымды пайдалану мемлекет қызметінің айрықша бағыты болған және солай болады да. Бұл Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясының саяси-құқықтық ережелеріне және республиканың алға қойған міндеттеріне сай келеді.

Мысалы, азаматтық және тұрғын үй құқығы жылжымайтын мүлікке, соның ішінде, бірнеше пәтер немесе тұрмыстық емес бөлмелерден тұрған үйдің жер учаскелеріне меншіктің ерекше нысанын көздейді (кондоминиум). 1994 жылғы 11-қарашадағы «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» заңда жер құқығы қатынастарына, соның ішінде, Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін берудің жариялылығына, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының Қазақстан Республикасының аумағында Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу құқығына  бес бап арналған. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 23-желтоқсандағы «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Жарлығымен жылжымайтын мүлікке меншік құқығын жүзеге асырудың бір нысаны (соның ішінде, жер учаскесін кепілге беру) реттеледі. 1997 жылғы 19-маусымдағы «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңмен жеке кәсіпкердің ұсақ саудамен айналысу үшін ортақ пайдалыныстағы жерлер мен басқа да тыйым салынбаған жерлерді пайдалану құқығы көзделген. Сондықтан, Қазақстан Республикасының жер құқығын терең меңгеру үшін оқу құралында және оның қосымшаларында көрсетіліп өткен ұсынылған әдебиеттерді, заңшығарушылық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді пайдалану қажет.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамананың даму бағыты мен оның жетілдіру заңдылықтарын ескере отырып, жер құқығы мен сабақтас құқық салаларының құқықтық нормаларындағы өзгерістерге көңіл бөліп, оларды пайдалануға ерекше ден қою қажет.

Жұмыстың мақсаты: жер құқығының негіздерін зерттеу

Міндеттері:

  • Жер құқығы түсінігіне сипаттама беру;
  • Жер құқығының жүйесіне талдау жасау;
  • Жер құқығының қағидаларын зерттеу;
  • Жер құқығының әдістерін анықтау.

Іздеу