Қылмыс түсінігі, құрамы (Курстық жұмыс / Курсовая работа)

Кіріспе 3
1 Қылмыстың теориялық аспектілері 5
1.1 Қылмыс түсінігі 5
1.2 Қылмыс құрамы 7
2 Қылмысқа қатысудың құқықтық реттелуі 16
2.1 Қылмысқа қатысу түсінігі 16
2.2 Қылмысқа қатысудың деңгейлері 17
3 Қылмыс үшін жазаларды қолданылуы ерекшеліктері 22
Қорытынды 32
Қолданылған әдебиеттер тізімі 35


Кіріспе 

Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқықтық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу – қылмыстық заңдардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.

Адамның құқыққа қайшы мінез-құлқы белсенді әрекет күйінде немесе әрекетсіздік күйінде болуы мүмкін. Бұл жерде әрекет дегеніміз адамның қылмыстық заң тыйым салған нәрселерді істеуі, ал әрекетсіздік дегеніміз адамның заң, нормативтік акттер, нұсқаулар немесе арнайы жарлықтар, бұйрықтар бойынша жүктелген міндетін орындамауы болып табылады. Адамның қылмысқа қайшы немесе оған қайшы емес мінез-құлқы оның ойлау жүйелері арқылы, содан соң белгілі бір іс-әрекеттер арқылы көрініс береді. Ондай нақты іс-әрекеттер арқылы көрініс таппаған, жүзеге аспаған ойлар, пікірлер соншалықты қатерлі болғанына қарамастан, қылмыс болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асырылмаған адамның ниет-мақсаттары қоғамға қауіп туғызбайтындықтан, қылмыстық құқық реттеу саласына жатпайды. Қылмыстық құқығы ғылымында бұл мәселе туралы бірауыздан осылай тұжырым жасалған.

Қылмыс құқықтық құбылыс ретінде осы құбылыстың мәнді жақтарын бейнелейтін белгілі бір белгілермен сипатталады. Қолданылып жүрген қылмыстық заңға сәйкес қылмыстың түсінігі заңның өзінде көрсетіледі.

Бұрынғы кеңестік жүйеде қылмыстың ұғымы алғаш рет 1919-жылы РСФСР-дің Қылмыстық құқық жөніндегі басшылық негіздерінде (5-бабында): «Қылмыстық құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастар тәртібін бұзушылық қылмыс деп аталады» делінген. РСФСР-дің 1922-жылғы Қылмыстық кодексінде «Қылмыс дегеніміз кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік» деген ұғыммен тұжырымдалады.

1924 – жылы КСРО және одақтас республикалардың қылмыстық заңдарының негізгі бастамаларында қылмыс ұғымына арналған бап болған жоқ. 1926-жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінде «қылмыс дегеніміз қоғамға қауіпті іс-әрекет» деп көрсетіледі (1-бабында). Бұл жерде кеңестік құрылысқа немесе құқық тәртібіне бағытталған әрекет немесе әрекетсіздік қоғамға қауіпті деп жарияланды. КСРО және одақтас республикалардың 1958-жылғы қылмыстық заңдарының негіздерінде «Қылмыстық заңда көзделген, оның саяси, экономикалық жүйелеріне, социалистік меншігіне, азаматтардың жеке меншігіне, азаматтардың жеке басына, саяси, еңбек, мүліктік және басқа да құқықтары мен бостандықтарына қиянат жасайтын қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ социалистік құқық тәртібіне қиянат жасайтын қылмыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік)» делінген. Дәл осындай анықтама бұрынғы Одаққа кірген барлық республикалардың, оның ішінде 1959-жылы 22-шілдеде қабылданған Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде де берілді (7-бабында). 1997-жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды. Осы кодексте өмірімізде, қоғамда орын алған елеулі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге сәйкес қылмыстың анықтамасы берілген. Онда «жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады» делінген (9-бабында). Осы анықтамадан қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік, жазаланушылық қылмыстың белгілері екендігі көрініп тұр.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекелеген қылмыс құрамдары арнайы көрсетілген. Қылмыстық құқықта қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс-әрекет істеуді құқыққа қайшылық деп атау керек.

1960-жылға дейінгі қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша, яғни қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995-жылғы жаңа Конституциясында осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастық бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.

Курстық жұмыстың мақсаты қылмыс ұғымын зерттеу

Жұмыстың мақсатына сай келесі міндеттер анықталды

  • Қылмыстың теориялық аспектілерін ашу;
  • Қылмыс түсінігіне сипаттама беру;
  • Қылмыс құрамына анықтама жасау;
  • Қылмысқа қатысудың құқықтық реттелуін саралау;
  • Қылмысқа қатысу түсінігін ашу;
  • Қылмысқа қатысудың деңгейлерін анықтау;
  • Қылмыс үшін жазаларды қолданылуы ерекшеліктерін зерттеу

Іздеу